Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қоғам және заң / Аудан көлемінде ахуал тұрақты

Аудан көлемінде ахуал тұрақты

Ішкі істер органдары – қоғамдағы құқықтық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мемлекеттік биліктің ең маңызды құрылымдарының бірі болып табылады.
Ел егемендігінің алғашқы жылдары Қазақстан аумағында 1992 жылғы 23 маусымда «Қазақстан Республикасының Ішкі істер органдары туралы» ҚР Заңы қабылданып, 2007 жылы Мемлекет басшысының Жарлығы бойынша 23 маусым – Қазақстан полициясы күні болып бекітілген болатын.
Сайрам ауданындағы ішкі істер органдары осы жылдар ішінде талай-талай белестен өтті. Егемендіктің көк туы алғаш көтерілген жылдары негізі қаланған ішкі істер органы бүгінде 25 жылдық мерейлі мерекені жақсы көрсеткішпен қарсы алып отыр.
2016 жылдан бастап Сайрам ауданында жергілікті полиция қызметі құрылып, осы күнде полиция полковнигі С. Ботабеков басшылық ететін аудандық жергілікті полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті сақтауда ҚР заңнамаларының шеңберінде өз міндеттерін атқарып келеді.
Ауданымызда жол-көлік оқиғаларының алдын алу, қоғамдық тәртіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Ақсукентте тәулік бойы жұмыс істейтін 23 бейнебақылау камерасы орнатылып іске қосылды. Аудан көлемінде 15 учаскелік тірек пункті азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау мақсатында жұмыс атқаруда. Сайрам аудандық ІІБ қызметкерлерінің кәсіби шеберліктері арқасында 2016 жылы ауданда қоғамдық резонанс тудырған бірнеше ірі қылмыс ашылды.
Ауданымызда ювеналдық полиция қызметкерлері жасөспірімдер арасында қылмыстарды болдырмау және жасөспірімдерге қарсы қылмыстардың алдын алу бойынша жұмыстар атқаруда, сонымен қатар, мектептерге полиция инспекторлары бекітіліп, таңертеңнен бастап кешкі уақытқа дейін жасөспірімдер арасында профилактикалық жұмыстар атқарып келеді.
Біздің өңірде бөтеннің мүлкін ұрлау ең көп тараған қылмыс болып саналады және атқарылған жұмыстардың нәтижесінде аталған қылмыс түрлері біршама төмендеді және ашылу пайыздары жоғарылады. Осы бағытта нәтижеге қол жеткізген полиция қызметкерлері, полиция майорлары А. Әлібеков, Е. Айтқұлов, М. Бердиев және полиция капитаны А. Юнусметовті атап өтуге болады. Аудан көлемінде орын алған қылмыстарды өздерінің жоғары кәсіби деңгейлерінде жан-жақты объективті тергеп-тексеру және сотқа дейін жолдауда тергеу бөлімінің қызметкерлері, полиция капитаны А. Төлегенов пен полиция капитаны Б. Матеновтың, анықтау бөлімінің анықтаушысы, полиция капитаны Б. Дошмановтың үлестері зор.
Берген антына адал полиция қызметкерлерінің бұдан кейін де мақтаулы дәстүрлерді нығайтып, дамытатындығына және азаматтардың мемлекеттің қуатын, құқықтық тәртіптің заңдылығы мен салтанатын сезінуі үшін бар күшін салатындығына сенімім мол.
Полиция күні – ішкі істер органдары қызметкерлерінің отбасы мүшелерінің де мерекесі. Туған-туыстарының қолдауы полиция қызметкерлерінің қызметтік жетістіктерге қол жеткізуі үшін өте маңызды.
Елбасымыздың: «Полицейлер – бұл адамдардың құқығын және бостандығын қорғай отырып, қылмысқа қарсы күрес жүргізуде алдыңғы қатарда тұратын адамдар», – деген сенімін әрдайым адал да абыроймен ақтауға тиіспіз. Бейбіт еліміздің аспанында күн күлімдеп, қылмыс азайып, еліміздің патриот ұрпағы көп болғай!
Осындай мерейлі сәтте туған елінің тыныштығы үшін табанды еңбек етіп жүрген ішкі істер органдарының барлық қызметкерлері мен ардагерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтағым келеді!

Е. АБДРАМАНОВ,
Сайрам аудандық ІІБ бастығы,
Оңтүстік Қазақстан облысы

Сондай-ақ, оқыңыз

Латын әліпбиіне көшуді талқылады

Елімізде Қазақстан халқы тілдері күні мерекесін атап өту жыл сайынғы дәстүрге айналды. Халқымыздың ынтымағын одан …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған