Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қызмет / Адам өмірін сақтап қалды

Адам өмірін сақтап қалды

Жуырда Оңтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері Рауан Ордабек үйіне қайтып бара жатып, автобус аялдамасында құлап жатқан жас жігітті көріп қалды.

Ес-түссіз жатқан баланы қоршап алған бір топ адам сасқалақтап, ешнәрсе істей алмай тұрды. Рауан ойланбастан аялдаманың келесі бетіне жүгіріп өтіп, қалың топты екі жаққа ығыстырып, 17 жасар балаға қажетті көмек көрсете бастады. Азаматтық қорғау лейтенанты Рауан Ордабектің білікті іс-қимылының арқасында жас жігіттің өмірі құтқарылды. Медициналық білімі болмаса да, ІІМ ТЖК Көкшетау техникалық институтының биылғы түлегі нағыз құтқарушы ретінде зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету бойынша өз білімін қолдана білді.

ТЖ қызметкері жас жігіттің өмірін құтқарып қана қоймай, оқиға орнына келіп жеткен жедел жәрдем бригадасымен бірге оны қалалық ауруханаға дейін жеткізді. Әрі қарай ол зардап шеккеннің туыстарымен байланысып, оның жағдайы туралы хабар берді.

Анықталғандай, құтқарылған жігіт Дәулетбай Мұратхан Сарыағаш ауданы, Бірлік ауылынан анасы екеуі Шымкент қаласына «Серпін» жастар бағдарламасы бойынша институтқа құжаттар тапсыруға келген екен. Дәулетбайдың көпбалалы анасы Ақерке Үсенбекова сол күні үйіне ертерек қайтып, баласын құжаттарды соңына дейін тапсыру үшін қалдырған болатын. Күннің ыстығы қобалжулы бозбаланың денсаулығына кері әсер еткен. Қазір Дәулетбайдың өміріне ешқандай қауіп жоқ. Ауруханада қажетті көмек алып шыққан ол анасы екеуі Оңтүстік Қазақстан облысының ТЖ департаментіне, өзінің құтқарушысына алғыс білдіруге келді.

«Жақсы адамды бірден танисың. Рауан жастығына қарамастан, менің ұлыма көмек қолын созды. Департаментте осындай сауатты жігіттер жұмыс жасайтындығына қуаныштымын», – дейді Дәулетбайдың анасы.

Оңтүстік Қазақстан облысы ТЖД баспасөз қызметі

 

Сондай-ақ, оқыңыз

Жұмыс тиімділігі жақсарып келеді

13 қазанда Шымкент қаласында ІІМ Көліктегі ІІД-нің кеңейтілген көшпелі кеңесі өтті.

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған