Басқы бет / «Сақшы» газеті / Жаңалықтар / Ауыл медицинасы ақсап тұр

Ауыл медицинасы ақсап тұр

Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаеваның айтуынша, елімізде медицина мамандарының кәсіби дайындығы көңіл көншітпейді. Әсіресе, ауылдық жерлерде медициналық қызметтің сапасы төмен.

«Осыған байланысты, бүгінде шетелдің жоғары оқу орындарымен бірлесе отырып, еліміздің медициналық білімін жаңғырту шаралары қолға алынып жатыр. Медициналық оқу орындарының стратегиялық серіктестері анықталды. Қазіргі кезде 5 жылдық даму жоспары дайындалуда. Финляндияның тәжірибесі негізінде бакалавриат бойынша медбикелік білімді жаңғырту шаралары да қолға алынды. Бүгінде 6 колледжде пилоттық жоба аясында 320 адам дәріс алуда», – деді Л. Ақтаева, Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында. Алайда, дәріс алып жатқандардың барлығы бірдей ауылға бармайды. Себебі, оларды міндетті түрде ауылдық жерлерге жіберу қарастырылмаған.

Денсаулық сақтау министрлігі Жобаларды басқару департаментінің директоры Тимур Сұлтанғазиевтің сөзіне қарағанда, жаңа жүйе бойынша білім алып жатқан мамандар ауылға бара ма, жоқ әлде қалада қала ма, оны өздері шешеді. «Негізі, жергілікті билік яғни әкімдіктер медициналық колледждермен байланыс орнатып, мамандарды өздеріне шақыра алады. Сөйтіп, ауылдың медицинасын көтеруге мүмкіндік бар. Сосын қазіргі фин моделі бойынша қолға алынған шаралар болашақта барлық республикаға таралады. Демек, ол тәжірибе ауылға да жетеді», – деп атап көрсетті Т. Сұлтанғазиев.

Брифинг барысында Л. Ақтаева Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорына осы уақытқа дейін 1 миллиард теңгеге жуық қаржы аударылғаны туралы да ақпараттандырды. «Міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры жұмыс істеуде. Өңірлерде қордың филлиалдары құрылды. Оның басшылары тағайындалды. Жұмыс берушілерден аударым, ал жеке кәсіпкерлерден жарналар түсуде. Жалпы, қазіргі таңда қорға 1 миллиард теңгеге жуық қаржы аударылды», – деді ол. Осы орайда, вице-министр аталған қордың жұмысын жетілдіру мақсатында тиісті жұмыстардың жүргізіліп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, Қазақстандағы онкологиялық аурулардың ағымдағы жағдайы және аталған саладағы жағдайды жақсарту жоспарлары туралы айтып берді. Ол атқарылған жұмыстардың нәтижесінде емделушілердің өмір сүру және емдеу сапасы едәуір жақсаратынын мәлімдеді.

«Әрине, егер бұндағы жағдай жақсарып жатса, ЭЫДҰ елдерімен салыстырғанда, бізге әлі де талай жұмыстарды атқару керек. Себебі, ЭЫДҰ елдерінің көрсеткіштері бізге мақсатты көрсеткіштер болып табылады. Сондықтан да жаңа технологияларды енгізу тұрғысынан жұмыстар одан әрі жалғастырылады. Бүгінде Астанада Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық жобасы әзірленіп жатыр. Сәйкесінше, аталған мекеме аясында қазіргі таңда әзірге не Қазақстанда, не болмаса ТМД елдерінде жоқ технологиялар әзірленетін болады», – деді Ләззат Ақтаева.

 

Сондай-ақ, оқыңыз

Ел қорғанысы – ең басты парыз

Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қорғаныс министрі, генерал-полковник Сәкен Жасұзақовпен кездесті.

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған