Басқы бет / «Сақшы» газеті / Әріптес келбеті / Отаншылдық – өмірдің мәні

Отаншылдық – өмірдің мәні

Темір жол тасымалы – толағай міндетке толы қызмет. Шойын жол – әр мемлекеттің басты күретамыры. Осы жолдар арқылы күніне қаншама тауар тасылып, еліміздің бойына қан жүгіреді. Темір жол саласында әскери тасымал ұйымдастыру ісі де үлкен жауапкершілікті қажет ететін іс. Бұл міндетті атқарушылар – көбіне-көп көзге де түсе бермейтін, бірақ, ауқымды жұмыстардың басы-қасында жүрген ерен еңбектің адамдары. Тақырыпқа орай, жақында біз Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының арнайы және әскери темір жол тасымалы бөлімінің бастығы, подполковник Павел Фещенкомен сұхбаттасқан болатынбыз.

– Павел Николаевич, сіздің қазақ тілін білуге деген ұмтылсыңыз көп әріптестеріңізге үлгі. Қазақ тілінде аз-аздап тіл сындара бастапсыз…

– Әрине, оған таңырқайтын ештеңе жоқ. Менің елім Қазақстан – туған Отаным, кіндік қаным тамған жер. Арғы аталарым сонау украин жерінен Ұлы далаға табан тіреген. Бастан кешпеген қиыншылықтары жоқ, оның бәрін естігенде төбе шашыңыз тік тұрады. Ал мұнда келген соң дархан жүректі қазақ ұлты бауырына басқан. Осылай, біздің қазақ жұртынан көрген жақсылығымыз ұрпақтан-ұрпаққа айтылып келеді. Біз оны мәңгі есте сақтаймыз. Ал қазақ тілін мен жетік меңгеруге күн санап талпынып келемін. Таза сөйлеп, жаза білсем деген мақсатым бар.

– Халқымызда «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген сөз бар. Сіз өткен жылы қауіпті қылмыскерді ауыздықтап, адам өлімін болдырмай, үлкен ерлік іс жасапсыз. Осы оқиғаны еске ала кетсеңіз…

– Жалпы, өзім артық мақтауды, шексіз құрмет дегенді жақтыра бермейтін жанмын. «Отан қорғаушы» деген мамандықты алып жүргендіктен, осы саладағы әр азамат елді, жерді кез келген жамандық, кесапаттан қорғауға әрдайым дайын болуы керек. Өйткені, ол – оның әуелгі міндеті. Мен өзімді «ерлік жасадым» деп айта алмаймын.

Өмірімде екі рет осындай оқыс оқиғаға тап болғаным рас. Оның бірі былай болды. Біз отбасында екі баламыз, менен үлкен әпкем бар, ол тұрмыста. Өткен жылы демалыс күндердің бірінде хал-жағдайларын білмекке әпке-жездемнің үйіне барғам. Олар Алматының Түркісіб ауданында тұратын. Әпкемнің үйіне жете бергенде көрші үйдің жанына көп адамның жиналып тұрғанын аңғардым. Жедел жәрдем және полиция көліктері де келіпті. Мұнда бір жамандықтың болғанын сездім. Көңілім алдамапты. Сұрастырсам, үйдің қожайынын белгісіз біреулер тапа-тал түсте бауыздап кетіпті. Бірақ, қылмыскер табылмаған. Іздейтін айғақ таба алмай, полиция қызметкерлері дағдырып тұр екен.

Уақыт өткен сайын қылмыскердің ізін суытып үлгеретінін ойлап, іш қазандай қайнап тұр. «Ұрыста тұрыс жоқ» демей ме, мен де өзімше іздеуге кірісіп кеттім. Әуелі сол маңдағы ішкілікке салынып, қаңғыбас болып жүрген бірнеше адамға жолығып көрдім. Жалпы, мұндайлардың көбіне өз мекендеріндегі қылмыстарға кімнің қатысы бар-жоғы жайлы «криминалдық өсекті» жеткізіп отыратындар болып табылатыны жасырын емес. Мен солардың біреумен сөйлесе отырып, оқиғадан бір күн бұрын бәленбай деген рецидивистің осыдан бір күн бұрын кісі қолынан қаза болған адаммен бірге жүргенін көргенін естідім. Ақыры осы ақпараттың ақырына жетуге тырыстым. Полицияның жедел уәкілдерін алып, әлгі азаматтың тұратын жерін іздеп таптық. Ол да бізді тосып отыр екен. «Кісі өлтіргенім үшін полиция мені қашан іздеп келеді деп отыр едім…», – деп барлық болған жайтты мойындады.

Енді бір оқиға, өзіңіз айтқандай, былтыр орын алды. Демалыс күні болатын. Үйге қарамағымдағы әріптесім, майор Исмайл Қадыров келген. Күн екінтіге ауып бара жатқан мезгіл. Аулада отыр едік. Сырттан «құтқарыңдар, көмектесіңдер, өлтіреді» деген шу шықты. Біз Исмайл екеуміз көшеге жүгіре шықсақ, тура үйімізге таяу тұста алқына жүгіре жеткен орта жастағы азаматты көрдік. Үсті-басы қып-қызыл қанға боялған, бет-жүзі көкала қойдай, күп болып ісіп кетіпті. Біз басында абдырап қалдық. Артынан жылдам ес жиып, екі жақтап не болғанын сұрадық. Ол да жыларман болып, көшенің арғы жақтағы қиылысын көрсете берді. «Мені өлтірмек болды, әрең құтылып шықтым. Олардың қолдарында пышақтары бар. Қазір мені іздеп артымнан келе жатыр. Көмектесіңіздер, құтқарыңыздар», – дей берді.

Содан көше бойлап жүрдік. Бұрылысқа жеткен кезде екі адам жүгіріп келеді екен. Қарасақ, қолдарында – пышақ. Қарайтын түрі жоқ, алға екпіндеп тұр. «Пышақтарыңды тастаңдар!» дегенімізге қарамай, бізге қарсы пышақтарын шолжаңдатып тап берді. Осы тұста менің де, Исмайлдың да жастайымыздан спортпен айналысқанымыздың септігі тиді. Аңысын аңдып, жекпе-жектің әдіс-тәсілдерін пайдаланып, ақырында екеуін де жерге жығып, қарусыздандырып, полиция қызметкерлерін шақырдық.

Барлық «ерлігіміз» осы. Бізді құрметтеп, кеудемізге «Ерлігі үшін» медалін таққан басшылығымызға үлкен рахметімізді айтамыз.

– Иә, Павел, бұл – сіздің нағыз батырға тән әрекетіңіз. Әйтпесе, қарулы қылмыскермен алысуға кез келгеннің батылы жетпес. Енді жұмыс жағдайларыңызға көшсек. Қызметтеріңіз қалай, қандай өзіндік ерекшелігі, талап, міндеттері бар, бөлісе отырсаңыз?

– Қызметіме келер болсақ, біздің міндеттеріміз тікелей темір жолмен байланысты. Өздеріңіз білетіндей, еліміз мұхитқа шығар жолы жоқ, құрлықішілік тасымалға ие. Сондықтан да бүкіл елдегі тасымал негізінен пойызбен және көлік жолдарымен атқарылады. Оның ішінде темір жолдың жүк тасымалындағы үлесі – 73 пайызға дейін. Біз осы көлік түрінде арнайы және әскери тасымалды үйлестіреміз. Біздің қызметке еліміздегі кез келген мекеме арнайы тапсырыс беру арқылы жүгінеді.

Мәселен, Шекара қызметі өздерінің құрылымдық бөлімшелеріне әртүрлі жүктерді жеткізуді, ал Ұлттық банк валюта тасымалын ұйымдастыруға тапсырыстар беріп жатады. Көріп отырғандарыңыздай, біздің жүк тасымалына артылған жауапкершілік өте зор. Одан басқа да, адамдарды темір жол арқылы тиісті жерге жеткізу, әскери техника, Қарулы Күштерімізге қатысты кез келген тасымал ісін біз атқармыз.

2009 жылға дейін Ішкі істер министрлігінің құрамында болдық. Сол жылдан бастап біздің қызмет бүгінгі Ұлттық ұлан құрамына енгізілді. Бұл – жұмыстың тиімділігі үшін ведомствоаралық жүргізілген реформа болып табылды.

– Отан үшін от кешер әскери азаматтарымызбен әңгімелескенімде, «Патриотизм деген не, оны қалай түсінесіз?» деген сұрақты жиі қоямын. Қазір сол сұрақты сізге де қойғым келіп отыр…

– «Отансыз адам – ормансыз бұлбұл» деген нақыл тегін айтылмаса керек. Патриотизм – елдікті, мемлекеттілікті саналы түрде сезіну. Мәселен, кез келген адамның өзі туып-өскен жеріне бауыр басуы, мемлекеттік тілін толық меңгеріп, оған құрметпен қарауы, өз Отанының мүддесін ойлауы, туған жеріне деген адалдық пен азаматтық сезімдер, өз елінің саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени саладағы жетістіктерін мақтан ету, өз Отанының бостандығы мен тәуелсіздігін қорғау, ата-бабалары мен елінің тарихына құрметпен қарау, сондай-ақ, өзінің табанақы, маңдай терін туған елінің гүлденуіне арнау… осының барлығы қазақстандық патриотизм деген ұғымының ішіне сыяды. Яғни, бұны өмірдің мәні деп білемін. Менің ойымдағы патриотизм – осы.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен майор Арман ӘУБӘКІРОВ,

Алматы қаласы

Сондай-ақ, оқыңыз

Әділет генерал-майоры Мейрам АЮБАЕВ: Мекемелерде дәрігер мамандар жетіспей тұр

Еліміздегі түзеу мекемелері мен уақытша ұстау изоляторларының жұмысын үйлестіріп, қадағалайтын қылмыстық атқару жүйесі – Ішкі …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған