Басқы бет / «Полиция KZ» журналы / Әке ізін жалғаған

Әке ізін жалғаған

Жұлынсыз бел болмас, жүрексіз ер болмас, астанасыз ел болмас. Есірткі дегенді білмейтін, тек қана шыңға өрлейтін болашақ Астананы қалыптастыру дәл бүгіннен басталатыны анық. Ол үшін құзырлы органдар да бар күш-жігерін салып жұмыс жасауда. Соның бірі – Астана қалалық көліктегі Ішкі істер департаментінің кинологиялық қызмет орталығы. Ал, дәл осы орталықтың жұмысын полиция майоры Бағлан Жарылқасынұлы арқылы білетін боламыз.
Қыс. Күн батып, ымырт үйіріле бастаған шақ. Айналаға көлеңке үйелеп, қараңғылық қоюлана түсуде. Рекс әлдебір қауіпті сезгендей, бүгін өте мазасыз. Астана қалалық темір жол вокзалындағы қозғалыс толастар емес. Бұл алдын-алу опперациясы – Жарылқасынұлының кинологтармен жолаушылар пойызын тексерудегі алғашқы тәжірибесі болатын. Содан болар, майор ішінен «қалай болар екен» деген оймен біресе кинологқа, біресе Рекске көз қырын салып қояды.
Міне, Астана-Ақтөбе бағытындағы пойызға да жолаушылар жайғасып, ұзын сонарды қысқарту мақсатында біреу кітабын серік етсе, енді бірі маңайындағылармен танысып, әңгімелесуде. Инспектор вагонға кіріп, жолаушыларға иісшіл итпен тексеріс болатынын ескертіп өтті. Ендігі кезек –Рекстікі.
Алдындағы кедергіден қарғып өтіп, биікке көтерілетін баспалдақпен жорғалай жөнелген Рекс бірден солға бұрылды. Купеге кіре сала мұрнын аспандатып жүк салатын үшінші қабаттағы ағаш төсекке екі аяқтап ұмтылуда. Досының қателеспейтінін білетін кинолог түбегейлі тексеріс жүргізіп, шұлықтың ішіне оралған есірткі затын анықтады. Купедегі жолаушылардың ешқайсысы есірткі затын алып кіргенін мойындар емес. Жолаушылардың қимыл-қозғалысын, көңіл-күйін жіті бақылап тұрған кинологтың көзі есіктің оң жағында шұлықсыз отырған ер адамға түседі. Барынша білдіртпеуге тырысып отырған азаматтың тер басқан маңдайынан уайымдап тұрғанын байқау қиынға соқпады. Кинолог сезіктенгендей, дәл сол жолаушы ақыры есірткі затының «иесі» болып шықты. Бағлан Жарылқасынұлы кинологиядағы иісшіл иттердің сезгіштігін білетін. Бірақ, мұндай деңгейде иіс сезу қабілетін дамыту мүмкін емес көрінген-ді. Себебі, Рекс бір орнында аялдап қалмай, дәл осы пойыздың тағы екі купесінен есірткі заттарын анықтады. Үйіне олжамен оралған аңшыдай Бағлан Рекске мақтаныш сезіммен қарап, мамандығын дұрыс таңдағанын түсініп, қуанып келеді. Іштей әкесіне алғысын айтуда. Себебі, кейіпкеріміз – әке ізін жалғаған азамат. Әкесі бар ғұмырын ішкі істер органдарына арнаған. Астана қалалық Ішкі істер департаменті Алматы аудандық қоғамдық қауіпсіздікті қамтатмасыз ету бөлімінің басшысы болған. Ал, баласы – Астана қалалық көліктегі Ішкі істер департаменті кинологиялық қызмет орталығының басшысы.
Бағлан Жарылқасынұлы – Қарағанды өңірінің тумасы. 1983 жылы Қарағанды облысы Балқаш қаласында туып, сол қалада 9-сыныпқа дейін оқыған. 1998 жылы отбасылық жағдайымен Астанаға көшіп келуіне тура келеді. Орта білімді Астана қаласында тәмамдаған ол 2000 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің құқықтану мамандығына оқуға түседі. Бес жылдық оқуды тәмамдап, 2006 жылы Ішкі істер органдарында кадр жұмысының инспекторы қызметіне тұрады. Ал, 2007-2013 жылдар аралығында Ішкі істер министрлігінің Есірткі бизнесіне қарсы күрес комитетінде қызмет атқарған. 2013 жылы Астана қалалық көліктегі Ішкі істер департаментіне жұмысқа орналасады. Алдымен осы департаменттің есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының сараптама бөлімінде, кейіннен кинлогиялық қызмет орталығында қызмет атқарады.
Бағлан Жарылқасынұлы басқаратын кинологиялық қызмет – ерекше қызығушылық тудыратын мамандықтардың бірі. Кинологиялық қызметтегідей иттерді қызметтік мақсатқа пайдалану Ежелгі Рим мен Грекиядан басталғаны белгілі. Тұқымына қарай сұрыптап, шаруашылықтың әр саласына пайдалану ХІХ ғасырда жандана түскен көрінеді. Иттің анатомиясы мен физиологиясын зерттейтін кинология ғылымы осы дәуірде қалыптасқан. Ал, 1911 жылы Халықаралық кинология федерациясы құрылып, оған әлемнің бірқатар елдері мүше болған. Кинология сол кезеңнен бастап дамып келеді.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жеңіс шеруіне соғыстың барлық майдандарынан қатысқан әскерлермен бірге Қызыл алаңда жетектеуге ілескен иттердің де жүргенін біреу білсе, біреу білмес. Сол бір тарихи шеруге Кеңес Одағының бас кинологы, подполковник Мазовер де қатысқан еді. Бірақ, оған салтанатты қадам жасап, бас қолбасшыға құрмет көрсетуге рұқсат берілмеді. Өйткені, ол қолына 14-штурмдық инженер-саперлік бригада жауынгері – жаралы Жолбарыс есімді итті көтеріп келе жатты. Төрт аяқты бұл жауынгер Румыния, Чехия, Венгрия және Австрияның миналар қойылған даласындағы ұрыстарға қатысқан. Сол жерлерде Жолбарыс 468 мина мен 150 снаряд тапқаны үшін «Жауынгерлік ерлігі үшін» медаліне ие болған еді.
Осы сынды иісшіл иттер қызмет ететін кинология мамандығы жайлы майор былай деді:
– Иісшіл иттер бір секунд иіскеген иісті 5 жылға дейін ұмытпайды. Адаммен салыстырғанда, сезу қабілеті 10 мың есе күшті. Түнгі уақытта біз 5 метрден көретін болсақ, олар 100 метрге дейін қозғалған қыбыр-сыбырды байқап, 25 метрге дейін дауысты ажыратады. Тіпті, есірткі заты бір метр тереңдікте жатса да тауып алады. Бұл салаға қызметке орналасам деушілер алдымен итті жақсы көріп, оны түсіне алуы керек. Кинологтар бұл салаға кездейсоқ келе алмайды. Ең бастысы, итпен тіл табыса білу керек. Ал кез келген адам олай ете алмауы мүмкін. Себебі, иттер барлығын сезеді. Оларды тәрбиелеудің қыр-сырын меңгерген, жан-жақты дайындықтан өткен кинолог-мамандар иісшіл иттермен оқиға болған жерге жедел топтың құрамында шұғыл жетіп, қылмыскердің соңына түсіп, оны қолға түсіретін жауапкершірікті мойындарына алады.
Ең алғаш жұмысқа орналасқан кезімде кинологияға деген көзқарасым мүлде басқа болатын. Оңай деп қараған қызметімнің қиындығы да жетіп артылады екен. Қазір кинолог мамандығының құрметтеуге лайық қызмет екендігіне сенімім мол.
«Мен армандардың орындалатынына сенемін», – дейді майор Жарылқасынұлы. Олай деуіне бала кезіндегі армандарының орындалғаны – басты себеп. Әкесінің қызметтік киімін киіп, полицей болуды мақсат еткен бала Бағлан – бүгінде екі баланың әкесі, сүйікті жар.

