Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қызмет / Заманауи сипаттағы Затон полициясы

Заманауи сипаттағы Затон полициясы

Затон. Бұл сөзді Семейден еш бөліп алып қарай алмайсың. Семейліктер үшін де, Абай елін көргісі келген кез келген мейман үшін де Затон – өте таныс атау, таныс сөз. Барша қазақ үшін ұлы Абайдың кіндік қаны тамып, шілдесі сөгілген Шыңғыстау, Қарауыл қандай ыстық болса, Затон семейліктер мен қарқаралылықтар үшін сондай сүйкімді.

 Тарихы оның тереңде

Затон – Семейді о жақ, бұ жақпен байланыстырып тұрған кеме айлағы. Мұнда кезінде сол заманның өзіне лайық кеме жөндейтін шеберхана да болған. Балықшылар кенті деп те атайды мұны. Қысқасы, қым-қуыт тірлік. Бұл жерді ұлы Абайдың табаны да талай басқан. Естеріңізде болса, Мұхтар Әуезовтің әйгілі «Абай жолы» трилогиясында баласы Әбіш екеуі осы Затоннан паромға мініп өтіп, оны қаланың шет жағындағы татар Ғабдолла молданың үйіне жатқызып оқытатыны бар еді ғой. Сол Затон – міне, осы Затон! Кеме құрастыру, жөндеу сияқты жұмыстар жасалғандықтан, ол өндірісті орталық деп бағаланған. Өндірісі бар жердің өз заңдылығы бар. Әлімсақтан жұмысшылар тәртіпті талап еткен ғой. Семей жерінде ішкі істер ғимаратының бірінші болып Затонда (түрмесі де болған) салынуы да сондықтан. Өткен ғасырдан талай сыр шерткен сол Затон таяуда ғана жаңа заманға лайық ғимаратқа ие болды.

 

25 жылдықтың сыйы – жарқыраған ғимарат

100 мыңға жуық тұрғыны бар Затон кентінің полиция бөлімшесі орналасқан үй күні кешеге дейін жылдар бойғы табиғат әсерінен жербауырлап, табаны батпаққа батып бара жатқан еді. Сыздан көгерген қабырғалар шұғыл шара қабылдауды талап етіп тұрғандай болатын. Оның басын қайырып тастауға алдын кес-кестеген бюрократиялық-қағазбастылық кедергілер мұрша бере қоймады. «Ішкі істер министрінің жігерлі шешімі болмағанда, әлі де солай жүре берер ме едік, кім білген? Оның министрлік балансындағы Семей заң колледжі ғимаратын өз бұйрығымен Затон полициясы бөліміне бергізіп, жөндетіп, Қазақстан полициясының 25 жылдығына пайдалануға тапсырылуын семейлік құқық қорғаушылар жақсы ырымға балады. Бұл көп мәселені шешіп кетті. Бұрын бірнеше қызметкер, не болмаса, тұтас бөлімдер ұйлығып отыратын қолаңса аңқыған тар бөлмелер кешегі күннің еншісінде қалды. Іс жүргізіп, хаттама толтыру үшін үстел кезегінде тұратындар қазір жеке бөлмелерін өздері кілттеп кете беретін жағдайға жетті. Кең де жарық дәліздерге күн шуағы сауылдай құйылғандықтан, аумақты жердің ауасы да мол. «Ине-жіптен жаңа шыққан» ғимараттың керек-жарағы да су жаңа. Көз тояды. Мұндай жерде жемісті жұмыс істемеудің өзі мамандыққа қиянат болар еді», – деп ойын білдірді Затон полиция бөлімінің бастығы, полиция майоры Бейбіт Исақов.

 

«Нөлдік төзімділікке» қол жеткізуіміз керек

«Мына мәліметтердің бәрі бөлімнің соңғы жарты жылда атқарған істерінен дерек береді. Мысалы, байқап отырсақ, ауыр қылмыс өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 2 есеге, орта деңгейлі қылмыстар 3 есеге жуық төмендеген. Бұның әрқайсысының соңында жедел уәкілдердің, тергеушілеріміздің қажырлы жұмыстары жатыр. Әзір кішкене «құрыққа сырық жалғанбай тұрғаны» – майда қылмыстар мен тәртіп бұзушылықтардың көбірек тезге салынбауы болып тұр. Соның қатарына көше бойлары мен аулаларда сыра, басқа да алкогольды ішімдіктер ішу, аялдамалар мен орталық алаңдарда темекі шегіп, тұқылын лақтырып тастау немесе шемішке қалдықтарын шашып кету сияқты мойынсұнбаушылықтар бар. Елбасының өткен жылдардағы Жолдауында айтылғандай, тәртіп бұзушылыққа келгенде «нөлдік төзімділікке» қол жеткізуіміз керек. Ол – өзіміз өмір сүретін қаланың тазалығы деген сөз. Үйінің таза болғаны кімге болса да жақсы емес пе?

Жастар жүрген жерде шекісулер болмай тұрмайды. Біз қазір осындай бұзақылықтардың алдын алу бағытында жұмыс жүргізудеміз. Затон – қаланың шет жағына қарай орналасқан өмір-салты бөлектеу аумақ. Бүгінге дейін затондық жастардың қала орталығына қарағанда «арқаларына шыбық тимей», өздерін еркіндеу сезініп жүргенін несіне жасырайық. Сайып келгенде, жұмыстың жеріне жеткізілмей жататындығына қызметкерлеріміздің жұмыс орындарының жайсыздығы да белгілі бір дәрежеде әсер еткені рас.

Оның бәрі артта қалды. Көліктен еш тапшылық жоқ. Қазақстан полициясының 25 жылдығына орай көлік тұрағымыз су жаңа заманауи 53 көлікпен толықты. Енді жемісті жұмыс істемеудің тіптен қисыны жоқ деуімнің сыры осында», – дейді полиция бөлімінің бастығы Бейбіт Исақов.

 

Бөлімшенің жемісті шағы алда

Мына фотокескінде көрсетілген аумағы атшаптырым бес қабатты ғимараттың ішіне Затон полиция бөлімінен басқа бірнеше құрылым қоныс тепкен. Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ, Семей қалалық ішкі істер басқармасының жергілікті полиция қызметі, жол-патрульдік батальон, сырт жонын ала уақытша қамау изоляторы сияқты бөлімдер жайғасқан. «Бәрінің илейтіні бір терінің пұшпағы» дегенімен, олардың әрқайсысының өздеріне ғана тән міндеттері мен жұмыс жіктелулері бар.

Мәселен, жылдам қимылдайтын арнайы жасақты алайық. Олар жартылай жауынгерлік, жартылай спорттық ұжым. Үнемі дайындық үстінде. Олар орналасқан ғимараттың 4-қабатын бейнебір спорт залы дерсің. Ал Затон полиция бөлімінің міндеттері оған тіптен ұқсамайды. Тергеулер, сұрақтар, қылмыскерлер мен тәртіп бұзушыларды алып шығып, алып кіріп жатқан жедел уәкілдер мен полиция қызметкерлері. Қыз зорламақшы болған өрімдей жігітті жетектей кірген жедел уәкіл бұл ұланның түндегі әрекетінен түсінік бере бастады. Полиция қызметкерінің сөзіне қарағанда, ішімдікке тойып алған жігіт қоғамдық орында өткен сауықкеште кездестірген бойжеткенді шығарып саламын деп алдап, жаман ойын жүзеге асырмақ болған. Төте жолмен барамыз деп саябақтың қараңғылау бұрышына әкелеген ол адам аяғы саябырлағанын пайдаланып, қызға бас салады. Бұзық пиғылды байқаған бойжеткен дауыс шығарып, көмек шақырады. Оны парк маңын шолып жүрген полицейлер естиді. Арғы жағы – мынау.

«Бұл жолы бойжеткенді періштесі қорғады. Әйтпесе, «жыртқыштардың» тырнағына іліккендердің аман шығуы сирек. Оны тәжірибеде көріп жүрміз, – деп бізге бет бұрған Бейбіт бұл жігітті темір торға қамап, жағдайды анықтап, мұқият тергеуді бұйырды. – Кейде жеңіл жүрісті қыздардың тәжірибесіз ауыл жігіттерін алдап қақпанға түсіріп, ақша бопсалайтындары көп кездеседі», – деп сөзін жалғады Затон полиция бөлімшесінің бастығы. Бейбіт Исақовтың сөзіне қарағанда, Семей қаласындағы үш полиция бөлімінің қара үзіп кеткені жоқ. «Рас, өткен жылы Затон бөлімшесі кейіндеп қалғаны бар. Оның себептерінің шет-жағасын сөздің басында айттым. Биыл жыл басынан бері әлеуметтік жағдайымыз жақсарып, келісті жұмыс істеуге мүмкіндік алдық. «Тұрмыс түзелмей, жұмыс түзелмейді» деген осы. Қазір өзге бөлімдермен тереземіз теңесті. Менің меңзеп отырғанымды түсінерсіз, ол – ішкі жарыс, бәсекеге қабілеттілік. Жетістіктің өзі – жарыстардың барысында шығатын нәтиже. Ендеше, қажетті жағдайлармен қамтамасыз етілген біздің бөлімшенің әлі де оң нәтижелерге қол жеткізе беретініне сенімдімін», – деп сөзін түйіндеді.

Адамды екі ғасырлық шежіреге жетелейтін Затон кентінің де, оның сақшысы – полиция бөлімінің де тарих таратуында өз өрнегін сала беретініне күмәніміз жоқ.

Айткен Шәмші, Астана-Семей-Астана

Сондай-ақ, оқыңыз

Жұмыс тиімділігі жақсарып келеді

13 қазанда Шымкент қаласында ІІМ Көліктегі ІІД-нің кеңейтілген көшпелі кеңесі өтті.

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған