Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қоғам және заң / Тәуелсіздік халықаралық векторға жол ашты

Тәуелсіздік халықаралық векторға жол ашты

Қазақстан полициясы құрылғалы бері осы саланың ыстық-суығын бірге көріп келе жатқан ішкі істер органдарының байырғы қызметкерлері көп. Солардың бірі – ІІМ Тергеу департаментінің Меншікке қарсы аса қауіпті қылмыстарды тергеу басқармасының бастығы, полиция полковнигі Бақтияр Сүлейменов.
Ол 1992 жылы Мемлекеттік тергеу комитетінің Қарағанды жоғары мектебіне оқуға түсіп, оны бітірген соң, 1996 жылы Қарағанды облысының Абай қаласындағы Мемлекеттік тергеу бөліміне тергеуші болып жұмысқа келеді. Содан бері осы салада. 1998 жылы ел астанасы Сарыарқа төсіне көшкен кезде қызмет бабымен Астанаға Ішкі істер министрлігіне ауысып келіпті. Мереке қарсаңында ел полициясымен қадамын бірге бастаған әріптесімізбен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Бақтияр Эрденұлы, еліміз Тәуелсіздігін алған тұста оның құқық қорғау саласын таңдаған екенсіз. Бұл салаға қалай келдіңіз?
– Шынымды айтсам, әу баста полиция қызметкері боламын деген нақты мақсатым болған жоқ. Бірақ, әскери адам болуға құлшынғаным рас. Мектеп бітірген соң ауылда «Манкентживмаш» өндірістік бірлестігінің зауытында жұмыс істеп жүргенмін. Бірде әкем Қарағандыда жартылай әскери оқу бар екенін айтты. Сөйтсем ол – милиция жоғары мектебі екен. Соған құжат тапсырып, бір орынға 7-10 адам таласқан сынақтан өтіп кеттім. Осылайша, Қазақстан полициясындағы еңбек жолымды бастадым. Сол оқу орнында жүріп кеңес милициясының мектебінен өткен ұстаздардан тәлім алғаныма қуанамын. Өйткені, олардан үйренеріміз көп болды. Осы жерден заңгер мамандығын алып шығып, Қарағанды өңірінде тергеу саласында еңбек жолымды бастадым.
Кеңес милициясы мектебінің көзін көрген ұстаздардан тәлім алдым дедіңіз. Ол кездің милициясы мен қазіргі полиция қызметінің қандай айырмашылығы бар?
– Қазақстанның құқықтық сабақтастық саласы осы 25 жылда Кеңес мектебінен айтарлықтай ірге үзіп кеткен жоқ. Өйткені, ол қазыналы тарихы, тәртіптік алғышарттары бар үлкен институт болатын. Әр республика өз даму жолын таңдап, дербес кеткенімен, заманауи мемлекет болудың бастауын осы мектептен алды. Біздің еліміз өзінің ішкі әлеуеті мен мүмкіндіктеріне сай даму жолын таңдап алды. Бір атап кететінім, Тәуелсіздік бізге халықаралық векторды сыйлады. Бұл Қазақстан үшін кең құлаш сермеуге ашылған кеңістік еді. Көпұлтты, көпконфессиялы халқымыз барын ескере отырып, осы уақыттар аралығында жүргізілген еліміздің саяси бағыты уақыт талабынан туындаған қадамдар болды.
Соның ішінде заңнама саласында да көптеген өзгерістер жүзеге асты. Біз 1997 жылы заңнамаға, әсіресе, қылмыстық, азаматтық, әкімшілік заңнамаларға енгізілген өзгерістерді көріп қалдық. 2015 жылғы кодекстерге енгізілген өзгерістер мен түзетулер соның пісіп-жетілген заңды жалғасы болатын. Бұлар әр уақыттың өзіне сай қажеттіліктерінен туындаған лайық шешімдер еді.
– Халықаралық векторды сыйлады дейсіз. Оның құқық қорғау, ішкі істер саласына тигізген мүмкіндіктері қандай болды?
– Жаңадан пайда болған әр мемлекет өзінің заң шығару және оны қолданудың өзіне тән тетіктерін қалыптастырғанымен, олардың әу бастағы негізгі принциптері сақталып қалды. Осындай түпкі ұқсастықтардың сақталып қалуы қылмыспен күрес кезіндегі ынтымақтастықта біраз жеңілдіктер әкелді. Трансұлттық қылмыстық топтардың жолына тосқауыл болу, халықаралық есірткі, адам саудасы трафигі, контрабанда, терроризм, экстремизмге қарсы күрес сынды ауқымды шараларда жемісті еңбек етуге болатындығына көз жеткізілді.
Қазақстан көптеген конвенциялар мен хартияларға ену арқылы халықаралық қауымдастықпен анағұрлым етене ықпалдаса түсуге пейіл екендігін әрқашан да ашық мәлімдеп отырды. Минск конвенциясы соның бір дәлелі. Мұндай қадамдар мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасты ыңғайлы ете түседі де, әріптестік векторына жол ашады. Қазір осы 25 жылдағы жүргізілген қыруар еңбектің арқасында халықаралық әріптестік белгілі бір тұғырын бекітіп орнықты. Жазадан қашып, шет елде бой тасалап жүрген көптеген азаматымызды қолға түсіріп, елге қайтаруға қол жеткізілді. Мұндай ауқымды жұмыстар әлі де кең көлемде жалғасуда. Бір уақытта бірнеше елдің аумағында қылмысты кәсіп етіп жүрген трансұлттық топтар болады. Солармен күресте жедел нәтижеге қол жеткізу үшін өзара ынтымақтастық жөніндегі келіссөздер жүруде. Алдағы уақытта көрші елдің аумағындағы қылмысқа біздің елдің азаматтарының қатысы болатын болса, қос елдің құқық қорғаушыларынан құрылған біріккен топ бірден оқиға орнына бара алатын болады. Ал қазір біздің топты өзге елдің аумағына өткізу, мәліметтер алу үшін сол елдің орталық органдарына сұрау салынады. Ол оқиға болған аумақтың атқарушы органдарына хат жібереді. Одан келетін жауап қаншалықты мардымды болатыны өз алдына, осы аралықта көп уақыт өтіп кетеді. Әлгі істің өзектілігі жойылады да, қылмыскерлерді анықтау күрделеніп кетеді. Егер осы бастама заңдық сипат алып, әрбір елмен ратификацияланатын болса, біз тағы бір қадам ілгері басқан болар едік. Бұл қылмысты жеңудегі ғана емес, ел дамуындағы да бір асу болмақ.
– Тергеу саласы – қым-қуыты көп детективті сала. Полиция болғысы келетін жасөспірімдерді бірінші кезекте осы қызықтыратыны да рас. Тергеушінің жұмысы кинода көрсететіндей соншалдықты романтикаға толы ма?
– Жоқ, әрине! Кино дегенің ұзын-сонар, қат-қабат, ұйқысыз-күлкісіз өткізілген күндер мен айлардың, тіпті, жылдардың қысқа ғана бірер сағаттық нұсқасы ғой. Бірақ, мамандығын сүйген адамға, қылмыстың жіп ұшын тауып, сауатты тарқатып, қылмыскерді анықтап, оның жазасын әділет органдарына табыстағаннан артық рахат жоқ. Біздің жұмыстың бір ерекшелігі – онда ұсақ-түйек деген нәрсе болмайды. Орын алған қылмыстың әрбір деталі назардан тыс қалмау керек. Мысалмен айтып берейін. Мен Абай қаласында жедел қызметте жүргенімде қарақшылық шабуыл жасап, ауқатты адамдардың үйлерін тонайтын төрт адамдық топ пайда болды. Жанармай құю стансаларының, дүкендердің, дәмханалардың иелерінің үйіне баса-көктеп кіреді де, оларды байлап-матап, қорқытып-үркітіп, жіппен буындырып, пакетпен тұншықтырып, үтік басып қинап ақша талап етеді. Бетперде мен қолғап киіп әрекет етеді. Ешқандай мүлікке тимейді. Тек ақшаны ғана алып кетеді. Содан іздестіре-сұрастыра келіп, төртеудің біреуінің ізіне түстік. Ол халықаралық жарыстарға қатысып жүрген боксшы екен. Оны ұстап тергеп жатырмыз. Қылмысын мойындап, жауап беруде. Бірақ, заң бойынша құр жауапты сот қабылдамайды. Нақты айғақтар болу керек. Әйтпесе, қылмыскер «мені ұрып мойындатты» деп жала жауып, сөзінен тайқып кетуі мүмкін.
Оқиға орнына барып, қарақшылық шабуылдың қалай болғандығын таспаға түсіріп жатырмыз. Соның өзінде заттай айғақтар, саусақ ізі, өзге де биологиялық-анатомиялық материалдар жоқ, күдікті сөзінен тайқып кетеді-ау деп ойлап тұрмын. Бір кезде ас үйге қарай өткенде, күдікті тоңазытқышқа қарағыштай береді. Оған менен басқа ешкім мән беріп тұрған жоқ. Сосын одан: «Тоңазытқышқа неге қарай бересің?», – деп сұрадым. Әуелі ол жауап бергісі келмеді. Бірнеше рет сұрадым. Кішкенеден соң: «Ішінде бір литрлік банкада таңқурайдың қайнатпасы бар еді», – деді. «Оны қайдан білесің?». «Қатты жақсы көрем, шыдай алмай жегем», – дейді. «Немен жедің?». «Қасықпен». Тоңазытқышты ашып қараймыз, банка жоқ. Содан үй иесінен сұрасақ, ол: «Иә, банка болған. Мен оны лақтырып тастадым», – дейді. Осылайша, күдіктінің осы үйде болғандығы бір банка қайнатпаның арқасында дәлелденіп шыға келді. Банка мен қасықты тауып, айғақ ретінде іске тіктік. Кейін әлгі күдіктінің көмектесуімен қарақшылық топтың өзге де мүшелерін қолға түсірдік. Олар Грузиядан келіп-кетіп жүретін «гастролерлер» болып шықты.
Мұндай мысал біздің жұмыста жетіп артылады. Сондықтан да тергеушінің жұмысы – инемен құдық қазғандай деп тегін айтылмайды.
– Әңгімеңізге рахмет!

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ,
суретті түсірген Вячеслав ГЕЛЬБЛИНГ

Сондай-ақ, оқыңыз

Велосипедтер базасы жасақталды

Жазғы маусымның басталуымен велосипед ұрлығы өзекті мәселеге айналады. Тек өткен мамыр айының ішінде 73 ұрлық …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған