Басқы бет / «Сақшы» газеті / Әріптес келбеті / Жас полицейдің жарқын арманы

Жас полицейдің жарқын арманы

Қазақстан дербес мемлекет болып, тәуелсіздігін жариялаған сәттен бастап, оның тыныштығын қорғау – әрбір азаматтың басты парызы. Осы жауапты жолда «тәртіп сақшысы» деген мәртебелі мамандықты таңдаған жастар да елінің алдындағы борышын сезінетіні сөзсіз. Қоғамдағы тәртіп пен тыныштықтың күзетшісі болып жүрген сол жас полицейлердің бірі – Наурызбай Сәндібеков.

Ол 1992 жылы 19 наурызда Қостанай облысы, Арқалық қаласында дүниеге келген. 2013 жылы Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтын «Туризм және спорт» мамандығы бойынша аяқтады. 2013 жылы Қарағанды қаласындағы «65-05» ішкі әскер бөліміне әскер қатарына шақырылып, азаматтық борышын абыроймен өтеді. Бала күнінен осы салада еңбек етіп жүрген жандарға қызығып өскен Наурызбай, 2015 жылы Астана қалалық Ішкі істер департаментінің жол-патрульдік полкінде полицей болып қызметке орналасады. Содан бергі аралықтағы қысқа уақыттың ішінде үлгілі тәртібі мен адал қызметі үшін марапаттарға да ие болып үлгерген.

«Әрбір тапсырма мен жұмысты уақытында аяқтасаң, өзіңнің жұмысың да өнеді, басшылықтың да сенімінен шығасың. Бүгінгі жұмысты ертеңге қалдырмай орындау – менің өмірлік қағидаларымның бірі. Әрбір қолын созған жанға көмек көрсету – тәртіп сақшысының парызы. Бірақ, осы саланы игере алмай, басқа қызметтерге кетіп жатқан жас мамандар жеткілікті. Бұл – бүгінгі таңдағы ащы болса да шындық. Себебі, күніне шамамен 14-15 сағат жұмыс атқарамыз, жұмыстың қиындығы тағы бар. Түнгі қызметте жұмыс атқарғандықтан, әртүрлі оқиғаға кезігеміз. Тәртіп бұзу, бұзақылық, жол бойындағы бақытсыз жағдайлар, т.б.

Тәлімгерім, аға лейтенант Нұрғали Ашировтың берген бағыт-бағдарымен қандай қиын, күрделі жағдай болмасын, дұрыс шешімін тауып, жұмыс атқарып келемін. Осы уақытқа дейін қызмет барысында маған ешқандай сөгіс жарияланған емес. Ол да бір шағын жетістік деп білемін», – дейді кіші сержант Наурызбай Сәндібеков. Сондай-ақ, сұхбат соңында: «Биыл Қазақстан полициясына 25 жыл толып отыр. Бұл да бір тарихи сәт, маңызды кезең. Барлық әріптестерімді осы айтулы мерейтоймен құттықтаймын!», – деді тәртіп сақшысы.

Әрқашан да алға қойған бағыттан қайтпауды өмірлік ұстаным ететін кіші сержант өмірде өз әкесін үлгі тұтады. Болашақта өз саласын әрі қарай жаңашылдық тұрғысынан меңгергісі келетін Наурызбайдың ендігі мақсаты – жасампаз Қазақстанның әрі қарай өркендеуіне өз үлесін қосу және отбасын құру.

Ақжан РҮСТЕМБЕКҚЫЗЫ

Сондай-ақ, оқыңыз

Астанадағы әскери ант

Астана қаласындағы «Отан-Ана» Отан қорғаушылар алаңында Ұлттық ұлан 3660 әскери бөлімінің 80 жас шақырылым жауынгерлері …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған