Басқы бет / «Сақшы» газеті / Аймақ айшығы / Қаһарман әріптестерін еске алды

Қаһарман әріптестерін еске алды

Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының офицерлері, келісімшарт бойынша әскери қызметшілері мен сарбаздары 5571 әскери бөлімі «Мәңгілік тағзым» ескерткішінің алдында сап түзеп, бір жыл бұрын Ақтөбе қаласындағы 6655 әскери бөліміне жасалған лаңкестік шабуыл кезінде ерлікпен қаза болған әріптестерін еске алып, бір минуттық үнсіздік жариялады. Артынан қаза болғандардың рухына тағзым етіп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Әскери қызметшілердің көрсеткен ерліктері мен қайсарлықтарын дәріптеуге арналған митингте сөз алған Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Сабыржан Сүлейменов: «Қайтыс болған есіл ерлердің қайғысы олардың жақын туыстарының ғана емес, бүкіл елдің ортақ қайғысы. Олардың табандылықпен көрсеткен ерліктері ешқашан ұмытылмайды, мәңгілік жүрегімізде сақталады, өскелең ұрпақ үшін өшпес ерлік пен Отанға адалдықтың үлгісі болып қалады», – деді.
Еске салып өтер болсақ, 2016 жылдың 5 маусым күні лаңкестік әрекет кезінде қылмыскерлерге алғашқылардың бірі болып қарсы ұрыс жүргізген майор Даниэль Майлыбаев, кіші сержант Берікжан Қалиев және қатардағы Досбол Сапар жанқиярлық ерлікпен қаза тапты. Сонымен қатар, келісімшарт бойынша екі әскери қызметші мен мерзімді әскери қызметтегі төрт сарбаз түрлі дәрежедегі жарақаттар алған болатын.
Әскери міндетін орындауда көрсеткен ерен ерлігі мен қайтпас қайсарлықтары үшін майор Даниэль Майлыбаев ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен (қайтыс болғаннан кейін), кіші сержант Берікжан Қалиев (қайтыс болғаннан кейін), қатардағы Досбол Сапар (қайтыс болғаннан кейін), қатардағы Бақтияр Қайырбеков ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталса, қатардағылар Сырым Сүндетов пен Денис Чернышов «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Айдос БАЙШАҒЫРОВ, Алматы қаласы

Сондай-ақ, оқыңыз

Құтқарушылар көрмеге сақадай сай

Жуырда № 16 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған