Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қызмет / Әуелгі міндет – әлеуметтік тепе-теңдікті сақтау

Әуелгі міндет – әлеуметтік тепе-теңдікті сақтау

«Бас бостандығынан айыру жазасы не мақсатта қолданылуы керек?» деген сұраққа көпшіліктің пікірі – егерде адам қылмыс жасаса, оны міндетті түрде қоғамнан оқшауландыру, яғни, жазаға тарту керек дегенге саяды. Бірақ, кейбір жағдайларда бас бостандығынан айыру жәбірленуші тарапқа, сотталғанның жақындары мен өзіне қолайсыздықтар туғызатыны көпті толғандырмайды.

Жаза мерзімі ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір күні бітетіні баршаға мәлім. Бірақ, жәбірленуші тарап қанағаттана ма, жоқ па, бұл сұрақ өз қалпында қала бермек. Ал қылмыскердің бостандыққа шығысымен қылмыстық жолға түспей, заң шеңберінде өмір сүруіне кім кепіл? Бұл сұрақ та жауапсыз. Бірақ, бас бостандығынан айырумен байланысты жазаның толыққанды орындалуын қамтамасыз ету керек. Өйткені, қылмыстық деңгейдің белгіленген мөлшерден асып кету мүмкіндігі туады.

Соңғы уақытта меншікке қарсы қылмыстың аяғы көрінбей созылуда, соның ішінде «ұрлық», «алаяқтық», «тонау», «қарақшылық» және т.б. көп. Сондықтан да қылмыскерді қамауға алып, сотпен жаза мерзімі тағайындалғаннан кейін әлеуметтік тепе-теңдікті орнату, яғни, қылмыспен келтірген материалдық шығынның орнын толтыру туралы сұрақтың шешімін табу керек. Көп жағдайда қылмыскер тапқан пайдасын қылмыстық іс-әрекеттің әшкереленбей тұрған алғашқы күндерінде ғана құртып жібереді, ал мүлікті заңды иесіне қайтару көп жағдайда қиындық туғызады. Сондай-ақ, қылмыскерлерде жылжымалы немесе жылжымайтын мүліктің жоқтығы айқын. Бұл – сот үкіміне сай, қылмыспен келтіріліген залалдың орнын толтыру сұрақтарының шешімі мемлекеттің мойнына ілінеді деген сөз.

Сондықтан да ҚАЖ мекемелерінде сотталғандарды еңбекпен қамту үшін бос жұмыс орындары ашылуда. Соның нәтижесінде, сотталғандардың өз отбасына көмек беруге және қылмыспен келтірген залалдың орнын толтыруға мүмкіндік жасалған.

Қазіргі уақытта орташа есеппен алған кезде сотталғандардың жалақы мөлшері небәрі 30 мың теңгенің төңірегін құрайды, ал заңнамаға сәйкес, қарызын ұстап қалу мөлшері жалақының 50 пайызынан аспауы тиіс. Бұл ретте шығын көлемінің миллиондаған сомасының орнын толтыру үшін көптеген жылдар қажет. Мұндай жайт жәбірленушіге де, сотталушыға да ешбір пайда алып келмейтіні белгілі. Сонымен қатар, мемлекет бюджетінен сотталғанның жағдайын жақсарту үшін қыруар қаржы жұмсалуда. Экономикалық тұрғыдан қарағанда, қайта тәрбиелеуге жеткілікті уақытты өтеген, тәрбиелік курстардан және психотүзету бағдарламаларынан толық өткен, жалпы орта және кәсіби білім алып, мамандық иесі атанған және түзелгендігін дәлелдеген сотталған азаматты мемлекет қалтасынан қамтамасыз ету елімізге пайдасыз болады. Осындайда алдыңғы орынға әлеуметтік тепе-теңдіктің, яғни, қылмыспен келтірген залалдың орнын толтырудың қамтамасыз етілуіне және қылмыстың қайталануының алдын алу үшін сотталғанның толыққанды қайта әлеуметтенуіне жағдай жасау керек.

Келесі қадам ретінде сотталғандардың қылмыспен келтірген залалдың орнын барынша тезірек толтыруы үшін ҚАК-нің 96-бабын басшылыққа ала отырып, сотталғанды қауіпсіздігі барынша төмен мекемеге ауыстыру мүмкіндігі көзделген. Қоғамнан оқшаулана тұра, сотталған азаматтың жалақысы жоғары жұмысқа орналасуы және қылмыспен келтірген шығынның орнын жоғары көлемде толтыруына мүмкіндік туады.

Сотталған қауіпсіздігі барынша төмен мекемеге ауысу үшін, өтініш хатты ұсынған кезде сотталған жаза мерзімінің заңмен белгіленген бөлігін өтеуі керек, сотталғанның «2+» оң дәрежелі мінез-құлық деңгейі анықталуы қажет, жазаны жеңілдетілген жағдайда өтеп жатқандығы, оған қоса, ҚАЖ мекемесінің әкімшілігі қызметкерлерінен ұсынылған өтініш хаттың дұрыстығын растайтын оң мінездеме алуға тиіс. Соңында өтініш хатты сот қанағаттандырса, ол мемлекет есебінен сотталғанның қайта тәрбиеленуі мен түзелуіне кеткен шығынның зая еместігінің дәлелі болмақ. Ал сотталғандарды қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде ұстау – әлеуметтік тепе-теңдіктің орнауы және сотталғанды бостандықтағы өмірге заң шеңберінде өмір сүруге дағдыланған азамат ретінде оралту болып табылады.

А. Кашенов,

Павлодар облысы бойынша ҚАЖД

АП-162/2 мекемесінің бастығы, әділет майоры

Сондай-ақ, оқыңыз

Асықпаған «алпыспен» қоян алады

Астана қаласында көліктер саны жыл санап емес, күн санап көбейіп жатыр. Соның салдарынан жол-көлік апаттары …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған