Мәңгілік сапта

Ақтөбеде осыдан бір жыл бұрынғы қанды оқиға тек шаһар халқын ғана емес, барша елді дүрліктіріп, көңілге қаяу түсірген еді. Ислам атын жамылған бір топ лаңкестер қасиетті оразаға қарамай, қала ішінде ойран салып, қарапайым халықты үлкен әбігерге салды.
Нәтижесінде қару-жарақ дүкендерінен қарудың түр-түрін иемденген қаскөйлер бірнеше адамды мерт қылып, Ұлттық ұланның әскери бөліміне баса- көктеп кірген еді. Мақсаттары – қару-жарақ қоймасындағы жауынгерлік қаруларға қол жеткізу. Бірақ, олардың бұл арам ойлары еш жүзеге аспады. Қандықол қылмыскерлердің жолына Ұлттық ұлан жауынгерлері бөгет болды. Өкінішке қарай, лаңкестерге тойтарыс беру кезінде бірнеше әскери жарақат алып, майор Даниэль Майлыбаев, кіші сержант Берікжан Қалиев, қатардағы Досбол Сапар ерлікпен қаза тапты.
Өткен аптада Ақтөбе қаласында оқиғаның бір жылдығына орай еске алу күні өтті. 6655 әскери бөлімінің аумағында жиналған жұртшылық қаза тапқан ерлерді еске алып, 2016 жылғы 5 маусым күні лаңкестер шабуылына тойтарыс берген 6655 әскери бөлім әскери қызметшілерінің ерлігі мен қайсарлығына арналған «Мәңгілік сапта» акциясын өткізді.
Оған Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, генерал-майор Мұхаметқали Сатов, «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Берік Омаров, мемлекеттік мекемелер, құқық қорғау органдарының басшылары, ерлік көрсеткен жауынгерлер мен қаза тапқан әскери қызметшілердің ата-аналары мен туыстары қатысты.
Жиналған жұртшылық ең алдымен әскери бөлім аумағындағы қаза тапқан жауынгерлердің есімдері бар мемориалдық кешенге гүл шоқтарын қойды. Батырлардың рухына тағзым жасап, бір минут үнсіздікпен еске алды. Бұдан соң ескерткіш маңында шағын митинг өтіп, іс-шараға қатысушылар жиынның мән-маңыздылығына тоқталды.
«Осыдан бір жыл бұрын Ақтөбе қаласында қайғылы оқиға болды. Құқық қорғау және күш құрылымдарының бірлесе әрекет етуі нәтижесінде қаскөйлерге тойтарыс беріліп, олар сәйкесінше жазаларын алды. Біздің ендігі міндетіміз – осындай оқиғалардың қайталануына жол бермеу. Атыс кезінде қаза тапқан азаматтардың есімдері ешқашан ұмытылмайды. Ата-аналары мен туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, бүгін тағы да көңіл айтамыз. Бұл шара ең алдымен қайтыс болғандар үшін емес, тірілер үшін керек деп ойлаймын. Өйткені, осы жауынгерлердің ерлігі үлгісінде біздің жастарымыз, келешек жас буын тәрбиелену керектігі сөзсіз», – деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев. Бұдан соң өңір басшысы қаза тапқан және ерлік көрсеткен әскерилердің балаларына арнап Ресей Федерациясының Орынбор аймағындағы демалыс орындарына 15 тегін сертификат табыс етті.
Жиында сөз алған Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, генерал-майор Мұхаметқали Құсайынұлы: «Бүгінгі күнді мен қаралы жиын емес, керісінше, ерлік пен қайсарлық күні дер едім. Өйткені, біздің жауынгерлер көзсіз ерлік көрсетті. Лаңкестердің жолына тосқауыл болып, оқиғаның әрі қарай шиеленісуіне жол бермеді. Сондықтан олардың ерліктері ешқашан ұмытылмайды. Біз ерлерді мәңгі есте сақтаймыз. Өйткені, олар мәңгілік сапта», – деді.
Қаза тапқан жауынгер, қатардағы Досбол Сапардың анасы Жұлдыз Құдабаева да сөз сөйлеп, еліміздің келешегі білімді де талапты, қайсар да батыр ұлдардың еншісінде екенін тілге тиек етті: «Мен Досболдың анасы ретінде ұлымның Отан қорғау жолында опат болғанына еш өкінбеймін. Мен тек баламның өмірден ерте кеткеніне қиналамын. Ешкімнің отбасында мұнда» ауыр қаза болмасын», – деді.
Сол күні лаңкестермен атысқан қатардағы Артем Авдеев те ағынан жарылды. Ол өзімен бірге қызмет жасап, лаңкестерге тойтарыс берген жауынгерлер әрқашан да елдің есінде қалатынын атап өтті.
Одан кейін жиналған қауым өткен жылғы оқиғаға қатысқан және қаза тапқан әскери қызметшілерге арналып 6655 әскери бөлімінің 2-ші атқыштар ротасында салынған «Мәңгілік сапта» естелік тақтасын ашты. Тақтаның шымылдығын ашу құрметі қаза тапқан жауынгерлер Досбол Сапардың әкесі Еркінбек Әбдіқадыров пен Берікжан Қалиевтың анасы Гүлжан Ереноваға берілді. Естелік тақтасы әскери борышын атқару кезінде қаза тапқан әскери қызметшілер ерлігінің, қайсарлығының көрінісі. Олардың барлығы жоғары рухани күшімен, Отанға деген сүйіспеншілігімен ерекшеленді. Олар мәңгілікке біздің арамызда қалады.
«Мәңгілік сапта» акциясы аясында Ұлттық ұланның ән-би ансамблі қалалық филармонияда қала тұрғындары мен әскери оқу орындар, мектеп оқушылары және әскери қызметшілерге арнап патриоттық рухтағы концерт берді. Оның барысында генерал-майор Мұхаметқали Сатов қаза тапқан жауынгерлердің ата-аналары мен ерлік көрсеткен жауынгерлерге құрмет көрсетіп, бағалы сыйлықтар тарту етті.

Руслан ЖАНГУЛИН, Ақтөбе қаласы

Сондай-ақ, оқыңыз

Орталық аппарат қысқы киімге көшті

12 қазан күні Ішкі істер министрлігінде Ұлттық ұланның әскери оркестрінің қатысуымен орталық аппараттың жеке құрамы …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған