Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қызмет / Бетбұрыстар мен өзгерістердің ширек ғасыры

Бетбұрыстар мен өзгерістердің ширек ғасыры

Биыл Қазақстан полициясының құрылғанына – 25 жыл. Тарих таразысына салғанда қас-қағым ғана уақыт көрінгенімен, егемен елдің даму тарихында қалыптасу кезеңін аяқтап, кемелденетін уақыт. Ұрпақтар сабақтастығының нығайып, тәлімгерлік мектебінің түлейтін межесі. Соған орай, Ішкі істер министрлігінде де еңбек өтілі 25 жылдан асқан білікті мамандарымыз аз емес. Мерейтой қарсаңында солардың бірқатарынан сұхбат алған едік.
ІІМ Тергеу департаментінің Аса қауіпті қылмыстарды тергеу басқармасының бастығы, полиция полковнигі Мейрам Шаяндиннің құқық қорғау, соның ішінде криминалистика саласында жүргеніне тура 32 жыл толыпты. 1964 жылы Торғай облысы, Амангелді ауданы, Коммунизм жолы кеңшарында өмір есігін ашқан ол әскерден келген соң, еңбек жолын 1985 жылы 14 маусымда Торғай облыстық ІІБ-ның кеңестік және партиялық органдарды қорғау взводының милициясы болып бастаған. 1986-1990 жылдары Қарағанды милиция жоғары мектебінде оқып келіп, 1998 жылға дейін Арқалық қалалық ІІБ-де тергеу саласында қызмет атқарған. Кейін осы жылы қызмет бабымен Астана қаласына ауысып келіпті. Өткен еңбек жылдарының шежіресі полиция полковнигінің көкейінде сайрап тұр.
«1992 жылы 23 маусымда Тәуелсіз Қазақстанның тарихында «Ішкі істер органдары туралы Ереже» қабылданғанын білесіздер. Содан бері қарай, міне, 25 жыл өтіпті. Әрине, полиция қызметі оған дейін де болды ғой. Бірақ, Қазақстан билігінің алдында кадрлық құрамы ең көп саналатын құқық қорғау құрылымын жаңа заманға сай қайта реформалау талабы тұрды. Мен кеңес милициясының мектебін көрген маман ретінде, бұл бетбұрыстар мен өзгерістердің әр кезеңнің өзіне тән сипатын меңгере отырып жүзеге асқанын атап өтер едім. Сонау қиындығы көп 90-жылдары тәуелсіздігін жариялаған жас мемлекеттер даму жолы, қалыптасу моделін таңдай бастады. Біздің еліміз Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында «соқтықпалы соқпақсыз» жолдан аман-есен өтті. Бүгінгі шиеленістен ада бейбіт қоғамда өмір сүріп жатқанымыздың бірден-бір кепілі – Елбасымыздың көп векторлы саясатының жемісі.
Әрине, мұның барлығы бізге оңайлықпен келген жоқ. Ішкі татулықтың бірден-бір тетігі – ішкі істер қызметінің сапасын арттыруда жатыр. Еліміздің кешенді даму қанатының аясында Қазақстан полициясы да 25 жылдық белестен абыроймен өтті», – дейді Мейрам Жаппасұлы. Оның айтуынша, еңбек жолындағы ең күрделі уақыт – 90-жылдардың қиын-қыстау кезеңдеріндегі криминалдық ахуалдың асқынған шағы. Әйтсе де, құқық қорғау саласы бұл қиындықты да еңсеріп, қылмыстың ушығуына жол берген жоқ. «Полицияның қарыштап дамығаны секілді криминал әлемі де бір орында тұрмайды ғой. Кейде осы екі қарсы әлемнің бір-бірінің дамуына қозғау салатын кездері де кездеседі. Өйткені, олар текетірескен байырғы қарсыластар емес пе? Әйтсе де, полиция қызметі қашан да қоғам дамуында да, қылмыспен күресте де бір қадам ілгері тұруы тиіс деп санаймын», – дейді ол.
Тәуелсіздік алған жылдары хаттамаларын жартылай қолмен, жартылай машинкаға теріп, тіпті кейбір айғақтардың суретін қолмен салған кездер Мейрам Жаппасұлының әлі есінде. Көлік қат, оқиға орнына кейде атпен, тіпті жаяу баруға да тура келген кезеңдер болған. «Осы қиыншылықтар бүгінгі күнмен салыстырғанда «тас дәуіріндей» екен ғой. Ал қазір жазған қағазың бір батырманы басып қалсаң, зу етіп діттеген жеріңе түседі. Бұрынғыдай сабылып жүрмейсің, сарылып күтпейсің», – дейді тәртіп сақшысы. Сол жылдары ұрлық-қарлық, қарақшылық, кісі өлтіру сияқты қылмыстардан бөлек, нашақорлық, жезөкшелік, рэкет сынды қылмыстар да етек алғаны белгілі. Бұл ішкі істер саласының онсыз да ауыр жұмысын одан сайын қиындата түскен. «Әйтсе де, полиция қызметкері қандай қиындықтарды жеңуге әзір тұруы тиіс. Өйткені, ішкі істер органдарына қызметке барамын деп шешім қабылдаған әрбір адам – қандай қадамға барғалы тұрғандығын дұрыс сараптап алуы қажет. Мұнда тәртіп қатал, өзіңді ұмытып, бар ынта-зейініңмен жұмысқа берілуің керек. Біліктілігіңнен бөлек, дене даярлығың да мықты болуға міндетті. Сондықтан да полиция қызметкері болуға екінің бірі келе бермейді. Кандидаттарды іріктеп аларда да олардың психологиялық, физикалық дайындығына баса назар аударылады. Полиция болу – нысанды киім кигеніңе мақтану емес, қиын қызметті алып жүргеніңе мақтаныш болуы тиіс», – дейді полиция полковнигі.
Мейрам Шаяндиннің бұл салаға келуіне әкесі ықпал етіпті. Әскерден өмірді пайымдап, шыңдалып оралған ортаншы ұлына әкесі Жаппас өзі отыз жыл ғұмырын арнаған ішкі істер саласына баруға кеңес еткен. Мұның алдында үлкен ұлы бас тартқан соң, династияны жалғауды Мейрамға тапсырған екен. Әкесінің тәрбиесі мен қызметін көріп өскен жас балаға ішкі істер саласына бейімделіп кету еш қиындық тудырмаған. Әке ақылы мен тәлімі де үлкен көмек болған. «Қазіргі әріптестерімнің қатарында мен қызмет жолымды бастаған жылы дүниеге келген жастар бар. Тәуелсіздік алған жылдары туылған кейінгі буын өкілдері де бар. Соларға ақылымды айтып отырамын. Нысанды киім кигенің – сені қандай да бір қабілетпен ерекшеленіп тұруға міндеттейді. Білім жағынан болмаса да, адамгершілігің, тәртібің, дене даярлығың мықты болу жағынан сен өзгелерге үлгі бола алуға тиіссің. Полиция қызметкері – жазалаушы емес. Ол – түзеуші. Ортақ заң бар, тәртіп бар. Полиция қызметкері – сол заң мен тәртіптің сақшысы. Сондықтан да ол ең әуелі өзін түзеуі тиіс. Осы жолда үнемі ізденісте, үнемі жетілу үстінде болуға міндетті», – дейді Мейрам Жаппасұлы.
Аға буын өкілі «әр заманның өз зауалы» барын айтады. Кеңес кезінде бұл криминалдық элементтерден бөлек, мемлекет мүлкін талан-таражға салушылармен күрес болса, бүгінгі заманның қаупі одан да зор. Қазір сын-қатерлер жаңаша сипат алды. Жаһандық ауқымға шықты. Терроризм, экстремизм, киберқылмыс сияқты аждаһа құбылыстар әлемді шарпып барады. Олар үшін шекара жоқ, заң жоқ, құндылық жоқ. Біздің елде де осы құбылыстар қылаң бере бастады. «Сондықтан да ендігі буынның еншісі – бізден берілер білік пен өздері алған білімді одан әрі жетілдіре отырып, жоғары сапалық кәсіби деңгейге қол жеткізу. Қоғам дамуында реттеуші күшке ие полиция қызметі ешқашан да тұралап қалмауы тиіс. Бұл саланы әлі де тың реформалық бетбұрыстар мен өзгерістер күтіп тұр», – дейді ол.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ, суретті түсірген Вячеслав ГЕЛЬБЛИНГ

Сондай-ақ, оқыңыз

Газды пайдаланудың түйінді мәселелері

Жамбыл облысы ТЖД базасында облыс әкімінің орынбасары Бекболат Орынбековтың төрағалығымен түрлі сипаттағы газ құрылғылары арқылы …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған