Елорданың сенімді қорғанышы

Астана қаласын су басу қаупі бар ма? Болған, бірақ бүгінде ол қауіптің алды алынған, дейді елордалық ТЖД мамандары. Осыдан 24 жыл бұрын, яғни 1993 жылы Ақмоланы су алып кете жаздаған оқиға тіркеліпті. Оған тасқын суды біртіндеп өткізіп тұратын шлюздің бұзылуы себеп болған. Мұндай үлкен мөлшердегі су тасқыны он жылда бір қайталанып тұратын көрінеді.
Сол себепті, жергілікті билік Астана қаласын тасқын судан қорғау үшін дамба салуды ұйғарады. Бүгінгі таңда Астана қаласының сыртында көктемгі тасқын судан қорғайтын дамбаның барын жергілікті тұрғындардың бірі білсе, бірі біле бермейді. Аталмыш өткелдің атқарып отырған қызметін оқырмандарға жақынырақ таныстыру мақсатында, біз ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі Орталық Қазақстан аймақтық басқармасына бас сұққан болатынбыз. «Қазселденқорғау» мекемесі қалалық әкімдік пен «Су ресурстарын қорғау және пайдалануды реттеу жөніндегі Есіл бассейн инспекциясы» мемлекеттік мекемесі, Астана қаласы ТЖ департаментімен бірге тығыз байланыста жұмыс істеп келеді.
Биыл елордамызда жылдағыға қарағанда қар қалың түсті. Жергілікті халық қардың көп жауғанынан су басып қала ма деп қатты алаңдады. Мекеме басшысы Ернат Сұраншиев қыс мезгілінде қар көп жауса да, Астананы су басу қаупі болмағанын айтады.
– 2015 жылы «Астана қорғау су» дамбасына «Астана (Вячеславка) су» қоймасынан 245 млн текше метр су келді, оның 188 миллионы үш айдың ішінде ақырын-ақырын Есілге ағызылды. Былтыр 65 миллион текше метр су келген, ал жалпы нысанға 2010-2016 жылдары аралығында жалпы 500 млн текше метр су жиналып, жоспарлы түрде аз-аздан Есіл өзені арқылы жіберіп тұрдық, – деді Е. Сәбитұлы.
Сонымен, стратегиялық нысан 2006-2010 жылдары Елбасының тапсырмасы бойынша Астана қаласын тасыған судан қорғау мақсатында салынған. Құрылысы бес жылға созылған су бекеті Ақмола облысындағы Аршалы және Целиноград аудандарында орналасқан. Астана қаласының оңтүстік-шығысы ауданымен іргелес жатыр. Есіл өзені Астана қаласының орталығы арқылы шығыстан батысқа қарай ағады. Оң жағалауда қаланың ескі бөлігі орналасса, сол жағалауында жаңа орталық орын тепкен. Есіл өзені арнасынан тасып кеткен жағдайда қаланы стратегиялық қорғаудың маңызы зор. Себебі, Астананың сол жағалауында Президенттің Ақ үй резиденциясы, Парламент пен Үкімет, министрліктер мен басқа да мемлекеттік мекемелер орналасқан.
Осыған байланысты, 2002 жылы 12 желтоқсанда Президент «Астана қаласын дамыту туралы» хаттамада Төтенше жағдайлар министрлігіне, Үкіметке Астананы Есілдің суы алып кетпес үшін инженерлік қорғаныс салу туралы ұсыныс енгізуді тапсырған болатын. Үкіметтің қаулысымен 2002 жылы 27 желтоқсанда «Астана қаласын Есілдің суынан қорғау» туралы жобалық-сметаның құжатын дайындайтын мердігер болып «Казгидроводхоз институты» өндірістік кооперативі анықталды.
Жалпы, қаланы қақ жарып ағып жатқан Есіл өзенінің қайнаркөзі Қарағанды облысындағы Нияз тауындағы бұлақтан басталады. Өзеннің ұзындығы – 2450 шақырым, Ақмола облысы бойынша ұзындығы – 1027 шақырым. Есілдің деңгейі бірқалыпты саналғанымен, көктемгі еріген қардың салдарынан бірден көтеріліп кетуі мүмкін. Көктемгі тасқын қаупі негізінен сәуір айының басынан мамыр айының ортасына дейін жалғасады. Өзен арнасы еріген судың есебінен толығады. Сондай-ақ, Ақбұлақ пен Сарыбұлақ өзендері де келіп құяды, дейді мамандар.
«Өткен жылы жиналған су мөлшерден көп болғандықтан, шілденің басына дейін еріген қар суы кетпестен жатып алды. Себебі, ақырын еріген қардан су аз келеді, ал бірден күн жылып кетсе, су көп келеді. Бұл ауа райына да байланысты. Сосын қар қалың болғанымен, ерімей ұзақ тұратындары да болады. Егер осы дамба салынбағанда 2014-2015 жылы да Астананың сол жағалауына қауіп төнер еді. Ал қазір астаналықтар тыныш, қауіпсіз ұйықтай беруіне болады», – дейді Е. Сұраншиев.
Биыл көктемде Төтенше жағдайлар қызметкерлері өткізген рейд барысында елордамызда су басуы мүмкін 37 учаске бары анықталған еді. Оның ішінде ең қауіптісі – Есіл ауданы болатын. Алайда, жауған қардың көп бөлігі наурыз айының соңында-ақ еріп, сәуірдің басында күн жылып кеткендіктен, өзен-көл арналары таси қойған жоқ. Яғни, табиғаттың өзі су қорын шектен шығармады. Қысқасы, су тасу оқиғаларының алдын алу және салдарын жою үшін 48 инженерлік техникамен (бульдозер, эксковатор, кран, тиегіш және КамАЗ) қамтамасыз етілген 125 адамдық шұғыл әрекет ету жасағы, Ішкі істер органдарының 402 адамдық тобы, т.б. жұмылдырылды.
Сөзімізді түйіндер болсақ, Ақмола облысының шеткі аймақтарын су басқанымен, дер кезінде көмек көрсетіліп, апаттың алдын алды. Ал Астана су тасқынынан зардап шекпеді.

Жансая СЫДЫҚБАЙ, Суреттер автордікі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*