«Иттің бәрі тазы болмас,
Еттің бәрі қазы болмас».
Ақылды иттер жайындағы 5 дерек
Жалпы, қазір әлемде иттердің 116 түрі түрі бар.
Канадада ғылыми зерттеулердің негізінде ең ақылды иттердің рейтингі жарияланған болатын. Сонда ең ақылды ит – бордер-колли болып танылса, екінші орында пудель тұр екен. Ал, үшінші орын неміс итіне берілген. Кейінгі орындарға – сары түсті ретривер, доберман-пинчер, шотландық ит, лабрадор-ретривер және кішкентай папийон жайғасқан. Рейтинг тізімі ротвейлер және австралиялық итпен тәмам болған.
Ванкувердегі Британдық Колумбия университетінің ғалымдары иттердің 250 сөз бен ымды ұғатынын және 5-ке дейін санау білетінін анықтаған. Сондай-ақ, иттер қарапайым математикалық есептерді шеше алады екен.
Иттердің ақыл-ойының дамуы 2 жасар баланікімен бірдей екендігі анықталған.
Канадалық ғалымдардың жасаған зерттеуіне сәйкес, ең ақымақ иттер мыналар көрінеді: ауғандық борзая, басенджи, бульдог, чау-чау, бладхаунд, пекинес, мастиф, бассет.

Ақерке ТҮРКЕБАЙ сурет Серік ЖОЛДАСПЕКОВТІКІ

Сондай-ақ, оқыңыз

Үміті ақталған «Үздік полиция»

Қарағанды облысының орталығынан шалғай орналасса да, Сәтбаев қаласы «ешкімнен нан сұрамайды». Бұндағы қазақы қоңыр тірлік …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған