Басқы бет / «Полиция KZ» журналы / Бағыты айқын Балданов

Бағыты айқын Балданов

Еліміз Тәуелсіздік алған жылы дүниеге келіп, тәуелсіз Қазақстанмен бірге дамыған, өсіп-жетілген Тәуелсіздік құрдастыры арасында бүгінде Ішкі істер органдарында жауапты қызметтер атқарып келе жатқан полицейлер аз емес. Жарқын болашаққа бастайтын сара жолмен дамып келе жатқан Қазақ елі секілді, олар да қызметте айқын бағыттарымен алға жылжуда. Осы орайда, біз Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД-де қызмет атқарып жүрген Тәуелсіздік құрдастарының бірі туралы сыр шертуді жөн көрдік.
Қасиетті Түркістан топырағында өскен полиция капитаны Диас Нәбиұлы Балданов еліміз Тәуелсіздік алған 1991 жылдың 27 сәуірінде дүниеге келген. Ата-анасының болашағынан үміт күттіріп отырған жалғыз ұл – Диас бала кезінен полиция болуды армандаған. Ұл бала әкесіне еліктегіш келеді. Диас та полиция болып істейтін әкесіне қызығып, жолын жалғастыруды мақсат еткен. Мектепті үздіктер қатарында аяқтап, 2008 жылы ҚР ІІМ-нің Алматы академиясына қылмыстық іздестіру саласы бойынша оқуға түскен. Жас кезінен зерек те алғыр болып өскен және өз мамандығына ерекше ықылас танытқан Диас оқуды қызыл дипломға тәмамдаған. Осылайша ол ата-анасы артқан сенімнің бір бөлігін ақтап, қызмет жолын өзі туып-өскен өлкеде бастаған.
Түркістан қалалық ІІБ Криминалды полиция бөлімінің жедел уәкілі болып қызмет атқарып келе жатқан Диас Нәбиұлы бүгінде өзінің еңбекқорлығымен және табандылығымен танылған қызметкер. Өз саласының кәсіби маманы екенін нәтижелі жұмыстарымен дәлелдеп келеді. «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» демекші, басшылық та жас маманның еңбегін өз дәрежесінде елеп отыр. Мәселен, 2015 жылы 23 маусымда «Қазақстан полициясы күні» мерекесіне орай, ОҚО ІІД бастығы «Үздік қызметі үшін» төсбелгісімен марапаттаған. Одан бөлек, қызметтегі елеулі еңбектері үшін оннан астам грамота, алғыс хаттар алған.
Диас Нәбиұлымен болған сұхбатымызда, ол әкесі – Түркістан қалалық ІІБ Көші-қон полиция бөлімінің аға инспекторы, полиция майоры Нәби Балдановты әріптестері ортасында ұятқа қалдырмау үшін кез келген жұмыстың үдесінен шығуға тырысатынын айтты.
– Әкем екеуміз бір басқармада істейміз. Сондықтан менің әрбір әрекетімнің әкеме сын екені белгілі. Жиналыстарда басшылық тарапынан жұмысыма көңіл толмаушылық немесе ескертулер естісем, өзімнен бұрын әкемді ойлаймын. Ал мақтап жатса, әкемнің мерейі өсетінін түсінемін, – дейді полиция капитаны.
Жас маман қызметке келгенде басшылық немесе қызметкерлер ішінен өзіне үлгі болатындай азаматты іздей бастайды. Сол кісінің жұмыстарына, іс-әрекеттеріне көбірек назар аударады. Өзі үлгі ететін азаматтай болсам деген ниетпен алдына мақсат қояды. Біздің кейіпкеріміз Диас та қызметте полиция полковниктері Серік Шалхаров, Болат Қаныбеков сынды басшылардан көп дүниелерді үйренгенін алға тартты.
Қылмыстық іздестіру саласында қызмет ету әркімнің қолынан келе бермесі анық. Ішкі істер органдарының аса маңызды саласы болып табылатын, қиыншылығы мен қаупі басым қызмет сол саланың қызметкерлеріне өте жоғары талап қояды. Осы саланы игере алмай, басқа қызметтерге кетіп жатқан жас мамандар жеткілікті. Бұл – ащы болса да шындық.
– Еріншектік – адамның ең бірінші жауы. Оған ерген адамның ісінде оң нәтиже болады деп айта алмаймын. Әрбір тапсырма мен жұмысты уақытында бітірсең, өзіңнің жұмысың да өнеді, басшылықтың да сенімінен шығасың. Бүгінгі жұмысты ертеңге қалдырмай орындау – менің негізгі ұстанымдарымның бірі, – дейді полиция капитаны.
Із кесушілер қызметінің уақыт кестесіне бағынбайтыны анық. Күндіз-түні, демалыс және мереке күндеріне қарамай, қылмыскерді құрықтау мақсатымен жүретін Диас, өзінің осы қызметі арқылы Қазақ елінің тұтастығы мен тыныштығына үлес қосып жүргеніне қуанатынын жеткізді.

Замира БЕКЖІГІТОВА

Сондай-ақ, оқыңыз

Ел аманатын арқалаған азамат

Еліміздің нығайып, дамуы жолында қылмысқа қарсы күрестің қарқынды жүргізілуі – мемлекетіміздегі тұрақтылықты сақтаудың бірден-бір жолы …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған