Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қызмет / Тұлпарды тақымдаған тәртіп сақшылары

Тұлпарды тақымдаған тәртіп сақшылары

«Жылқы – төрт түліктің төресі» дейді қазақ. Олай деуіне де негіз бар. Ата-бабаларымыз үшін жылқы малы мінсе – көлік, жесе – тағам, ішсе – сусын болған. Қолына найза ұстап елі мен жерін қорғаған батырларымыздың да айырылмас серіктері ретінде дәл осы жылқыны айтқан. Әрине, қазір жаугершілік заман емес. Оның үстіне төрт дөңгелекті темір тұлпарлар көлік құралы ретінде жылқының орнын басқалы қашан. Десе де, ер қанаты болған аттың қасиеті әлі де жоғалған жоқ. Оған мысал ретінде қалалық ІІБ Жол-патрульдік полициясы батальоны Атты әскер взводын айтуға болады. Автокөліктердің дөңгелегі тимейтін жерлерден өтуге мүмкіндігі бар Атты полиция қызметкерлері саяжайларды аралап, талай қылмыстың ашылуына септігін тигізуде. 2016 жылы 240 адамды айықтырғышқа жөнелтіп, 80-нен астам заң бұзушылықты анықтауға себепші болған Атты полициядағы жылқы көлігінің алар орны ерекше.

Сәйгүліктер сақадай сай
Биыл сәуірдің 15-інен қызметіне кіріскен Атты әскер взводы Шығыс Қазақстан облысында 1992 жылы құрылған болатын. Сол уақыттан бастап қазіргі күнге дейін әр жылдың сәуір айында Атты полиция қызметкерлері өз міндеттеріне бел сыбана кірісуде.
– Әр жыл сайын дағдыланған қызметті бастар алдында сараптама жұмыстарын жүргізіп отырамыз. Барлық саяжайлардың санын, ондағы тіркелген қылмыстарды анықтап, аралайтын маршрут картасын сызамыз. Көктем мезгілінің дәл ортасында басталатын біздің жұмыс негізінен қыркүйек-қазан айларына дейін созылады. Оған себеп – бекітілген ережеге сәйкес, ауа температурасы 20 градустан төмен болған жағдайда Атты әскер саяжайларға шыға алмайды, – дейді қалалық ІІБ Жол-патрульдік полициясы батальоны Атты әскер взводының командирі, полиция аға лейтенанты Айбек Заңғаров.
Бүгінгі таңда Атты әскер взводында 26 жылқы бар. Әр жануардың толықтай құжаттары рәсімделген. Кәрі аттар бірден сатылып, оның орнына жас тұлпарлар алынып отырады. Атты әскер құрылған жылы Үлкен Нарым ауылынан – 30, Айыртау ауылынан – 25, сонымен қатар, басқа ауылдардан келген жылқыларды қосқанда барлығы 81 ат әкелініпті. Сол аттар Өскемен, Семей, Риддер қалаларына бөлініп берілген. Қылмысты әшкерелеуге демеу болып келе жатқан жүйрік жылқылардың жем-суын беруге арнайы адамдар жалданады. Дәл қазір Өскемендегі Атты әскер взводындағы сәйгүліктерді қарау үшін 4 ат баптаушы, 1 ұста және 1 ветеринарлық дәрігер тағайындалған.
– Атты полицияда жылқылардың азықтық жем-шөбін алу үшін шаруа қожалықтарымен келісімшартқа отырамыз. Бұл взводты құрудағы негізгі мақсат – автокөліктер жүре алмайтын жолдарды, саздауыт учаскелерді кезіп, таулы жерлерде жүреміз. Аралайтын саяжайлардың маршруты жыл сайын өзгеріп отырады. Биыл Телемұнара аумағын күзетсек, келесі жылы Соградағы «Титан» саяжайын басты назарға аламыз. Осылайша, бір орында ғана тұрақтап қалмаймыз. Айта кету керек, Әуежай жақтағы саяжай тұрғындарынан да ұсыныстар түсіп жатыр, – дейді Айбек Заңғаров.

Тізгінде – шымыр жігіттер
Бекітілген тәртіпке сәйкес, Атты полиция қызметкерлеріне бір күнде салт атпен 6 сағаттан артық жүруге болмайды. Олар саяжайларды түнде емес, күндізгі уақыттарда аралайды. Взвод қатарына аттың жалында өскен, ат үстінде мығым отыратын жігіттер таңдап алынған. Солар салт атпен жүріп-ақ өткен жылы 57 қылмысты ашқан екен. Оның ішінде: 8 тонау, 32 бұзақылық, 17 ұрлық анықталыпты. Көлік бара алмайтын жерлерден араққа құмартқан маскүнемдер де талай мәрте ұсталған. Соның нәтижесінде 240 адам айықтырғышқа жөнелтіліпті. Соған қоса, 2016 жылы Атты полиция взводы 80-нен астам әртүрлі құқық бұзушылық фактілерін анықтады.
– Қыс бойы өз саяжайларында болмаған тұрғындар жаз шыққанда «Заттарым жоғалды, дүниемді ұрлап кетті» деп бізге хабарласады. Сондай-ақ, «Бәлен жерде біреулер ішімдік ішіп отыр» деп қоңырау шалатындар жиі кездеседі. Қоқыс тастағандар мен қажетсіз заттарын дұрыс өртемеген адамдарды да ұстап жатамыз. Осы ретте бір қызық жағдай есіме түсіп отыр. Былтырғы жылы шамамен, маусым айында бір азамат саяжайдан велосипед ұрламақшы болады. Оны көтеріп алып автокөлігіне салып жатқанда Атты полиция қызметкерлері Ержан Оралханов пен Қуаныш Қызыров байқап қалады. Қылмыс барысында көзге түскен ұры оқиға орнынан дереу қарасын батырмақ болған. Алайда, жігіттер оны қуып жетіп, қолға түсірді.
Ипподромда көкпар ойыны өтетін кезде біз сонда кезекшілікте боламыз. Сол жерде ылғи төбелес, текетірес, жағажыртыс орын алады. Оларды бір-бірінен сөзбен немесе қолмен айыру мүмкін емес. Сондай сәттерде арнайы газбаллон құтыларымен қаруланған Атты әскер взводының полицейлері бұзақыларды бес-бестен екі жақтан қоршап алады. Содан кейін қырғын төбелестің ортасына шауып келіп газбаллонды бүркіп жібереді. Сол сәтте бәрі жан-жаққа тым-тырақай қаша жөнеледі, – дейді аға лейтенант Айбек Заңғарұлы.
Атты полиция взводы өзге кездейсоқ туындаған оқиғалар кезінде тұрғындарға қол ұшын созуға әзір. Оған мысал ретінде былтырғы жылы із-түзсіз жоғалған бір адамды іздестіруде дәл осы взвод полицейлері ықпалды көмек көрсеткенін айта кету керек. Сонымен қатар, Ұлан ауданының орталығы Қасым Қайсенов кентінде жоғалған малдарды іздестіру шаралары барысында айрықша белсенділік танытты.
– Қыс бойы мінілмеген аттарды қызметімізді бастамас бұрын қайта үйретіп аламыз. Айына бір рет Атты полиция қызметкерлері дайындық шараларын жүргізіп тұрады. Бізге белгіленген міндеттерді барынша жауапкершілікпен атқаруға тырысамыз. Тұрғындар арасынан Атты әскер взводының жұмысына ешқандай арыз-шағым келіп түскен жоқ, – деді полиция аға лейтенанты.

Өскемен қалалық ІІБ баспасөз қызметі

Сондай-ақ, оқыңыз

Әскери әндер әуеледі

9-10 маусым күндері Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының жүлдесі үшін «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында дәстүрге айналған өңірлік …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған