Басқы бет / «Сақшы» газеті / Журналистер жарысқа түсті

Журналистер жарысқа түсті

Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың имиджін көтеру, дәріптеу мақсатында және Журналистер күнін мерекелеу аясында Шымкент қаласы №1 Мамандандырылған өрт сөндіру жасағының аумағында өңірдегі журналистердің арасында жарыс ұйымдастырылды.
Жарысқа «Қазақстан-Шымкент», «Отырар», «ТВК» телеарналарының, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің өкілдері қатысты. Жарыс басталмас бұрын №1 Мамандандырылған өрт сөндіру жасағы бастығының орынбасары, азаматтық қорғау капитаны Н. Досымбетов толық нұсқаулық өткізіп, өрт сөндіру техникасының, арнаулы жұмыс киімінің әр элементінің міндетін түсіндірді. Осы шара арқылы өрт сөндірушілер журналистерге өздерінің жұмыстарының бар қиындықтарын сезінуге мүмкіндік берді.
Жарыстың бірінші кезеңінде журналистер мүмкіндігінше тезірек өрт сөндірушінің киімін, яғни комбинезон, күртке, белдік және дулығаны толық киюі тиіс болды. БАҚ өкілдері аталған кезеңнің алғашқы секундтарынан-ақ өрт сөндірушілердің жұмысы қаншалықты қиын екендігін сезінді. Тығыздалған ауа толтырылған аппаратпен бірге барлық киім 18 келіге жуық тартады. Толық киінген журналистер келесі кезеңнің тапсырмасын орындауға кірісті. Ол – өрт сөндіру техникасының жауынгерлік қанат жаюы. Жарыстың соңында өрт сөндіруші-журналистер жылу-түтін камерасына кіріп шықты. Демалуға жарамсыз көзге түртсе көргісіз ортада кедергілердің психологиялық жолағынан өту – сынақтардың ең қиыны болды. Бұл кезеңнен өтуге барлық журналист бірден тәуекел ете қоймады, кейбіреулері алғашқыда бас тартқан да болатын. Бірақ, «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының журналистеріне жарыстың ерекшелігі әсер етіп, олар өздерінің барлық күш-жігерлерін жинап, келесі кезеңге өтті. Жарысқа қатысушылар газ-түтіннен қорғау киімінде ғимаратта барлау жүргізді және шартты зардап шегушіні тауып, ойдағыдай алып шықты. Бұл жерде БАҚ өкілдері жауынгерлер арасындағы өзара түсіністік пен тәртіптің маңыздылығын түсінді.
Жарыс нәтижесінде келесідей жеңімпаздар анықталды: бірінші және үшінші орынды «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының журналистері Нұркен Күзербаев пен Серғали Жарылқасынов иеленсе, екінші орын «Отырар» телеарнасының операторы Бахтияр Ташпулатовқа бұйырды. ТЖ департаментің бастығы Н. Дербісов оларға сыйлықтарын табыстай отырып, тығыз ынтымақтастық үшін алғысын білдірді. Ал шымкенттік журналистер өздерін өрт сөндірушілер рөлінде сөзініп көруге керемет мүмкіндік берген төтеншеліктерге алғысын білдірді.

 

Сондай-ақ, оқыңыз

Тәжірибеге негізделген тренинг

Ақмола облысы, Аршалы ауданы, Арнасай ауылдық округінің аумағында орналасқан Астана қалалық ІІД полигонында департамент қызметкерлерінің …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған