Айтулы көрме – елдіктің ерен белгісі

 

 Қазақ елі Тәуелсіздігін алғаннан бері қуатты мемлекет ретінде қалыптасып, әлемнің алдыңғы қатарлы еліне айналу жолында талай белестерді бағындырды, тамыры тереңде жатқан төл тарихымыздың жаңа беттері ашылды. Осы қысқа ғана уақыт ішінде экономикалық және әлеуметтік маңызы зор жобаларды қолға алып, әлемдік деңгейдегі ісшаралардың өтуіне ұйытқы бола білді.

Енді, міне, биыл әлемдік аса ауқымды шара – ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізудеміз. Халықаралық көрме 10 маусымда басталып, 10 қыркүйекте аяқталады.

ЭКСПО – бір жарым ғасырлық тарихы бар көрме. Ең алғаш 1851 жылы Ұлыбританияда ұйымдастырылған. Содан бері қарай бұл көрме алпыс бес рет өткізілген. Америка Құрама Штаттарының әр қаласында бұл көрме жиырма рет өтсе, бір ғана Париждің өзі сегіз рет бүкіләлемдік көрме қонақтарына қызмет көрсеткен. Брюссельде төрт рет өткен. Айтпақшы, Парижде 1889 жылы Эйфель мұнарасы, ал 1908 жылы Амурдан өтетін көпір салынған. Яғни, ЭКСПО көрмелерінің ғажап нысан­дардың, ғажайып туындылардың дүниеге келуіне себепші болған жайлары жеткілікті.

Тарихқа көз жүгіртсек, ЭКСПО дәстүрлі көрмесі бұған дейін Азияның солтүстік шығысында, Еуропа мен Солтүстік Америкада өткізіліп келген екен. Ал енді Шығыс пен Батыстың арасындағы алтын көпір болып табылатын жаңа өңірде, Еуропа, Таяу Шығыс елдерімен, бұрынғы кеңес республикаларымен, сондай-ақ,  Орталық Азия елдерімен өте жақсы қарым-қатынас орнатқан жас мемлекетте өткізу ұйғарылыпты. Шынтуайтында келгенде, мұның барлығы да салиқалы саясатымен елін жасампаздыққа жеткізіп келе жатқан халқымыздың бағы – Елбасының еңбегі арқасында десек, нақты шындық.

ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу Қазақстан үшін халықаралық деңгейде алға жылжудың тағы бір үлкен қадамы болды. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізуге ниетті Қазақстан әлемдік қауымдастыққа «Болашақ энергиясы» тақырыбын ұсынды. Қалай дегенде де, ЭКСПО сияқты халықаралық көрмелерге қатысу қай елдің болса да әлеуетін дүниежүзіне паш етуге берілген тамаша мүмкіндік деуге болады. Астана – алғаш атқан таңынан бастап жақсылыққа тұмар, жаңалыққа құмар болған ерекше шаһар. Әрбір қазақстандық біздің жеңіске жететінімізге сенеді.

ЭКСПО-2017 – мемлекетіміздің мығымдығын, еліміздің еңселілігін, ойымыздың тереңдігін, халқымыздың қонақжайлылығын, айналып келгенде, ұлттың ұлылығын көрсетіп отыр.

ЭКСПО-2017 –  Қазақстан  тарихындағы негізгі оқиғалардың біріне айналады және бұл іс-шараның өтуі біздің еліміздің имиджіне үлкен үлес қосып, экономика және мәдениет дамуына мүмкіндік беріп отыр.

Өзіміз еліміздің қауіпсіздігін қадағалап отырған, ел айбыны – Ұлттық ұланда қызмет атқарғандықтан айтарым, халықаралық көрме барысында қауіпсіздік шаралары жіті назарға алынған. Әр қызметкеріміз елорда төрінде жауапкершілікті сезініп, ерекше екпінмен қызмет атқаруда.

Мәселен, ЭКСПО қалашығының аумағында 2 мыңнан аса заманауи үлгідегі бейнекамералар орнатылса, күнделікті құқықтық тәртіпті 4 мыңнан аса ішкі істер мен құқықтық тәртіп әскерінің қызметкерлері қадағалауда. Бұл, әрине, біздің өз тарапымыздан еліміздің жасампаздығын паш етіп жатқан халықаралық шараға  қосқан үлесіміз деп білеміз.

Қайрат АҚТАНОВ,

Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік

қолбасшылығының қолбасшысы,

 генерал-майор

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*