Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қызмет / Милиция генерал-майоры Аманжол БЕЙСЕНОВ: ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРІ БОЛУ – ҮЛКЕН МӘРТЕБЕ

Милиция генерал-майоры Аманжол БЕЙСЕНОВ: ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРІ БОЛУ – ҮЛКЕН МӘРТЕБЕ

Аманжол… Қазақ ұрпағына берген есімге барлық арманын сыйғыза білетін халық. Ел басына күн туған соғыс кезінде туғандардың арасында Аманкелді деген есім жиі кездессе, ел қорғауға кеткен боздақтардың туған топыраққа аман келуіне ырымдап қойылған есім бұл. Аманжол дегенде де дүние есігін енді ашқан сәбиінің амандығымен бірге өмір жолындағы ұлы сапарда аман жүрсін, ұлықты болсын деген ниет басым. Соғыстан кейінгі ел енді-енді есін жиып, бес жылға жуық зобалаңда тұралап қалған шаруашылықтарды қайта көтеру жолында жанталасқан жылдардың бірі – 1949 жылы өмірге келген ұлының атын Аманжол деп атаған Мұсайын атамыздың да жүрек түкпірінде осындай ақ ниет тұнып тұрғаны мәлім еді. «Жақсы ниет – жарым ырыс» деген жақсы сөзбен сусындап өскен Мұсайын ақсақалдың тұңғышына берген есімін Алла ескерген сынды.
Біз бүгін әңгіме етіп отырған милиция генерал-майоры Аманжол Бейсенов кез келгеннің басына қона бермейтін бақыт – қатардағы тергеушіден генералға дейін көтерілген адам. Еселі еңбекпен өрнектелген өмір жолында Аманжол Мұсайынұлы ауыз толтырып айтуға болатын, мақтануға да тұратын жетістіктерге жетті. Ол атқарған лауазымды қызметтердің ішінде ең шоқтығы биігі – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары лауазымы. Аманжол Мұсайынұлы 1993 жылы осы қызметке келгенде еліміз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қым-қуыт кезеңді бастап кешіп жатқан болатын. Елімізге әсіресе қиын тигені – жетпіс жыл бойы бір мақсат, бір мүдде жолында тізбектелген өндіріс саласы ыдырап, әр республика өз бетінше тіршілік ету жолында жанталасқан кезеңде істің көзін табатын білікті мамандар елден кете бастады. Бұл қиыншылық ішкі істер саласын да айналып өткен жоқ. Осындай бір жаңадан қалыптасу, небір кедергілерден жол табу, сол арқылы егемендіктің арқасында жарқын болашаққа ұмтылу жылдарында жауапты қызметке келген А. Бейсеновтың Қазақстан полициясын қалыптастыруға сіңірген еңбегі зор. Қазақстан полициясының ширек ғасырлық мерейлі мерекесі қарсаңында біз Аманжол Мұсайынұлының әңгімесінен жылдар жылнамасына айналған кезеңдегі оқиғаларды еске түсіріп, біраз мағлұматқа қанықтық.
Сіз жиырма жылға жуық Ішкі істер министрінің орынбасары қызметін атқардыңыз. Негізгі мамандығыңыз – тергеуші. Әлбетте, облыстық деңгейде болсын, республикалық деңгейде болсын бірінші басшылыққа немесе оның ең жауапты орынбасарлығына мамандар қылмыстық-іздестіру саласынан келеді. Тергеуден көтерілетіндер некен-саяқ болатын ол кезде. Сіз қалай келдіңіз осы қызметке?
– Бұл сұраққа жауап беру үшін әңгімені әріден бастау керек. Мен Солтүстік Қазақстан облысына қарасты сол кездегі Совет ауданының орталығы – Смирново деген жерде мектеп бітірдім. Ол аудан қазір Аққайың деп аталады. Мектепте ең сүйіп оқитын пәндерім – алгебра мен геометрия болды. 1966 жылы орта мектепті тәмамдаған соң, КСРО Ішкі істер министрлігінің Омбы қаласындағы жоғарғы милиция мектебіне түстім. Оны бітірген соң, жолдаманы өзімнің Қазақстаныма берді. Кейін КСРО Ішкі істер академиясын тәмамдадым.
Ішкі істер саласындағы ең алғашқы еңбек жолымды Алматы облыстық Ішкі істер басқармасында аға тергеушіліктен бастадым. Негізінен мен, қазақша айтқанда, жықпыл-жықпылы көп, тергеуі қиын шаруашылық-қаржы саласында тіркелген қылмыстарды тергедім. Осы кезде маған мектепте математиканы жақсы оқығанымның көп көмегі тиді. Әрине, өз бетімше көп іздендім, көп оқыдым, үйрендім. Менің есепке жүйрік, әрі тыңғылықты істейтін қасиетімді ескерген болуы керек, 1974 жылы мені Қазақ КСР Ішкі істер министрлігіне аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушілік қызметке тағайындады. Арада біраз уақыт өткенде Ішкі істер министрлігі Тергеу басқармасында бөлім бастығы болып жүргенімде «Сен шаруашылық-қаржы саласын жақсы білесің, тәжірибе де жинақтадың» деп мені Алматы қалалық Ішкі істер басқармасына қарасты Социалистік мүлікті талан-таражға салуға қарсы күрес бөлімін басқарасың деп жіберді. Менің қызмет бабында көтерілуіме осы шаруашылық-қаржы саласын жақсы меңгергенім себеп болды.
– Аманжол Мұсайынұлы, қарапайым сұрақ – еңбек жолыңызды тергеушіліктен бастадыңыз. Тергеу – ішкі істер саласындағы ең бір жауапты жұмыс қана емес, адам тағдырын шешетін мамандық. Осындай жауапкершіліктің жүгін жүрексінбей арқалауда сізге бағыт-бағдар берген, қомқор болған адамдар болды ма?
– Әрине. Менің бір бақытым – ең алғаш тергеуші болып келгенде адамгершіліктері мол, нағыз өз ісінің білгірі болған мамандардың ортасына түстім. Бір кабинетте отырған Виктор Викторович Карпилович, соғысқа қатысқан Константин Сергеевич Власов сияқты азаматтар менің жақсы тергеуші болып қалыптасуыма ықпал етті. Сонымен қатар, облыстық Ішкі істер басқармасының бастығы болған Захар Павлович Волков, Сламбек Чукмаитұлы Чукмаитов та менің өмірімдегі ең бір өнеге тұтатын адамдар болды.
– Ал, ең алғашқы тергеген істеріңіз есіңізде ме?
– Енді қызметке кіріскенде маған облыстағы ең бір қайғылы оқиға – 28 адам қаза тапқан жол-көлік оқиғасын тергеу тапсырылды. Жантүршігерлік оқиға адамдар отырған автобус пен трактор таситын треллердің бетпе-бет соқтығысуы салдарынан болды. Біраз адам жарақат алды. Оқиға орнына республикалық деңгейдегі басшылар, Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратура басшылары келді. Қазір мені жассынбай сондай ауыр істі қалай берген деп ойлаймын. Бірақ, мені өзіме жүктелген жауапкершіліктер мен басшыларымның маған деген сенімі шыңдады, ізденуге және үйренуге ұмтылдырды.
Бұдан кейін маған тергеуге берілген қылмыстық істер сол шаруашылық-қаржылық істер болды. Мысалы, Ұйғыр ауданына қарасты орман шаруашылығындағы және Куликов тәжірибе шаруашылығындағы аса ірі мөлшердегі талан-тараж істері өте жауапты істер болды. Мысалы, Куликов тәжірибе шаруашылығында Америкадан әкелінген 59 бас асыл тұқымды сиырдың із-түзі қалмаған. Осы қылмыстық іс бойынша 12 адам жауапқа тартылды.
– Өзіңіздің әріптестеріңізді айыпталушы орындығынан көрген кезіңіз болды ма?
– Болды. Ішкі істер министрлігінде істеп жүргенде Тараз қаласындағы жүн өңдеу фабрикасында болған мемлекеттің мүлкін талан-таражға салу фактісі бойынша қылмыстық істі тергедім. Жауапқа тартылған жиырма шақты адамның ішінде 3 милиция қызметкері де болды. Әрине, погон таққан әріптестеріңді қылмыскер ретінде көру өте ауыр. Бірақ, мұндай оқиға өзіңнің ақ-адал жұмыс істеуіңе кепіл болады.
– Өзіңіз тергеген адамдармен кейін олар жазасын өтеп, бостандыққа шыққан соң кездескен жағдай болды ма?
– Иә, болған. Тіптен бір сотталып кеткен жігіт мені Милиция күнімен құттықтап түрмеден открытка салып тұратын. Мынандай да бір қызық оқиға болған. Мен Ішкі істер министрлігінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісімін. Қылмыстық іс бойынша КПЗ-да (алдын ала қамауда ұстау камерасы, қазіргі уақытша ұстау изоляторы) жатқан бір жігіттен жауап алдым. Ол күндегісінен көңілді көрінді. Себебін сұрасам, әйелі ұл туыпты. «Жолдас тергеуші, ұлым мен КПЗ-да отырғанда туды, есімін «КПЗ» деп қойсам қалай қарайсыз?», – дейді. Оның өзінің туған баласына тек күдіктілер мен қылмыскерлер жататын жердің атауын есім етіп еншілеймін дегені жүрегімді дір еткізді. «Мені тыңдасаң, балаңның атын «Бақыт» деп қой. Сенің өміріңді қайталамай, қайта бақытты азамат болып өссін», – дедім. Ертесіне қайта жауап алуға барсам, баласының атын «Бақыт» деп қойыпты.
– Жақсы тергеуші жылдар бойғы тәжірибе нәтижесінде қалыптаса ма, әлде…
– Қандай мамандықтың болмасын қыр-сырын үйрену үшін уақыт керек, тәжірибе – уақыттың жемісі. Бірақ, қалай дегенде де, тергеушіге тән қасиеттер адамның бойында туабітті болуы керек. Мысалы, сіздерде, яғни журналистерде шынайы дарын мен шешендік өнер болмаса, не жаза аласыздар? Тергеуші мамандығы да сол сіздердің мамандыққа жақындау. Біріншіден, тергеуші психолог бола алуы керек; екіншіден, расында да шешендік өнер де артық болмайды. Күдіктіден жауап алғанда алғашында бәрі де жалтарма жауаппен құтылғысы келеді, ешкім қолымен ұстап, көзімен көрмеген қылмыс болса, олар «мойындамасам құтылып кетемін» деген сеніммен бар өнерін салып жалтарады. Ал, тергеуші күдіктінің әр сөзін, керек десеңіз, әр қимылын аса шеберлікпен баға отырып, оны бұлтартпайтын сәтті дөп басуы керек. Сонда ғана айла-шарғыдан ештеңе шығара алмағанына көзі жеткен күдікті қылмыскерге айналып шыға келеді.
Тергеушіге аса қажет қасиеттің бірі – ұқыптылық. Мысалы, том-том істерді уақытында тігіп, қылмыстық істің әр бетіндегі фактіні еске сақтамасаң, тергеуді талапқа сай аяқтау мүмкін емес.
– Сіз жоғарыда алғаш тергеуші болып келгенде өзіңізге бағыт-бағдар берген мамандар жайлы айттыңыз. Кейін өзіңіз «осы тергеушілер менің мектебімнен өткен» деп айта алатын тергеушілер бар ма?
– Алматы облыстық Ішкі істер басқармасында істеп жүргенде Қоныстан Камалиденов, Әбукерім Мұқашев сияқты азаматтарға өз білгенімді үйреттім. Бұл жігіттер кейін өз ісінің нағыз шебері болды. Қолымнан келгенше жас тергеушілерге қамқор болуға тырыстым. Сондықтан да өзімді жақсы тәлімгер бола білдім деп есептеймін.
Жоғарыда айтып кеткенімдей, мен 25 жасымда Ішкі істер министрлігіне аса маңызды істер жөніндегі аға тергеуші болып бардым. Сол кезде де маған тәлімгер болған ІІМ Тергеу басқармасының бастығы Баялин Кабыш Кәрімұлы, Утяков Борис Абдрахманович, Орлик Анатолий Викторович сияқты білікті мамандардың қанатының астында жүріп шыңдалдым.
– Қиындығы көп болғанмен, қызығы да болып тұратын тергеу жұмысы жайлы біраз әңгімеледіңіз. Сіз жиырма жылға жуық министрдің орынбасары болып қызмет атқарған адамсыз. Өзіңіз қызметтес болған министрлердің кәсіби шеберліктеріне қандай баға берер едіңіз?
– Мен бес министрге орынбасар болдым. Г. Князев, М. Берсенев, В. Шумов, Қ. Сүлейменовтердің ешқайсысы да осал адамдар емес. Министрдің орынтағына екі рет отырған Қайырбек Шошанұлымен тонның ішкі бауындай жақын болдым десем, артық айтқандық емес. Қайырбек Шошанұлының принципшілдігі ұнайтын маған. Ол сол қайсар мінезінің арқасында көптеген түйіні қиын мәселелерді шешуге ықпал етті.
Еңбек жолыңызда тағы қандай қызметтер атқардыңыз?
– Жоғарыда айтып кеткенімдей, Алматы қалалық Ішкі істер басқармасына қарасты Социалистік мүлікті талан-таражға салуға қарсы күрес бөлімінің бастығы қызметінен қала бастығының бірінші орынбасарына дейін жеттім. Бұдан кейін Ішкі істер министрлігіне қайта шақырып, Социалистік мүлікті талан-таражға салуға қарсы күрес басқармасының бастығы қызметін біраз жыл абыроймен атқардым. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес Бас басқармасының бастығы болып та тағайындалдым. Кейін Ішкі істер министрлігіне қарасты Алматы қаласындағы Академияның, Көліктегі Оңтүстік-Шығыс Ішкі істер басқармасының бастығы да болдым.
Өмірдің ең басты байлығы не деп ойлайсыз?
– Денсаулық. «Дос-жаран ауырып қалғанда, елемей селсоқ жүрерсің. Әлекке ауру салғанда, қадірін жанның білерсің» деген сөз бар ғой. Мен қызметте жүргенде ауыр инсульт алдым. Міне, 14 жыл болыпты, аурумен алысып келе жатқаныма. Уақытпен санаспай жұмыс істеу, ұйқысыз түндер денсаулығыма әсер етті.
Өзіңізге адал достарыңыз бар ма?
– Менің ең адал досым – жан-жарым Ғалия Мухамеджанқызы. Қандай жауапты қызмет атқармайын, отбасына алаңдаған адам емеспін. Тағдырымдағы ең бір ауыр сәттерде, сын сағаттарда жанымнан табылған жалғыз адам – осы жан-жарым. Денсаулығы жоқ адамның кінәмшіл болатыны белгілі ғой. Бірақ, осы күнге дейін менің қас-қабағыма қарап, барлық жағдайымды жасап шырылдап жүрген адамнан артық қандай дос болуы мүмкін.
– Әңгіменің ауаны отбасыңызға қарай ауып келе жатқанда көмекейге бір сұрақ келіп тұр. Отанасы Ғалия Мұхамеджанқызының шаңырақтың шуағы екенін, сізге деген жанашырлығын келгелі байқап отырмын. Осындай жарасымды қарым-қатынастың бастауы – сүйіспеншілік екені көрініп тұр. Құпия болмаса, Ғалия жеңгемізбен қалай таныстыңыз? Қалай отбасын құрдыңыздар?
– Иә, әлемде сүйіспеншілік болмаса, не болар еді? Шынайы сүйіспеншілік дегеннің өзі махаббат емес пе? Біз сонау жалындаған жас шағымызда танысып, отау құрдық. Ғалияның үйі мен қызмет істейтін Ішкі істер министрлігіне жақын жерде болды. Екеуміз әрдайым аялдамада кездесіп қалып жүрдік. Екі-үш көрісуден соң таныса бастадық, таныстығымыздың арты кездесуге, кездесудің арты махаббатқа ұласты. Міне, қырық жыл бірге тұрып келеміз. Өмірдің ащысын да, тұщысын да бірге көріп келеміз. Халық арасында «бірінші жар таңдауда, екінші мамандық таңдауда қателеспеу керек» деген сөз жиі айтылады ғой. Сол рас сөз, мен осы екі талаптан да қателеспеген адаммын. Ғалияның мамандығы – микробиолог, Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетін, Мәскеу Ұлттық университетін бітірген, ол да өз саласының білгірі.
Офицерге, оның ішінде генералға жар болудың қиындығы көп екені белгілі. Ондай қиындыққа Ғалия Мұхамеджанқызы қалай көндікті?
– Ол ондай қиындықты сезінген жоқ. Себебі, өзі де офицер отбасында тәрбиеленген. Әкесі Мұхамеджан Киртаев – Ұлттық Қауіпсіздік комитетінде қызмет атқарған полковник.
Балаларыңыздың ішінде өзіңіздің жолыңызды қуғаны бар ма?
– Данияр және Мадияр атты екі ұлым бар. Мадияр ішкі істер саласында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасында капитан шеніне дейін жетті. Мен қатты ауырып қалған соң, қызметті тастап маған қарауға мәжбүр болды. Бүгінде екі ұлым да басқа салада жұмыс істейді. Қазір Алла берген немерелерім бар.
Өзіңіз бірге құрысқан Қазақстан полициясына биыл 25 жыл толып жатыр. Мерейлі мерекеге орай айтар тілегіңіз қандай?
– Еліміз тәуелсіздік алған ширек ғасырдың ішінде егемен Қазақстанның полициясы да бірнеше маңызды реформаны бастан кешірді. Бүгінгі Қазақстан полициясы – еліміздің ішкі тәртібін сақтауда шыныққан, орасан зор тәжірибеден өткен нағыз кәсіби құрылым. Дүниежүзін алаңдатып отырған терроризмге қарсы күресте де полиция қызметкерлерінің атқаратын ролі ерекше. Егеменді еліміздің тыныштығы үшін жауап беретін полиция қызметкері болу – үлкен мәртебе. Мен Қазақстан полициясының қиын да қатерлі міндеттерін орындауда абырой шыңына шығуларына тілектеспін.
Әсерлі әңгімеңізге рахмет. Сізді де төл мерекеңіз – Қазақстан полициясының 25 жылдық мерейтойымен құттықтаймыз.

Сұхбаттасқан Гүлнәр МАҒЗҰМОВА

Сондай-ақ, оқыңыз

Есілдегі ескерту шаралары

3 желтоқсанда елордалық ТЖ департаменті мен қалалық ІІД Жергілікті полиция қызметі қызметкерлері бірлесіп, Есіл өзенінде …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған