Ерікті жасақтың жәрдемі зор

Өскемен қаласында полицияның қоғамдық көмекшілер институты өте жақсы дамыған. Соның ішінде Ерікті халық жасағының жұмысы кеңінен жолға қойылыпты. Кәсіпорын қызметкерлері мен студенттерден тұратын топ бүгінде әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алуда ғана емес, салдарын жоюда да полиция қызметкерлеріне үлкен қолғабыс жасап отыр.
Өскеменде қоғамдық көмекшілер жасағын құру 2011 жылы сол кездегі облыстық ІІД бастығы, бүгінде Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-майоры Рашид Жақыповтың бастамасымен жүзеге асқан екен. Сол жылдың қазан айында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен ІІД бастығы Рашид Жақыпов Ерікті халық жасағын құру туралы шешім қабылданған. Әуелгіде үш жасақ құрылыпты. Олар – «Казгипроцветмет» ЖШС қызметкерлерінен және С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті мен Шығыс Қазақстан техникалық университеті студенттерінен тұратын жасақтар. Кейін жыл санап жасақтардың қатары арта түскен. Облыстық әкімдік жүргізген мониторинг негізінде Үлбі метталлургия зауыты жасағы, «КазЦинк» жасағы құрылған. Одан соң Г.В. Плеханов атындағы Мәскеу-Қазақстан университетінің, Қазақстан-Америка еркін университетінің жасағы қосылған. Кейіннен медициналық, педагогикалық, техникалық, заң колледждердің студенттерімен толыға бастаған. Осылайша, бүгінде оқу орындары мен өндіріс орындарынан шыққан 613 адамнан тұратын 13 ерікті халық жасағы күн сайын учаскелік инспекторларға, патруль қызметтеріне еріп кезекшілікке шығып жүр. Ерікті халық жасағын милиция полковниктері Александр Цыбулин мен Виктор Колтыгин басқарады. Екеуі де ұзақ уақыт Өскемен қалалық ІІБ-де қызмет еткен отставкадағы офицерлер. Бірі – құрама жасақтың командирі болса, екіншісі – штаб бастығы.
«Бірінші кезекте осы қоғамдық бастамаға қолдау жасап отырған мекемелер мен оқу орындарының басшыларына алғыс айтқым келеді. «Казгипроцветмет» кәсіпорнының басшысы Тоқан Шәйжүнісов жасақтан бөлек, бізге ешқандай ақысыз өнеркәсіп жанынан отыратын орын бөліп берді. Бұл жерде сабақ өткізетін сынып кабинеті, штаб пен №22 полиция тірек пункті орналасқан. Ал «КазЦинк» АҚ кәсіпорнының үлкен өндіріс екенін білесіздер. Ол мекемеден әр аптаның бейсенбісі күні 10 қызметкер кезекшілікке келеді. Оларға әр шыққаны үшін мекеме 1500-2000 теңгеден ақы төлейді. Бұл олар үшін үлкен стимул. Ал ҮМЗ және тағы басқа мекемелер еңбек демалысына үш күннен қосып ынталандырып отыр. Сол сияқты, оқу орындарының басшылары студенттердің қоғамдық белсенділіктерін арттыру үшін де осы қадамға баруда.
Жалпы жасақ арасындағы ең белсенділері – оқу орындарының студенттері. Өйткені, кәсіпорын қызметкерлері аптасына бір-ақ рет келеді. ҮМЗ сейсенбі, «КазЦинк» АҚ сәрсенбі, «Казгипроцветмет» ЖШС бейсенбі күндері шығады. Ал студенттер күнде келеді. Барлығы да бірінші кезекте күн сайын сағат кешкі алтыда тікелей штабқа жиналады. Осы жерде оларды түгендеп, телім-телімдер бойынша бөліп, нұсқаулық өткізіп, тапсырмаларын береміз. Ең басты талап біреу – жасақ мүшесі кезекшілікке міндетті түрде полиция қызметкерімен бірге шығуы тиіс. Учаскелік инспекторлармен, жасөспірімдер ісі жөніндегі инспекторлармен немесе патрульді-бекет қызметі қызметкерлерімен бірге ғана жүре алады. Оларға ермей, өз бетінше кезекшілік жасауға тыйым салынады. Біз оларды осы қызметкерлерге табыстаймыз да, қайта оралғанын күтеміз. Олар барып қайтқан жақтарынан жасаған жұмыстары жөнінде анықтама алып келеді. Бізде күніне 30-40 адам кезекшілікке түседі», – дейді штаб бастығы Виктор Васильевич.
Кезекші жасақ мүшелерінің негізгі белгілері қолдарына тағылатын жетон белгісі бар көк түсті таңғыштар. Және әрқайсысына қызметтік куәліктер беріледі. Олардың атқаратын жұмыстары – учаскелік инспекторларға еріп арнайы және алдын ала есепте тұрғандарға, айыппұл, алимент, өзге де қаржылық міндеттемелерін төлемегендерге және тағы да басқаларға мекенжайлары бойынша бару, жасөспірімдер ісі жөніндегі инспекторларға еріп үй-үйлерді аралау, көшеде сандалып жүрген балаларды анықтап, ата-аналарына апарып табыстау, балалармен, ата-аналармен профилактикалық әңгімелесулер өткізу. Көмекшілердің көмегі көп тиетін жері – куәгер болуында екен.
«Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы бүгінде құқық қорғау органдарының алдына ұсақ құқық бұзушылықтарға «мүлдем төзбеушілік» қағидатын қалыптастыру міндетін қойып отыр. Осы мақсатта біздің қалада бірнеше жерден тірек бекеттері ашылды. Онда патрульдік-бекет батальонының қызметкерлері отырады. Сол жерде біздің жасақ мүшелері де кезекшілік жасайды. Жолды белгіленбеген жерінен кесіп өткен, қоғамдық орында ішімдік ішкен, темекі шеккен және тағы да басқа азаматтарды жауапқа тартуға атсалысады. Бұл жерде олар куәгер ретінде қатысады. Жалпы отбасылық жанжалдарда, көңіл көтеру орындарында немесе көшеде «полиция қызметкері мені ұрды» деп жала жауып жататындар кездеседі. Сол кезде оның қасында қоғамдық көмекшісі бар екендігін көрген олар бұл әрекеттерінен тартынады. Олар сотқа жүгінген жағдайда да сот егер куәгер ретінде ерікті жасақ мүшесі тартылған болса, бірден шағымданушының арызын теріске шығарады. Қоғамдық көмекшінің берген жауаптарына сенеміз деп кесіп айтады.
Сондай-ақ, Есірткімен күрес басқармасы қызметкерлері үшін де олардың көмегі көп. Өйткені, олар біреулерді ұзақ уақыт аңдиды да, ұстайтын кезде түннің ішінде әрекет етуге тура келіп жатады. Ал түннің ішінде куәгерлерді қайдан табарсың. Осындайда кезекшілікте жүрген жасақтың көмегіне жүгінеді. Біз оларға алдын ала түнгі кезекшілікке шығатын адамдарымызды дайындап қоямыз. Олар операция дайын болған күні бізге хабарласады да, жасақ кезекшілерін алып кетеді. Аңдыған топты немесе жекелеген адамды ұстаған кезде бірден сол жерде қоғамдық көмекшіні куәгер ретінде тартып құжат толтырады. Бұл құжаттар сотта кедергісіз қаралады. Өйткені, қоғамдық көмекшілердің куәлік еткендігіне сот үлкен сенім білдіреді», – дейді құрама жасақтың командирі Александр Сергеевич.
Ардагер милиция қызметкерлерінің айтуынша, жасақ құрамында болып, тәртіп сақшыларына көмектесудің жасақ мүшелері үшін, соның ішінде жастар үшін үлкен тәрбиелік пайдасы бар. Өйткені, олар тәртіп бұзғанның, қылмыс жасағанның арты не болатынын түсіне бастайды. Кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі инспектормен еріп тұрмысы нашар отбасыларына барғанда әке-шешесі маскүнем, балалары кір-қожалақ үйлерді көреді. Тәртіпсіз-тәрбиесіз өмір сүрудің не екендігін біліп, саналарына түйеді. Оның үстіне жасақ басшылары да оларға әрдайым ақыл айтып отырады. «Өздерің осындай болмаңдар, достарыңа да, туыстарыңа да, аға-апа, іні-қарындастарыңа да айтыңдар» деп ескертеді. Сондықтан бұл қоғамдық бастаманың мәні тереңде жатыр.
«Жастарды бұл іске тартудың тағы бір тиімділігі – оқу орындарындағы тәртіптің жақсарғандығы. Мәселен, біздің қозғалыс құрылмай тұрып Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде студенттердің сабақ үстінде бір-бірін пышақтаған оқиғалар болған. Сондай-ақ, студенттер арасында жанжалдасу, топтасып төбелесу оқиғалары жиі болатын. Ал әр оқу орнында ерікті жасақ ашылғалы бері мұндай жағдайлар тыйылды. Өйткені, біздің жасақ мүшелері кезекшіліктен тыс уақытта да қоғамдық жұмыстарын тастамай, өздері оқитын оқу орындарындағы тәртіпті қадағалап отырады. Студенттердің көпшілігі оларды жақсы таниды, кей уақыттарда олардан келіп көмек сұрап, жағдайларын айтып жатады. Ал жасақ мүшелері кикілжіңді жағдайларды тәртіп сақшыларының араласуына дейін апармай, тараптарды татуластырып, ескертумен шектелуге тырысады. Сондықтан да жұмысымыз тек кезекшілік атқарумен ғана шектеліп қалмайды. Заңға бағыныштылық бізде оқу орны қабырғасынан-ақ нығая түседі деуге негіз бар.
Жасақ мүшелерін өздері оқитын оқу орындарында жақсы таниды деуімнің себебі, ол университеттерде Ерікті халық жасағы бұрышы орналасқан. Бұрышта жасақтың кезекшілік кезіндегі жұмыстары фото-мәтін түріндегі көрнекі құралдармен көрсетілген. Олардың суреттері, аты-жөндері, әкімшілік құқық бұзушылық заңнамасынан үзінділер, жасақ қатарына шақыру туралы хабарламалар ілінген. Одан бөлек, біз соңғы уақыттары әкімдік жанындағы Жастар орталығымен өзара қарым-қатынасты тығыз жолға қоя бастадық. Осыдан үш жыл бұрын олармен келісімшартқа отырғанбыз. Енді бүгінде орталықтың белсенді жастарымен жиі-жиі кездесулер өткізіп тұрамыз. Түрлі спорттық шаралар ұйымдастырамыз», – дейді штаб бастығы Виктор Васильевич.
Жоғары оқу орындарындағы кейбір жасақ мүшелерінің саны 80 адамға дейін жетеді. Ал колледждерде 20-25 адамды құрайды. Өйткені, колледждердегі оқушылардың басым бөлігінің жасы 18-ге толмаған. Ал Ережеге сәйкес тек жасы 18-ден асқан азаматтар ғана жасаққа мүше бола алады. Сондықтан жасаққа тек 3-4 курс студенттері алынады. Ал 1-2 курс студенттері колледж жасағына алынады да, олар оқу орнының аумағында кезекшілік жасайды. Үзілістер кезінде тәртіпті бақылайды, кіріп-шығу режимін қадағалайды. Кейін 18-ге толған соң, ЕХЖ-ға ауысып келе алады.
Біз әңгімелесіп отырғанда №9 тірек пунктінде кезекшілігін аяқтаған екі қыз бала оралды. С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың 3-курс студенттері екен. Қоғамдық бастамаға қолдау білдіріп жүрген қос құрбыны әңгімеге тартты.
«Университетімізде жасаққа қатысып жүрген тобымыздың аты «Қыран» деп аталады. Осында келіп жүргенімізге үш жыл болды. Аптасына екі рет шығамыз. Әртүрлі шақыртуларға барамыз. Түрлі құқық бұзған азаматтарды кездестіреміз. Отбасында жанжал шығарған адамдарды да көреміз. Олармен тәртіп сақшылары жұмыс жасап жатқан кезінде араласпай, сырттай көмектесіп қана тұрамыз. Бұл жұмыстар өзіме қатты ұнайды. Өзім бастапқы әскери дайындық факультетінде оқимын. Болашақ мамандығыммен байланысы бар деп ойлаймын», – дейді Қызылорда облысының тумасы Айзада Мұзарова.
Ал Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан қаласынан келген Қаламқас Ерланқызы: «Құқықтану мамандығында оқып жатырмын. Көбінесе тірек пункттерінде учаскелік инспекторларға құжат толтыруға көмектесеміз. Болашақ мамандығыма тікелей қатысы болғандықтан, тәжірибе жинақтау үшін керек деп ойлаймын. Бұл жұмыстың қаншалықты қиын екендігін, қандай төзімділікті қажет ететіндігін байқап, көріп жүрмін. Болашақта осы салаға келуім мүмкін», – дейді.
Айзада мен Қаламқас Өскеменге «Серпін» жастар бағдарламасының аясында келген екен. Айтуларынша, осы бағдарламамен мұнда оқуға келгендер көп. ЕХЖ-ға да белсене араласатындар солар. Өйткені, бұл қала өмірінің тыныс-тіршілігімен кеңірек танысуға берілген аз ғана мүмкіндіктің бірі екен. Мұнда көптеген таныстар мен достар таптық, дейді олар.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ, Астана-Өскемен-Астана,Сурет автордікі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*