Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қоғам және заң / Қылмысты ашуда уақыт шешуші күшке ие

Қылмысты ашуда уақыт шешуші күшке ие

Атырау – күн санап көркейіп, аумағы кеңейіп келе жатқан қала. Қалада жеке секторлардағы үйлердің көптігі өз алдына, жаңадан бой көтеріп жатқан құрылыс нысандары да күн санап артуда. Құрылыс қарқынды жүргізіліп жатқан қалада қылмыстың дені осы құрылыс аумақтарында тіркеледі. Олардың көп бөлігін ұрлық-қарлық фактілері құрайды. Оның ішінде қоғамдық резонанс тудыратын аса ауыр қылмыстар, яғни, қарақшылық, біреудің мүлкіне қол сұғу оқиғаларының үлесі айтарлықтай көп емес. Атырау қалалық Ішкі істер басқармасы №1 қалалық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ерболат Досмағұлов бізбен әңгіме барысында мұндай қылмыстардың ізі суымай ашылатынын айтып, ірі көлемде шығын келтірген қарақшылық шабуылдарға кеңінен тоқталды.
Сәуір айында Атырау қалалық ІІБ №1 қалалық полиция бөлімінің кезекші бөліміне тұрғын үйге қарақшылық шабуыл жасалғаны туралы хабарлама түседі. Қала тұрғыны Болат Кужиев есімді азаматтың үйіне екі белгісіз адам басып кіріп, ақша талап етеді. Бұл уақытта үйде Болат Кужиевтің күйеу баласы, бала күтушісі, үй қызметшісі болады. Қарақшылар үйді басына төңкеріп ақша іздейді, ештеңе таба алмайды. Осы мезетте үй иесі келіп қалып, жағдайды қантөгіссіз шешу үшін өз қолымен сейфтен 7 мың долларды алып береді. Бетперде киген қарақшылар оларды ойыншық қарумен үркітіп-қорқытып, тырп еткізбеген. Қарапайым азаматтар ойыншық тапаншаны шынайы қарудан қайдан ажырата қойсын?! «Суық» қаруды шошаңдата бергендердің ығына жығылғаннан басқа амалдары болмаған.
«Бізге бұл туралы хабарлама түсісімен, дереу Атырау облыстық ІІД Криминалдық полиция басқармасының, Атырау қалалық ІІБ басшыларымен бірге оқиға орнына аттандық. Ұйымдасып жедел әрекет етуіміздің арқасында бұл қылмыстық істің фигуранттарын жедел іс-шаралар жүргізу кезінде қолға түсіріп, істі ізін суытпай бір тәулік ішінде аштық. Қылмыстың ашылуына көршілерінің бейнебақылау камераларының көп көмегі тиді. Бақылау камераларынан олардың бет-жүздері көрінбегенімен, үйден шығып бара жатқан кездері анық түсіп қалған. Жедел тергеу тобы бас фигурантты Құлсары қаласында қолға түсірді. Күдікті кінәсін толық мойындап, қасында болған 4 адам туралы айтып берді. Қылмыс жасаған жас жігіттер Атырау, Құлсары қаласының тұрғындары болып шықты. Бес адамнан құралған қылмыстық топ ұйымдасып әрекет еткен. Олар алдымен объектіні таңдап алып, сол туралы анықтама жүргізген. Қомақты мөлшерде қаражатты қалталарына баспақ оймен қаладағы ауқатты адамдар тұрады-ау деген үйді таңдап алған», – деді бөлім бастығы Ерболат Бейсенбайұлы.
Әккі қарақшыларды қолға түсіруде Атырау облыстық ІІД Криминалдық полиция жеке құрамы, қалалық Ішкі істер басқармасының жедел уәкілдері, тергеу тобы көп тер төкті. Бөлім бастығы олардың ішінде жедел уәкіл Руслан Байтенов пен №1 қалалық полиция бөлімі бастығының жедел жұмыстар жөніндегі орынбасары Аслан Болаттың есімдерін ерекше атап өтті.
Сәуір айында Атырауда аса ауыр қылмыс саналатын қарақшылық шабуылдың тағы бір дерегі 26 сәуір күні Атырау қаласының «Көкарна» шағын ауданында тіркелген. Аталған шағын аудандағы коттедждердің біріне қарақшы басып кіріп, 24 млн теңге ақшаны қалтасына басады. Бұл кезде үйде қожайынның апасы ғана болған. Зардап шегуші қашып бара жатқан қарақшының соңынан жүгіріп шығып, дауыстап айғайлаған көрінеді. Сол кезде оның көршісі қарақшының қашып бара жатқанын көріп қалып, оның ізіне түседі. Бұл саяжай алқабы болғасын, еркін жүріп-тұру қиындық тудырады. Жәбірленушінің көршісі екі қарақшыны көлікпен қуады. Жаяу қашып келе жатып олар екіге бөлініп кетеді. Ол солардың бірінің соңына түседі. Қашқын жолға шығып, такси тоқтатпақшы болады. Сол кезде Ұлттық ұланның екі жауынгері мен №1 қалалық полиция қызметкерінен тұрған кезекші жасақ солардың алдарынан шыға келіп, қарақшыны алысқа ұзатпай ұстайды.
«Жедел іздестіру жұмыстарын жүргізіп, қарақшының жүріп өткен жолында тығып кеткен ақша мен бағалы бұйымдар тәркіленіп алынды. Күдіктілердің бірі бұрын сотты болған Мақат ауданының тұрғыны болып шықты. Екінші күдікті де көпке ұзамай ұсталды», – деді өз сөзінде Ерболат Досмағұлов.
Аталған қылмыстық істердің ізі суымай ашылуына әсер еткен бірден-бір фактор – зардап шегушілердің тиісті органдарға дер кезінде хабарлауы. Мұндай жағдайларда уақыт шешуші күшке ие екенін ел-жұрт енді түсініп, тез арада полиция қызметкерінен араша сұрайтын болған. Бұл біріншіден халықтың «Полиция қызметкері – қорғаушым» деген түсінігі қалыптасып, көзқарасы түзелгенінің айғағы.

Жадыра МЫРЗАХМЕТ, Астана – Атырау – Астана, Сурет автордікі

Сондай-ақ, оқыңыз

Алаяқтарға алданғандар қатары көп

Бостандық аудандық ІІБ тергеу бөлімінің өндірісінде қайтарымсыз несие алып беремін деп азаматтарды алдап келген ер …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған