Басқы бет / «Сақшы» газеті / Спорт / Президент қолынан автокөлік кілтін алды

Президент қолынан автокөлік кілтін алды

Жақында Қостанай қаласында татар ұлтының өкілдері «Сабантой» мейрамын атап өтті. Қазақстанда осымен 13-рет думандатылып отырған республикалық шараға Татарстан президенті Рустам Минниханов бастаған делегация келді.
Аталмыш мейрам Тобыл өзені етегінде кеше ғана Ел Тәуелсіздігінің құрметіне ашылған «Тәуелсіздік» жағалауында өтті. Еңбектің берекесін, берекенің мерекесін кіргізген ұлан-асыр думанды тойда қарапайым халық спорттың бірнеше түрінен өзара жарысқа түсті. «Бағанға өрмелеу», «бағанмен жерге құламай жүріп өту», «арқан тартыс», татардың ұлттық спорты «белбеу курашы» түрлерінен қызықты ойындар өтті. Әсіресе, көпшіліктің назарын аударған спорт түрі – «белбеу курашы» еді.
Бұл сайысқа ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясының оқытушысы, Қазақстан Республикасының самбо күресінен спорт шебері, бірнеше дүркін «Қазақ барысы» жарысының қатысушысы, полиция майоры Ержан Қабидуллинов қатысты.
Татар президенті Рустам Минниханов өз атынан бас жүлдеге Лада Гранта автокөлігін тігіп, балуандар мен көрермендердің делебесін қоздырып, қызықтырып қойды. Аталмыш спорт түріне Ресей, Татарстан, Қазақстаннан 23 балуан қатысып, бақ сынасты.
Ақтық сында бақ сынаған әріптесіміз Ержан Қабидуллинов РФ еңбек сіңірген спорт шебері, татар халқының Ұлттық «Белбеу курашы» жарысының 3 дүркін чемпионы Ильфир Анваровпен белдесіп, 1 минутқа жетер-жетпес уақытта, әдемі айла-тәсіл жасап, таза жеңді. Осы сәтті тағатсыздана күткен көрермендер, Ержанға ризашылықтарын білдіріп, ұзақ уақыт қол шапалақтады. Міне, осылай көптің арасынан бағы жанған әріптесіміз татар президентінің атынан тігілген автокөлікті қанжығасына байлады.
Біз осы орайда Ержанды шын жүректен жеңісімен және автокөлігімен құттықтай отырып, сөзге тартқан едік.
– Ержан бауырым, көңіл күйің қалай және жарыс туралы не айтар едіңіз?
– Көңіл күй өте керемет. Жарысқа қатысу үшін көп дайындалдым. Өйткені, өзгенің тойында жеңіліп қалсам ұят қой…
Бұл сабантой туралы ертеден білемін. Сабантойдағы «белбеу курашына» бірнеше жылдан бері қалмай қатысып келемін. Жасыратыны жоқ, 4 жыл қатарынан қатысып, жылда бас жүлде ретінде қой ұтып алатынмын. Бірақ, ол жарыстар тек облыс деңгейінде ғана ұйымдастырылатын. Ал бүгінгі той республикалық деңгейде ұйымдастырылып отырған соң, облыс әкімі және татар президенті қатысып отыр. Және де Рустам Минниханов мәрттік танытып, өз атынан автокөлік тікті. Міне, сол жүлдені менің ұтып алғаным өзім үшін де, намысын қорғаған халқым үшін де зор қуаныш деп санаймын.
Менің бүгінгі қарсыластарым осал емес, барлығы да өз атақ-дәрежесіне сай балуандар. Соңғы шыққан Ильфир Анваров және қазақ күресінен әлем чемпионы, Оңтүстік Қазақстан облысының өкілі, белгілі балуан Нұрзат Бекасыловпен кездесу, оларды жеңу мен үшін оңай болмады. Менің өнеріме жанкүйер болып келген барша көрермендерге айтар алғысым шексіз. Бүгінгі жеңісімді ең бірінші өзімнің қызмет ордам Академияға және жаттықтырушыларым Нұржан Ермағамбетовке, Аркадий Ахметовке және Руслан Таңқыбаев ағаларыма арнаймын. Өйткені, сол кісілердің ерен еңбектерінің арқасында бүгінгі бағалы жеңіске жетіп отырмын, –дейді бізге берген сұхбатында жеңімпаз балуан.
Ержанды дүйсенбі күні Академия бастығы, полиция генерал-майоры Мирлан Қызылов өз орынбасарларымен Академия алаңында арнайы көпшілікпен күтіп алды. Генерал мырза Ержанды осынау жеңісімен құттықтап, шын жүректен тілегін айтып, болашақта бұдан да үлкен жетістіктерге жете беруіне тілектестік білдірді.
Айта кетейік, осы сабантойда жеңіске жеткен Ержан Қазақстан Республикасы белбеу күресінен спорт шебері атағын алды. Міне, «таудай талап бергенше бармақтай бақ бер» деген осы шығар. Бозкілемнің үстінде бағы жанған Ержан бауырымызға жеңістерің көп болсын демекпіз.

Мейрам ОСПАНОВ, Қостанай қаласы, суретті түсірген Р. СОВЕТҚАЗИН

Сондай-ақ, оқыңыз

Республикалық жарыс жеңімпаздары

Қызылорда қаласында жасөспірімдер мен жас құтқарушылар арасында өрт-құтқару спорты бойынша ұйымдастырылған VІІ Республикалық жаздық чемпионаттың …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған