Басқы бет / «Сақшы» газеті / Спорт / Әріптестерін еске алды

Әріптестерін еске алды

Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің ұйымдастыруымен «Динамо» спорт кешенінде Жамбыл облысы Өрт сөндіру күзеті бөлімінің бастығы қызметін атқарған ішкі қызмет полковнигі Исабай Ахметбековтің 80 жылдығына арналған шағын футболдан турнир өткізілді.

Исабай Ахметбекұлы құқық қорғау жүйесінде 30 жылдан астам қызмет атқарған. Ол өз уақытында ішкі істер органдарының беделді ардагері және озаты болған. Ол қызмет атқарған кезеңде облыстық өртке қарсы қызметінің қалыптасуына және дамуына орасан зор үлес қосып, ішкі істер органдарында көп жылдық адал еңбегі мен қызметі, өрттердің алдын алу бойынша жұмыстағы жоғары көрсеткіштері үшін, өрттерді сөндіруді шебер ұйымдастырғаны және белсенді қатысқаны, сондай-ақ, үлгілі тәртібі үшін мемлекет және облыс басшылығынан бірнеше рет марапат алған. И. Ахметбеков 1992 жылы шілдеде қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапты.
Шараны Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Бағдат Данилов құттықтау сөзімен ашып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Мұнан әрі сөз алған Исабай Ахметбековтің досы әрі әріптесі Әзімхан Зәурбековтің тебірене отырып айтқан естелік әңгімелерін жұрт ұйып тыңдап, тіпті кейбірі көздеріне жас алды.
Сондай-ақ, Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Бейбіт Бейсембаев және өрт сөндіру саласының құрметті ардагері Жұбаныш Күзембаев, И. Ахметбековтің қызы Қарлығаш Ахметбекова сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға табыстар тіледі.
Аталған турнирге облыстың күш құрылымдарынан барлығы 8 команда қатысты. Жарыс барысында барша қатысушы команда жоғары дәрежеде ойын көрсетті. Жарысты өткізудегі негізгі мақсат қызметкерлердің физикалық тұрғыдағы дайындығын арттырып, спорттық шеберлігін шыңдау және саламатты өмір салтын насихаттау болып табылады.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар келесідей ретпен анықталды: 3-орынды Жамбыл облысы Мемлекеттік кірістер департаментінің құрама командасы жеңіп алса, Тараз қалалық Ішкі істер басқармасының командасы 2-орынды иеленді. Ал Жамбыл облыстық Ішкі істер департаментінің құрама командасы жүлделі 1-орынды иеленіп, арнайы кубокпен марапатталды. Сондай-ақ, өзге жеңімпаз командаларға да бағалы сыйлықтар мен арнайы дипломдар табыс етілді.
Ал жеңімпаздарды марапаттауға арналған жүлде қорын И. Ахметбековтер әулеті әзірлеген болатын. Айта кеткен жөн, мұндай еске алу жарыстары мұнымен шектеліп қалмайды. Осыған дейін, яғни маусым айында облыстық Өрт сөндірушілер арасында өрт-құтқару спорты бойынша да жарыс өткізілген болатын. Аталмыш жарысқа облыстық Өрт сөндіру мекемесі мен Ахметбековтер отбасы демеушілік етті.

Нұрболат ӨМІРЗАҚОВ,
Жамбыл облысы ТЖД ӨСМ қызметкері

Сондай-ақ, оқыңыз

Республикалық жарыс жеңімпаздары

Қызылорда қаласында жасөспірімдер мен жас құтқарушылар арасында өрт-құтқару спорты бойынша ұйымдастырылған VІІ Республикалық жаздық чемпионаттың …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған