Басқы бет / «Сақшы» газеті / Уақыт тынысы / Тәртіп тұрақтылық талабы

Тәртіп тұрақтылық талабы

Кеше Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымов халық алдындағы кезекті есеп беру жиынын өткізді. Өз баяндамасында министр құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмысқа қарсы күрес және министрліктің құзіретіне кіретін басқа да салар туралы мәселелерді қамтыды.
«Қазмедиа» орталығының концерт залында өткен есеп беру кездесуі Ішкі істер министрлігінің интернет порталында, BNews.kz сайтында және Facebook әлеуметтік желісінде онлайн режимде көрсетілді.
Өз баяндамасында Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы: «Бүгінгі таңда ішкі істер министрілігінің жұмысы халыққа және бұқаралық ақпарат құралдарына анағұрлым ашық та жақын бола түсті деп сеніммен айта аламын. Азаматтар кез келген мәселемен хабарласа алатын «Министрдің блогы» жұмыс істеп тұр. Өзіндік қауіпсіздік қызметіне тікелей хабарласуға болатын ІІМ-нің бірыңғай сенім телефоны іске қосылған. Министрліктің құрылымдық басшылары мен облыстық департамент басшылары «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауында тұрақты түрде азаматтармен кездесу өткізіп тұрады. Ресми сайтымызда бұқара халыққа арналып министрліктің қызметі туралы үш тілде ауқымды ақпараттар берілген. ІІМ жанында Қоғамдық кеңес жан-жақты жұмыс жасап келеді. Мұндай Консультативтік-кеңесші органдар аймақтық бөлімшелердің жанынан да ашылған.
Ел тарихында алғаш құрылған Жергілікті полиция қызметі мен учаскелік инспекторлар халық алдында тұрақты есеп беріп тұрады», – деп атап өтті.
Министрдің айтуы бойынша, жалпы алғанда еліміздегі криминогендік жағдай тұрақты. Биылғы бес айда еліміз бойынша 123 мың қылмыс тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15,8 пайызға төмен. Қарақшылық 28%, тонау 19%, ауыр дене зақымын келтіру 10%, зорлау 29%, ұрлық 10%, бұзақылық 40%-ға азайған. Қоғамдық орындарда және көшедегі құқық бұзушылықтар аз жасалатын болған. Сонымен бірге, жасөспірімдер қылмысы да 3,6%-ға төмендеген. Бұрын сотталғандардың қайтара қылмысқа баруы да біраз тыйылған. Жалпы республика бойынша қылмыстың барлық түрлері бойынша ашылу көрсеткішін жақсартуға қол жеткізіліп, атап айтқанда, ауыр қылмыстарды 60%-дан 71%-ға, аса ауыр қылмыстарды 85%-дан 90%-ға дейін ашу мүмкін болған.
«Өздеріңіз білетіндей, ішкі істер органдары тек қана құқық қорғау жұмыстарымен ғана емес, сондай-ақ, бірқатар мемлекеттік қызметтерді көрсетумен де айналысады. Ішкі істер органдарына Үкіметтің қаулысымен азаматтарға 39 мемлекеттік қызметті көрсету жүктелген. Олар – азаматтарға жеке басын куәландыратын құжаттар, төлқұжаттар рәсімдеу, ықтияр хат беру, мекенжай анықтамалары, азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеу, азаматтық қаруларды, автокөліктерді тіркеу және тағы басқалар. Жыл сайын бұл қызметтердің көлемі артып келеді. Ал олардың азаматтарға сапалы түрде көрсетілуі және уақытылы жүргізілуі қажет екендігіне сөз жоқ. Азаматтардың оңай қол жеткізуі үшін осы қызметтердің 19-ы «Электронды үкімет» порталы арқылы электронды түрге ауыстырылды. Анағұрлым жиі талап етілетін қызметтерді Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы көрсетудеміз. Жүргізуші құқығын беретін куәлікті беру және автокөлікті тіркеу қызметтері 12 облыста жұмыс істейтін Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы жүзеге асырылады. Мұндай МХҚКО-ларды қалған 4 аймақта – Атырау, Көкшетау, Орал және Өскемен қалаларында ашуды жоспарлап отырмыз», – деді Қ. Қасымов.
Министр азаматтарды тұрғылықты мекен-жайы бойынша міндетті түрде уақытша тіркеу мәселесіне арнайы тоқталды. Биылдан бастап қатаңдатылған заң бабы қоғамда едәуір серпіліс тудырған болатын. Естеріңізде болса, биылғы жыл басында ХҚКО-ларда уақытша тіркеуге байланысты ұзын-сонар кезектер пайда болса да, Ақпарат министрлігімен біріге отыра қосымша күш жұмылдырып, жұмыс орындарын қосып, тіркеу процедурасын жеделдету шараларын қабылдау арқасында жағдайды тұрақтандыруға қол жеткізілді. «Ішкі істер министрлігі тарапынан заң баптарын түсіндіру жұмыстары бойынша кемшіліктер болғандығын жоққа шығармаймын. Әйтсе де, бұл уақытша тіркеу туралы бұрыннан бар бап болатын. Өзгеріс үй иесіне жауапкершілік қарастырылғандығында еді. Әйтсе де, БАҚ арқылы жүргізілген түсіндіру жұмыстары арқасында жағдай тұрақталды.
Мен бұл мәселенің екінші жағын ашып көрсеткім келіп отыр. Аталған заң ішкі көші-қондағы қозғалыстарды нақты анықтап алуға бағытталған болатын. Осы жұмыстарды жүргізу барысында біз мүлдем жаңаша деректерге тап болдық. Мәселен, біздің азаматтардың көпшілігі тек уақытша ғана емес, өздерінің тұрақты мекен жайлары бойынша да тіркеуде жоқ болып шықты. Аттарында үйі, пәтері бар, бірақ өздері еш жерде тіркеуде жоқ. 2016 жылы біз бір миллионнан аса азаматты тіркеген болсақ, осы бес айда біз 1 млн 750 мың адамды тіркеуден өткіздік. Олардың 800 мыңы уақытша тұрғылықты жері бойынша тіркелгендер болса, 950 мың адам меншігінде үйі, пәтері бола тұра, тіркеуге тұрмағандар. Осыншама көп адамды біз қысқа уақыт ішінде көлеңкеден алып шықтық. Бұл туралы білім беру, денсаулық сақтау, салық органдары, тіпті, әкімдіктер де білмейтін болып шықты. Ал олар қай елді мекенге қанша мектеп, аурухана, балабақша салу керектігін жоспарлауы керек емес пе? Сол үшін өздері есеп жүргізуі тиіс болатын. Бірақ бұл жұмыстар жасалмаған. Әйтсе де, біз бұл жұмыстарды одан әрі жалғастыратын боламыз және де белгілі бір межесіне дейін атқарып шығамыз деп сенемін», – деді министр.
Сондай-ақ, есеп беру кезінде Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы жергілікті полиция қызметі, учаскелік инспекторлар жұмысы, жасөспірімдер арасындағы қылмыс, жол-көлік оқиғалары ахуалы, қылмыстық атқару жүйесі, азаматтық қорғау және төтенше жағдайлармен күрес мәселелеріне тоқталды. «Жергілікті полиция қызметі Елбасымыздың арнайы тапсырмасымен құқық қорғаушылардың қызметін нақты бір аймақтың, аудан мен қаланың жергілікті ахуалына сәйкестендіру мақсатында құрылғандығын білесіздер. Осымен екінші жыл қызмет атқарып жатқан бұл жаңа бөлімге құқыққорғау профилактикасы, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және жол қозғалысы тәртібін қадағалау міндеті жүктелген. Расында да, бұл міндеттер жергілікті пәрмендегі құзіреттерге жатады. Оларды шешу ең бірінші кезекте жергілікті билік органдарына және сол жердегі халықтың белсенділігіне байланысты. Белгілі бір елді мекенде қай жерде қанша учаскелік пункттерді ашу қажет, маскүнемдікпен күресті қалай ұйымдастыруға болады, жасөспірімдер қылмысын қайтсек тиямыз, жол қозғалысына қалай тәртіп орнатуға болады, бейнебақылауды қай жерлерге орнату керек деген сынды мәселелерді сол жердің тұрғындары өздері қолға алмаса, мұндай жергілікті мәселелрді орталықтан тиімді шешу мүмкін емес екендігіне келісесіздер ғой деп ойлаймын. Жаңа қызметтің міндеті осы. Әрине, олардың жұмысында кемшіліктер әлі де болса бар. Бұл туралы халық тарапынан айтылып жатқан сындарды әділ баға деп санаймын. Сондықтан да министрліктің ендігі міндеті – әкімдіктермен біріге отырып аталған ұйымды жетілдіру үшін мақсатты шараларды жүзеге асырып, оның жұмыс тиімділігін арттыра түсу арқылы жергілікті полиция қызметіне деген халық сенімін нығайту», – деді ол.
Министр учаскелік инспекторларға, әсіресе, ауылдық жерлерде жұмыс жасауға қолайлы жағдайлар жасалмағанын айтып өтті. Ауылдарда бар 2800 учаскелік пункттің 1600-і жөндеуге мұқтаж және 370 жаңа учаскелік пункт салу керек. Учаскелік инспекторларға тұрғын үйімен бірге салынған пункттер қажет. Бұл оларға күні-түні жұмыс орнында болуға мүмкіндік береді. Әзірге тек Алматы, Ақтөбе және Оңтүстік Қазақстан облыстарында ғана осындай учаскелік пункттер бар. Алдағы уақытта әрбір учаскелік пунктті компьютерлік техникалармен жабдықтап, олардың министрліктің ақпараттық базасына қолжетімділігін қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Ішкі істер министрі кездесу барысында өткен жылдардағы жол-көлік қозғалысындағы қиын жағдайларды еске салып өтті. «Естеріңізде болса, 2011, 2012, 2013 жылдары еліміздің жолдарында жол-көлік оқиғалары мен жарақат алып, қаза тапқан адамдар саны көп болатын. Бүгінде қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде жағдайды тұрақтандыруға қол жеткізілді. Былтырғы жылы ЖКО 5%, қаза болғандар саны 2,7% және жарақаттанғандар 2,9%-ға азайды. Ал биыл бұл санлар сәйкесінше 15,8%, 22% және 13,8% пайызға төмендеп отыр. Бұл үлкен жетістік. Оған бірінші кезекте 2014 жылы «Жол қозғалысы туралы» Заңды қатаңдату арқылы қол жеткіздік. Тек өткен жылдың өзінде 3,5 млн. ереже бұзушылықтың жолы кесіліп, 35 мың мас жүргізуші ұсталды, сот үкімімен 49 мың жүргізуші көлік жүргізу куәлігінен айырылды, 5 мың заң бұзушы әкімшілік қамауға алынды. Одан басқа 182 мың жүргінші жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды», – деді Қ. Қасымов.
Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов әрбір жетінші қылмыстың, адам өлтіру оқиғаларының тең жартысы және отбасылық-тұрмыстық жанжалдардың 60 пайызы алкогольді ішімдік ішу салдарынан орын алатынын мәлімдеді. Тек өткен жылдың өзінде қоғамдық орындарда мас күйде жүрген 193 мың адам ұсталған. Қазіргі күні 71 мыңға тарта маскүнем полицияның бақылауында болса, олардың 10 мыңы – әйелдер және 300-і – кәмелетке толмаған жасөспірімдер. «Бүгінде елімізде Уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтары деп аталатын 615 орынға лайықталған 31 медициналық айықтырғыш жұмыс істейді, олар Денсаулық сақтау министрлігінің құзыретінде. Бұл біздің еліміз үшін аздық етеді. Жергілікті атқару органдарының қолдауымен айықтырғыштар желісін кеңейту қажет деп есептеймін. Мас күйінде ұсталған адамды не істеу керек? Ауруханалар оларды қабылдамайды, полицияның өзінің арнайы мекемелеріне қамауына негіз жоқ. Сондай-ақ, алкоголизмге шалдыққан адамдарды мәжбүрлеп емдеуге арналған наркологиялық ұйымдар да аз. Қазіргі күні 2470 орынға шақталған 22 ұйым ғана қызмет етеді. Тәжірибе көрсеткендей, бүгінде елімізде қосымша 4 наркологиялық мекеме ашу қажет. Өткен жылы сот шешімімен осы ұйымдарға жіберілген 5300 адамның 1 мыңы оларда орын жетіспеушілігі салдарынан ғана мәжбүрлеп емдеуден өтпеді», – деді министр.
Кездесу соңы сұрақ-жауапқа ұласты. Ішкі істер министріне сұрақ қоюға тілек білдіргендердің қарасы өте көп болды. Екі сағатқа созылған есеп беру кездесуінде Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы қойылған барлық сұрақтарға жауап берді. Соның ішінде, Астана қаласы бойынша үлестік құрылысқа ақша салып, бүгінде не пәтерін, не ақшасын қайтарып ала алмай жүрген үлескерлердің және полиция қызметкерлерінің әлеуметтік кепілдіктері мен еңбекақы мәселесіне қатысты сұрақ қойғандар болды. Микрофон алғандардың арасынан министрлік жұмысына алғыс айтқандар да, жекелеген қылмыстық істер бойынша өтініш жасағандар да табылды. Министр залда отырған құрылымдық қызмет басшыларын орындарынан тұрғызып, аталған өтініштер бойынша ең әрісі үш күннің ішінде анықтап, мәлімдеуді тапсырды. Бұл есеп берудің бұған дейінгі кездесулерден өзгерек болғандығын, полицияның халыққа, халықтың полицияға жақын бола түскендігі аңғарылғандығын атай өткен жөн.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ, суреттерді түсірген Вячеслав ГЕЛЬБЛИНГ, Қанат КӨЛБАЕВ

 

Сондай-ақ, оқыңыз

Ардагер құтқарушы марапат алды

5 желтоқсанда Петропавл қаласында «Қызыл жарты айдың» облыстық филиалы Халықаралық волонтер күнін атап өтті.

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған