Басқы бет / «Полиция KZ» журналы / АҚШ-та абыройға кенелген қазақ сақшылардың сыры

АҚШ-та абыройға кенелген қазақ сақшылардың сыры

Халқымыз еш уақытта таланттардан кенде болған емес. Бұлбұл дауысты әншілер мен мың бұралған бишілер де, алып күштің иесі де баршылық. Мәселен, әлемде 200-ден астам мемлекет болса, оның онында ғана ғарышкер бар. Ал, бізде олар – үшеу. Шүкір, мұндай мысалдар жетіп-артылады.

Журналымыздың бұл санында мұхит асып, кәрі құрлықта тыныштық сақшылары болып жүрген қандастарымыз жайында жазбақпыз. Кімді болса да Америка құрама штаттарындағы өмірдің қызықтырары айқын. Ал, америкалық киноларда атыс пен шабыстың ортасынан табылып, небір шытырман оқиғаларға кезігетін, көзіміз үйренген полицейлердің өмірі ше? Тіптен қызық емес пе?!
Бұл жолы біз АҚШ-тың Нью-Йорк қалалық полиция департаментінде қызмет ететін жерлестерімізді тауып, аз-кем сұхбат жасап көрдік.
Кейіпкерлеріміздің бірі – қызмет барысында толғақ қысқан әйелге жәрдемдесіп, сәбидің өмірге келуіне себепші болып, америкалық жаңалықтар хроникасының қаһарманына айналған Данияр Нұртаза. Екіншісі – кәсіпқой бокста бой көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрініп жүрген азаматымыз Димаш Ниязов. Екеуі де АҚШ-тың Нью-Йорк қалалық полиция департаментінің офицерлері.
Данияр Нұртаза Америка құрама штаттарына отбасылық жағдайымен 2002 жылы қоныс аударған болса, Димаш Ниязов осы мемлекетке 13 жасында тұрақтаған. Ал, қалалық полиция департаментіне орналасуларына 4 жылдай уақыт кеткен.
– Жоғары оқу орында білім алғаннан кейін, есте сақтау қабілетімізді, жауапкершілігімізді тексеретін көптеген емтихандар тапсырып, психологиялық тесттен өттік. Салмақ түсіруге, көп жүгіруге тура келді. «Егер жүгіре алмасаң, құжатыңды тапсырмауға да болады», – деп бірден айтқан еді. Барлығы өз күшіне сенеді. Талаптанғандардың көбі психологиялық және дене шынықтыру тексерісі кезінде сейіліп қалады. Сондай-ақ, бэкграундты қатаң тексереді. Бастапқы дайындық, одан кейін академиядағы нағыз дайындық кезеңінен өтесің. Ондағы оқу 6 айға созылады. Бұл сынақ та оңай емес. Көп жігіттер академияны бітіре алмай қалды. Оған түсу үшін де 1 орынға 15 адам таласатын күрделі байқаудан өтуге тура келеді, – дейді офицерлер.
Білуімізше, құрама штаттардағы полицейлердің жылдық табысы 40-70 мың АҚШ долларын құрайды. Бірақ, сондағы полицейлерге мұндай табыс аздық ететін көрінеді. Себебі, АҚШ-та өмір сүру арзан емес. Сонымен қатар, олар табысының 30-40 пайызын салыққа жұмсайды екен. Жалақысы жоғары болмаса, ол мемлекетте полицияда жұмыс істеуге ниет білдіретіндер неге соншалықты көп?
Офицерлердің айтуынша, АҚШ-та полиция саласына келетіндердің көбі – бұрынғы әскерилер, ардагерлер. Олар үшін полициядағы жұмыс азаматтық өмірге біртіндеп көшу үшін қажет. Себебі, олар – қарумен жүруге үйренген, төтенше жағдайда басқа адамдар үшін өз өмірін қиюға тәуекел ете алатын адамдардың ерекше тобы. Америкада көптеп саналатын мұндай адамдарға айлық табыс аса маңызды емес.
Америкадағы қарапайым халықтың полицейлерге деген құрметі қандай деңгейде екені бізді де қызықтырмай қоймады.
– Халықтың көпшілігі бізге деген құрметін жасырмайды. Біздің де адамдарға деген қарым-қатынасымыз соған сай. Бұл жерде адамдардың көпшілігі бала кезінен заңның бәріне бірдей екендігін түсініп, оны құрметтеуді үйренеді. Мұнда нақ сол бір жол қиылысында полицейдің неліктен тұрғанын, оның қоғам мүддесі үшін жұмыс істейтінін біледі. Бұл жақта полициядағы жемқорлық туралы естімеппіз. Екі жыл бұрын жаңалықтарда әлдебір мейрамханада полицейдің ақша дәметкені жайында әңгімелер болған. Соңынан жалған ақпарат екендігіне көзіміз жетті, – дейді полицейлер.
«Американдықтардың тарапынан нәсілге, ұлтқа бөліну сынды мәселелер жиі болып тұра ма?» деген сұрағымызға американдықтар былай жауап берді:
– Мұнда американдық болу үшін өз тамырыңнан бас тарту міндетті емес. Мәселен, жергілікті ирландықтар Ирландияны, италиялықтар Италияны қолдайды. Мұнда сен кез келген дінді, ғұрыпты ұстана аласың, өзіңнің өмірлік құндылығың үшін күресесің. Сіздің таңдауыңызға барлығы да құрметпен қарайды. Сіз Қазақстаннан келіп, өз салт-дәстүріңізбен өмір сүріп жатсаңыз, бұл үшін сізді ешкім сөкпейді. Керісінше, бұған қызығушылықпен қарайды. Жақында ғана доминикандық әріптесімізбен әңгіме барысында ұлттық тағамдарымыз жайында айттық. Ол біздің жылқы етін жейтінімізге таң қалды. Ал жұмыс барысына келетін болсақ, бір қызығы бұл жақта полицейлер бөлек, дербес ұлт сияқты. Оларды барлығы «blue», яғни, «көктер» деп атайды. Бұл дегеніңіз – ешкім бетіңе қарамайды, тек қызметтік киіміңе қарайды деген сөз. Ешкім сені ақ немесе қара полицей деп бөлмей, офицер деп біледі. Біздің барлығымыз әр елден болсақ та, дәрежеміз тең. АҚШ азаматтарымыз. Дей тұрғанмен, адамдар менің қайдан келгеніме қызығушылық танытады, сұрайды. Ағылшын тілімен қатар, қазақ, орыс тілін меңгергенімізге таң қалып, қазақ тілін үйренгілері де келіп жатады.
Данияр мырзадан АҚШ-тың тілшілері жарыса жазған, жергілікті тұрғындар ерлік деп таныған метродағы сәбидің өмірге келуі жайлы біз де сұрадық.
– Мен жерастындағы метро бекетінде тұрғанмын. Осы кезде рация арқылы бекетте әйелдің толғатып жатқаны туралы дабыл түсті. Дереу платформаны тексеру жөнінде шешім қабылдадым. Ол жердегі метро бекетінде қарбалас, одан шығудың өзіне бірнеше минут кетеді. Көшеге шыққан бетімде фельдшерді көрдім. Ал азаматша көшеге шығып үлгеріпті. Академияда бізді толғақты қабылдауға да үйреткен еді. Бұл араға жеткенімше, жедел жәрдемнің бірден келе қоймайтынын түсіндім. Өйткені, Бруклиннің бұл тұсында кептелістер өте көп. Жерде айқайлап жатқан әйелдің қасына барып, тізерлеп отыра кеттік. Баланың қылтиып шығып келе жатқанын көрдім. Фельдшер баланы ұстай алып, өзінің есі шығып кетті. Менің түсінуімше, ол бұл жұмысқа жаңадан келген сияқты. Бір-бірімізге қарап, қуанып кеттік. Нәресте шыр-шыр етіп, көзін ашты. Балпанақтай ұл екен. Негізгі міндетім – жер астындағы бекетті күзету болатын. Бәрі әп-сәтте болды да, шешімді шұғыл қабылдауға тура келді. Бұл – өте сирек кездесетін жәйт.
Біз күн сайын жоғалған адамдарды табамыз, қарақшылық, тонаудың алдын аламыз, қылмыскерлерді ұстаймыз. Адамдар жұмысымызға күн сайын алғысын айтады. Бірақ, бұл ерлік деп есептелмейді. Неге екені белгісіз, метродағы жағдайды ерлік деп есептепті. Менің пайымдауымша, бұл – біздің күн сайын істейтін жұмысымыздың бір бөлігі. Біз бұл жұмысты адамдарға көмектесу үшін таңдадық. Егер оқыстан қандай да бір зілзала немесе террорлық әрекет болса, қарапайым адамдар ондай мәселеден қашады. Ал, полицейлер, керісінше, сол араға адамдарды құтқару үшін асығуы тиіс. Бұл – біздің жай ғана жұмысымыз. Қоғамдық тәртіпті орнатып, тыныштықты күзету – полицейлердің міндеті, – деп сөздерін түйіндеді қандастарымыз.

Ақерке ТҮРКЕБАЙ

Сондай-ақ, оқыңыз

Дәніккеннен құныққан жаман

Алаяқтық. Соңғы уақытта жиі жасалып жүрген алаяқтық заманына сай түрленіп, әдіс-тәсілдерін жаңартып, жетілдіріле түсуде. Оңай …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған