Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қызмет / ЖАТТЫҒУ – ШЫҢДАЛУ МЕКТЕБІ

ЖАТТЫҒУ – ШЫҢДАЛУ МЕКТЕБІ

Асқаралы Алатаудың баурайындағы әсем қала Алматы ірілі-ұсақты өзендер мен көлдерге де бай өлке. «Су – тіршілік нәрі» дегенімізбен, ең қауіпті саналатын тілсіз жаудың адамзатқа тигізер зияны да жетерлік.

Алматы қаласында ауық-ауық болып тұратын жер асты дүмпулері мен су тасқыны қала тұрғындарын үнемі үрей құшағында ұстайтыны жасырын емес. Өйткені, Алматы қаласында немесе оның маңында болған алапат селдер туралы біз тарихтан жақсы білеміз. Сонау 1887 жылы Ақсай және Алматы өзендерінің көтерілуі салдарынан болған сел тасқынына негізінен жер сілкінуі себеп болыпты. Одан берідегі 1921 жылы Алматы қаласында болған тасқынның зардабын біз ақын Т. Жароковтың «Тасқын» поэмасынан біліп өстік. Сол кездегі Верный қаласының орталық көшелері қазіргі Фурманов және Қонаев көшелерімен биіктігі 2 метр болатын лай тасқыны ағаштарды тамырымен қопарып, үйлерді ағызып және таудай-таудай тастарды допша домалатқаны жайлы оқығанда адамның тұла-бойы шымырлайды.
Ол уақыттағы тасқынның себебі – ұзақ уақыт жауған нөсер жаңбырдан тау қойнауындағы мұздықтар еріп, жолындағының бәрін жайпап кеткен. Одан кейін арада он екі жыл өткенде бұрынғы Горькиий саябағы мен Фурманов көшелерінің аралығын жапырып кеткен селдің зардабы да қиын болды. Ал, 1973 жылы кіші Алматы шатқалында басталған сел тасқынынан қаланы Алматының Медеу шатқалында жасалған тас бөгет аман алып қалады.
Алматыда биылғы көктем мен жаз жаңбырлы болды. Артынан болған қатты ыстықтың да қаупі жоғары еді. Осындай кездерде төтенше жағдайлар саласынан ұялы телефонымызға су тасқыны болу қаупі жайлы жиі-жиі ескертпелер келген сайын үрейдің бұлты да қоюлана түседі. Экологтардың айтуынша, климаттың өзгеруі де тасқынға себеп болуда. Бұрын ылғалдың негізінен қар түрінде түсетін табиғаты өзгеріп, соңғы жылдары жаңбыр жиілеген. Сонымен қатар, тасқынның жолы деген ойпаң жерлерге салынған құрылыстардың салдарынан табиғи қорғаныстар – тал-теректер мен шыршалардың оталуы да қорқынышты қоюлата түсуде. Еліміздің оңтүстік астанасындағы осындай қауіптің алдын алу мақсатында жиі-жиі өткізілетін шаралардың бірі – «Сел-2017» командалық-штабтық оқу-жаттығуы. Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті ұйымдастырған бұл шараға Наурызбай ауданының әкімдігі мен төтенше жағдайлар бөлімі, Алматы қалалық Ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметі, ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің «РОСО» Мемлекеттік мекемесі, осы комитеттің «Қазселденқорғау» және «ЦМК» филиалдары, Алматы қаласының «Құтқару қызметі», Алматы қаласының әкімдігі, ҰҰ «Оңтүстік» аймақтық қолбасшылығының № 28237 әскери бөлімі және Азаматтық қорғаныс полкі қатысты.
«Аталған командалық-штабтық оқу-жаттығуының мақсаты – сел қаупінің алдын алуда біріккен күштің қажет екенін дәлелдеу. Қазіргі тамыз айы – сел қаупінің нағыз күшейетін кезеңі. Осыған орай, қала тұрғындарының қауіпсіздігін сақтауға біз әрқашан дайын болуымыз керек. Жаттығу кезінде мүдделі органдардың кәсіби шеберлігі шыңдалып, селден қорғаудың түрлі амалдары жетілдіріледі», – дейді Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, өртке қарсы қызмет генерал-майоры Серік Әубәкіров.
Жаттығу кезінде алдын ала дайындалған шартты түрдегі қауіпті орындарға жылжыған құтқару бөлімшелерінің әрекетін жылжымалы басқару пункттері үйлестіріп отырды. Апатты-құтқару және басқа да шұғыл жұмыстар кезінде құтқарушылар селден шартты түрде зардап шегушілерді құтқарып, оларға жедел жәрдем көмегін көрсетті.
Сонымен қатар, жаттығу кезінде құтқарушылар су түбін тереңдету және жағалауды биіктету, Қарғалы өзенінің арнасын тазалау жұмыстары арқылы Наурызбай ауданындағы тұрғын үйлер мен аулаларды селден қорғау шеберліктерін шыңдады. Жаттығуға қаланың азаматтық қорғаныс қызметінен 24 техника мен 159 жеке құрам қатысты.
                            

Гүлнәр МАҒЗҰМОВА, Алматы қаласы

Сондай-ақ, оқыңыз

Есілдегі ескерту шаралары

3 желтоқсанда елордалық ТЖ департаменті мен қалалық ІІД Жергілікті полиция қызметі қызметкерлері бірлесіп, Есіл өзенінде …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған