Басқы бет / «Сақшы» газеті / Спорт / Үздіктер қатарынан табылды

Үздіктер қатарынан табылды

2-3 тамыз күндері Петропавл қаласының «Метро» ойын-сауық мәдени орталығында «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамының спартакиадасы аясында самбо күресінен жарыс өтті.

Спартакиадаға құқық қорғау органдары мен күштік құрылымдар қызметкерлерінен тұратын 16 команда қатысты. Спорттық сында облыстық Төтенше жағдайлар департаменті командасының 8 адамнан құралған құрамасы да бақ сынады.

Төтенше жағдайлар департаметінің өкілдері абыройлы және табысты өнер көрсетті. Петропавл қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау майоры Владимир Хутинаев 74 келі салмақ дәрежесінде 2-орынды жеңіп алды. Петропавл қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының  инженері, азаматтық қорғау лейтенанты Руслан Ерденов 90 келі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанды. М. Жұмабаев ауданының Булаев қаласындағы №12 Өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары, азаматтық қорғау капитаны Нұрбек Қайыржанов 100 келі салмақ дәрежесінде бірінші орын иегері атанды. Спартакиада қорытындысы бойынша, Солтүстік Қазақстан облысы ТЖД өкілдері 2-жүлделі орынды иеленді.

Айта кетсек, ТЖ ведомствосында спорттық дайындыққа ерекше назар аударылады. Өйткені, дене шынықтыру мен төзімділік құтқарушылардың кәсіби міндеттерін орындауға көмектеседі. Жұма сайынғы спорттық күндерде және тұрақты түрдегі спорттық нормативтерді тапсырудан бөлек, қызметкерлердің өздері де спортпен жеке айналысады.

Мысалы, Владимир Хутинаев – еркін күрес бойынша І разряд иегері. Ол 2014 жылы Атырау қаласында ІІМ ТЖК бөлімшелері арасында самбодан өткен чемпионаттың жүлдегері атанған. Руслан Ерденов – кір тасын көтеруден спорт шебері. Нұрбек Қайыржанов – самбодан спорт шеберлігіне үміткер.

Барлық жүлдегерлер – ІІМ ТЖК Көкшетау техникалық институтының түлектері. Салтанатты марапаттау рәсімі «Жастар» сарайында өтті. Жарыс жеңімпаздары кубок, медальдар, грамоталар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Серік ШӘРІПОВ,

Солтүстік Қазақстан облысы ТЖД бас маманы,

азаматтық қорғау майоры

 

Сондай-ақ, оқыңыз

Он сайыстың үздіктері

Жақында ІІМ Оқу орталығында (Қостанай қаласы) алғашқы оқыту курсының тағылымдамашылары арасында спорттық іс-шара ұйымдастырылды.

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған