Басқы бет / «Сақшы» газеті / Әріптес келбеті / Еңселі ердің елдік мұраты

Еңселі ердің елдік мұраты

Тәртіп сақшыларының қиын да күрделі қызметін абыроймен атқара білуі үлкен жауапкершілікті талап ететіні сөзсіз. Темірдей тәртіпті сақтап, ел тыныштығын қорғау жолында аянбай еңбек етуде полиция қызметкерлеріне жүктелер міндет зор.

Себебі, олар өздерінің денсаулықтары мен күшін аямай, халқымыздың бейбіт тыныштығын сақтау жолында тер төгуде. Қазіргі таңда қызметінің қыр-сырын жетік меңгеріп, ілкімді істерімен, адамдық болмысымен әріптестер арасында аянбай еңбек етіп келе жатқан азаматтарымыз аз емес. Түрлі қылмыстарды ашып, қызмет көрсету аумағында құқықтық тәртіп пен тыныштықтың сақталуына өз сүбелі еңбегін қосатын учаскелік полиция инспекторы көмекшілерінің еңбегін ерекше атап өту қажет. Солардың қатарында Қарағанды облыстық ІІД Бұқар жырау аудандық Ішкі істер басқармасының Жергілікті полиция қызметі учаскелік полиция инспекторының көмекшісі, полиция лейтенанты Бекежан Мәдетұлы да бар. «Қызметім – өмірім» деп білетін Бекежанның ішкі істер органдарында қызмет атқарып жүргеніне 6 жыл болды.

Бекежан Мәдетұлы 1993 жылы қазанның 6-сында Қарағанды облысының Абай қаласында дүниеге келген. Мектеп бітірген соң, Отан алдындағы борышын өтеу үшін өмірін қоғамдық тәртіп күзетіне арнау мақсатында Ішкі істер министрлігінің Қарағандыдағы Б. Бейсенов атындағы Академиясына құқық қорғау мамандығына қабылданады.

Оқуды сәтті тәмамдағаннан кейін, 2011 жылы ішкі істер органдарында еңбек жолын бастайды. Учаскелік полиция инспекторының көмекшісі болып еңбек етіп, өз әріптестеріне сыйлы, еңбегінің жемісті нәтижесінің арқасында беделді қызметкер атанды. Жинаған білім мен біліктілігі нәтижесінде абыройы артты. Аудан көлеміндегі криминогендік ахуалдың барлығы осы Бекежанның назарында. Ауылдық жер болған соң, орын алған қылмыстарға жедел әрекет етіп, жағдайдың ушықпауын қадағалап, жергілікті халықпен етене қарым-қатынаста жұмыс істеу – басты міндеті. Қылмыскерді құрықтау, заң үстемдігін ұлықтау – бұлжымас қағидасы. Жігерлі де жалын жүректі Бекежан – антына адал, сертіне берік.

Міне, халқымыз «ер – еңбегімен еңселі» дегенді осындай талапты ұлдарына қарап айтса керек. Ендеше, еңсесі биік азаматтарымыз аман болып, еліне еңбегі сіңе бергей!

Қуаныш МЕДЕУБАЕВ, Қарағанды облысы

Сондай-ақ, оқыңыз

Астанадағы әскери ант

Астана қаласындағы «Отан-Ана» Отан қорғаушылар алаңында Ұлттық ұлан 3660 әскери бөлімінің 80 жас шақырылым жауынгерлері …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған