Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қоғам және заң / Тәрбиені тәрк еткендер жазаға тартылды

Тәрбиені тәрк еткендер жазаға тартылды

Алматы қаласындағы ювенальды полиция қызметкерлері, учаскелік инспекторлар мен криминальды полиция өкілдерінен құрылған топтар күн сайын өзге қалалардан келген жасөспірімдерді дер кезінде анықтау үшін жастар мен жасөспірімдер көп шоғырланатын жерлерде рейдтік шаралар жүргізуде.

Кәмелетке толмағандар арасындағы жедел жағдайды жақсарту мақсатында мүдделі органдар және үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен «Демалыс», «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар», «Көше», «Жасөспірім-Заң-Қауіпсіздік», «Еңбекпен қамту» сияқты 17 жедел-алдын алу іс-шаралары өткізілді, сондай-ақ, неғұрлым криминогендік учаскелерде тексерулер жүргізілді. Шара барысында кәмелеттік жасқа толмағандардың заңды өкілдерінің бақылауынсыз түн мезгілінде көңіл көтеру орындарында және үйден тысқары жерлерде жүргені үшін 2 мың 420 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кәмелеттік жасқа толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің ертіп жүруінсіз көңіл көтеру орындарында жүруіне жол берген ойын-сауық мекемелерінің 37 қызметкері сот шешімімен әкімшілік жауапқа тартылды.

Қаланың оқу орындарында 9 мыңнан астам тақырыптық дәріс пен әңгіме өткізілді. Осы мақсатта ІІО-да есепте тұратын жасөспірімдердің мүдделі мемлекеттік орган қызметкерлерімен бірлесе отырып тәрбиелеу колонияларына, ІІО-ның арнайы білім беру ұйымдары мен мекемелеріне бару тәжірибесі жалғасуда. Жүргізіліп жатқан алдын алу жұмыстарына балалар-жасөспірімдер ұйымдарының «Полицияның жас көмекшілері», «Жас Ұлан», «Жас Қыран» сияқты жасақтары белсенді түрде тартылып, олар оқушылар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мен жолын кесуде полицияның мектеп инспекторларына қолғабыс етуде. Оқушылардың бұл әрекеттері оқу орындарындағы құқық тәртібінің жай-күйіне оң ықпалын тигізуде.

«Сонымен қатар, кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында, ЖПҚ-ның ювенальды полиция бөлімі мүдделі ведомстволармен бірлесе отырып, оқушылар мен олардың ата-аналары арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Осылайша, ағымдағы жылдың басынан бері қала мектептерінде білім беру мекемелері, денсаулық сақтау, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің, прокуратураның қатысуымен оқушылар мен олардың ата-аналары үшін 1 мың 926 тақырыптық дәріс өткізілді. Шаралардың басты мақсаты – балаларды қауіпсіз жүріп-тұруға дағдыландыру, 16 жасқа толмағандармен жыныстық қатынасқа түскені үшін қарастырылған жауапкершілік туралы қолданыстағы қылмыстық заңнамаларды түсіндіру. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандарды қылмыстық озбырлықтан қорғауды қамтамасыз ету және оларға уақытылы психологиялық көмек көрсету мақсатында барлық оқу орындарында жасырын сауалнама жүргізіледі», – деді Алматы қалалық ІІД Жергілікті полиция қызметінің ювенальды полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Лейла Әліпбаева.

Мектеп оқушылары арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу ісінде ата-аналарды, мұғалімдер мен полицияның мектеп инспекторларын біріктіруді мақсат тұтқан мектептердегі профилактикалық кеңестер мен ата-аналардың қоғамдық кеңесі бұл бағыттардағы істердің атқарылуына елеулі үлес қосуда. Полицияның, мектеп инспекторларының бастамасымен оқушылар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша 733 кеңес өткізілді.

«Мектептегі полиция инспекторларының, педагогтар ұжымының үйлесімді іс-әрекеттері мен оқушылардың өзін-өзі жетілдіру жұмыстарының арқасында мектеп оқушылары қолымен жасалатын қылмыс саны 2,7 есеге азайды. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алудың негізгі тетіктерінің бірі – қала және аудан әкімдіктері жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссиялармен өзара іс-қимыл жасасу болып табылады. Жыл басынан бері комиссия отырысында кәмелетке толмағандардың мүддесіне қатысты әртүрлі фактілер бойынша 150 материал қаралды. Нәтижесінде, бала тәрбиесі бойынша өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны үшін 24 ата-ана ата-аналық құқықтарынан айырылды, 98-і әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әумесерлік мінез-құлқы бар балаларға арналған Арнайы білім беру ұйымына сот шешімімен 9 жасөспірім жіберілді», – деді полковник Әліпбаева.

Гүлнар ЖАМАНҚҰЛОВА,

Алматы қаласының ІІД баспасөз қызметі

Сондай-ақ, оқыңыз

Діни қызмет туралы заңнаманы бұзған

Көліктегі ІІД қызметкерлері Астана қаласы халықаралық әуежайында кітап сататын дүңгіршектердің бірінде діни мазмұндағы кітаптарды сату …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған