Мұңайлы астана сақшыларына жүктелген міндет зор

Атырау облысы – еліміздегі экономикалық өсімі жоғары өңірлердің бірі. Осы облысқа барған іссапарымыз барысында ішкі істер органдарының қызметімен танысып, өңірдегі тәртіп сақшыларының алдындағы негізгі екі міндет – ең алдымен қызыл балық қорын сақтау және мұнай ұрлығына жол бермеу екендігіне көз жеткіздік. Атырау облыстық Ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Аян Дүйсембаев осы және өзге де міндеттер жайында тарқатып айтып берді.
Аян Сәбитұлы, әңгімеміздің әлқисасын Атырау облысы полициясының бүгінгі тыныс-тіршілігінен бастасақ.
– Жалпы Атырау облысында 7 аудан, 1 қала бар. Осы елді мекендердің бәрінде полиция бөлімдері бар. Әкімдіктер тарапынан полиция қызметкерлеріне үнемі қолдау көрсетіліп келеді. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өңірдің қылмыстық ахуалын жақсарту үшін аянып қалып жатқан жоқ. Қылмыстардың көп бөлігі облысқа қарасты аудандардың емес, Атырау қаласының еншісінде. Мәселен, өңірдегі барлық қылмыстың 80 пайызы Атырау қаласында орын алады, қалған 10-15 пайызы ғана аудан-ауылдарда тіркеледі.
Неліктен қылмыстың басым көпшілігі қалада орын алады десеңіз, Атырау халқының саны соңғы 10 жылда 100 мыңға өсті. Қала аумағы да ұлғайды. Халық саны көбейгенімен, полиция қызметкерлерінің құрамы өзгеріссіз қалды. Қаланың шеткері жақтарында жарықтың, судың толық өткізілмегеніне қарамастан адамдар үй тұрғызып алып, тұрып жатыр. Құрылыс жүріп жатқан аумақтарда бақылаудың жоқтығынан тонау, ұрлық-қарлық қылмыстары көптеп орын алатыны айтпаса да түсінікті. Үй қожайындары құрылыс заттарын қараусыз қалдырып кетеді де, ұрыларға ұрынады. Бүгінде бұл үлкен проблемаға айналып отыр. Бақылаудың жоқтығына себеп – кезінде бұл аудандарға учаскелік пункттер қарастырылмаған. Жалпы облыстағы оннан аса елді мекенде учаскелік пункттер жоқ. Ал бұл аудандар қаладан шалғай жатқасын полиция қызметкерлерінің барып-келуі қиындық тудырады. Жалпы алдағы уақытта облыс әкімдігінің қаржылай қолдауымен 34 учаскелік бекет ашу жоспарда бар.
Біздің облыстың бір ерекшелігі – Ішкі істер департаменті жеке құрамы 99 пайыз қазақ ұлтының өкілдерінен тұратындықтан, құжат айналымы 100 пайыз мемлекеттік тілде жүреді. Селекторлық жиналыстар, аппараттық кеңестер тек қана мемлекеттік тілде өткізіледі. Біздегі өзге ұлт өкілдері де мемлекеттік тілді еркін меңгерген.
Облыс аумағында негізінен қандай қылмыстар көп тіркеледі? Олар қаншалықты ашылып жатыр?
– Атырауды мұнайлы астана деп айтып жатырмыз. Сондықтан бұл қалаға келімді-кетімді жұртшылықтың қарасы мол. Көрші облыстың тұрғындары арасында Атырауға келіп-кетіп жұмыс істейтіндер аз емес. Көші-қон саябырсымай, құрылыс қарқынды жүргізіліп, бизнес қауымдастық белсенді жұмыс жасап жатқан жерде бақылау да осал болуы тиіс емес.
Облыстағы қылмыстық ахуал былтырғымен салыстырғанда 10,3 пайызға төмендеді. Нақтырақ айтқанда, ағымдағы 4 айда облыста 3225 қылмыс тіркелді. Қазір аса ауыр қылмыстардың ашылу көрсеткіші жағынан республика бойынша Атырау облысы алғашқы орындардан көрініп жүр. Ерекше атап өтетіні, облысымызда аса ауыр қылмыстар ізі суымай ашылады. Орташа ауыр қылмыстар саны 23 пайызға төмендеген. Бұл – зорлау, тонау, қарақшылық, бұзақылық, пәтер ұрлығы біршама азайды деген сөз.
Өңірде орын алатын қылмыстардың басым бөлігі – ұрлық-қарлық. Ол жалпы қылмыстардың 62,1 пайызын құрайды. Республика көлеміне қалта ұрлығы бойынша Атырау Алматы қаласынан кейін екінші орында. Әрине, мақтанатын нәрсе емес. Ұрлықтың ушығуына дағдарыс салдары да себеп. Өздеріңіз білесіздер, адам баласын аздыратын да жұмысы жоқтық.
Бізде ұрлыққа қарсы мемлекеттік бағдарлама бар. Сол бағдарлама негізінде қаладан бөлек, аудандар мен ауылдарда ұрлық-қарлықты төмендетуге қатысты мақсатты жұмыстар атқарылып отыр. Біз алдағы уақытта да қылмыс ахуалының жақсаруына бар күш-жігерімізді жұмсап, осы мақсатта жұдырықтай жұмылып қызмет ете береміз.
Атырау аймағында қоғамдық тәртіпті толықтай қамтамасыз етуге полиция қызметкерлері жеткілікті ме?
– Атырау облысында алты жүз мың тұрғын бар. Өңірде құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге полиция күші жеткілікті. Алайда, бүгінде облыстың ішкі істер органдарында 290-ға тарта бос жұмыс орны бар. Ішкі істер органдарына жұмысқа тұру үшін үміткерлер Мемлекеттік істер департаментіне сынақ тапсыруы керек. Кеше ғана мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан, Отан алдындағы борышын өтеп келген үміткер бұл сынақтан сүрініп жатады. Сол себепті ішкі істер органдарына қызметке тұрам деген үміткерлерді осы сынаққа дайындайтын сыныптар аштық. Атырау облыстық ІІД Кадр басқармасы үміткерлердің тізімін жасап, қалалық басқарма жанынан ашылған даярлық сыныптарында оқыту жұмыстарын ұйымдастыруда.
Бүгінде облысқа қарасты елді мекендерде тәртіп пен бақылау күшейтілген. Біздің аймақтың басқа облыстарға қарағанда тағы бір ерекшелігі – республика бойынша тек Атырауда ғана Балық қорғау қызметі бар. Осыған дейін судағы полицияның өзен жағасында ғимаратының болмауына байланысты көптеген қиындықтар туындайтын. Күз болса көлік құралдарын (катер, қайық) автокөлікке тиеп, оны орталыққа әкеліп, әрлі-берлі сабылатын. Бүгінде бұл мәселе толықтай шешілді, облыс әкімінің қолдауымен су жағасында орналасқан ескі мейрамхананың ғимаратын меншігімізге алып, реконструкция жүргіздік. Қазір қайықтардың тұрағы өзен жағасында, хабарландыру түскен бойда тәртіп сақшылары жедел қайыққа отырады.
Полицейлердің қоғамдағы имиджін қалыптастыруға бағытталған қандай идеологиялық жұмыстар атқарылып жатыр?
– Қазіргі уақытта полиция имиджін, қоғамның оң көзқарасын қалыптастырудың бірден-бір құралы – БАҚ. Сол арқылы полицейлердің күнделікті атқарған жұмыстары жарияланып отырады. Бұл ретте әлеуметтік желілер де айтарлықтай күшке ие. Осы мақсатта біз фейсбук, твиттер, инстаграмдағы ресми парақшаларымыздың жұмысын жандандырдық. Тек соңғы бір аптада осы желілер арқылы азаматтардан келген 6 өтініш қаралып, мәселелері шешілді.
Сондай-ақ, «Қазақстан-Атырау» телеарнасында біздің ұсынысымызбен «Телепатруль» апталық бағдарламасы шығарыла бастады. Аты айтып тұрғандай, бұл бағдарлама – өңір полицейлерінің өнімді жұмыстарын көрсетуді мақсат тұтқан. Алайда, көгілдір экран арқылы көпшілікке жол тартқан бағдарлама бір ізге түсті деп айту ертерек. Себебі, жуық арада ғана қолға алынған телевизиялық жоба болған соң, олқы тұстары да болады. Алдағы уақытта халық бағасын бере жатар. Бұның барлығы полиция қызметкеріне деген оң көзқарас қалыптастыру, халық сенімінен шығу жолында атқарылып жатқанын айта кеткен жөн.
Құқық бұзушылықтарды анықтап, дер кезінде әрекет ету үшін қаладағы бейнекамералардың көмегі көп. Жалпы, Атырау қаласы бойынша қанша бақылау камерасы орнатылған?
– Әрине, кала тәртібін бақылау, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде бейнекамералардың көмегі зор. Тонау, адам денсаулығына қасақана зиян келтіру, ұсақ бұзақылық, ұрлық фактілерін әшкерелеуде және көше тәртібін нығайтуда бақылау бейнекамераларының айтарлықтай көмегі тиеді. Бұл техникалардың да қызмет көрсету мерзімі бар. Мәселен, Атырауда биылдыққа істен шыққан 256 бақылау камерасы жойылды. Ал жаңадан сатып алынған 300 камераны халықтың тығыздығы жоғары шағын аудандарға орналастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Ал облысымыздың Құлсары секілді стратегиялық маңызы жоғары қаласында камералардың жоқтығы салдарынан қарапайым жол қозғалысы ережесін бұзу жағдайларын дәлелдеу қиынға соғып отыр. Алайда, бұл мәселе де жуық арада оң шешімін табатын болады.
Қылмыспен, құқық бұзушылықпен күресте басқа қандай қиындықтар кезігіп жатыр?
– Атырау еліміздің шетінде орналасқандықтан, қылмыс жасап, шекара асып кететіндер көп. Мәселен, Ресей Федерациясының аумағына не болмаса Маңғыстау арқылы Өзбекстанға өтіп кетіп жатады. Сол себепті, қала сырты бақылауын күшейту үшін 5 бақылау бекетін салғалы жатырмыз. Атырау транзитті қала болғасын, шекараны шегелеп, келіп-кететін көліктерді тексеруді күшейту маңызды.
Атырау транзитті қала деп жатырсыз, өңірде көші-қон мәселесі қалай реттеледі?
– Атырау облысына алыс шетелдерден келетіндердің легі саябырсымайды. Сондықтан облыстағы көші-қон үрдісі үнемі бақылауда. Биылдың өзінде алыс-жақын шетел мемлекеттерінің 45 мыңға жуық азаматы келіп кеткен. Атырау облысында жалпы саны 600 мыңдай халық болса, оның 300 мыңға жуығы – облыс орталығында. Оған сырттан келушілерді қосқанда, қала халқының саны шамамен 330 мыңға барады. Облыс полицейлері осы бағытта жұмыла әрекет етіп, көші-қон мәселелерін реттеп отыр.
Атырауды балықтың отаны десек артық емес. Заңсыз балық аулайтындардың жолын кесу қалай жүргізіледі және жылына браконьерлерден шамамен қанша тонна балық тәркіленеді?
– Атырау сақшыларының алдында тұрған екі мәселе – ең алдымен қызыл балық қорын сақтау және мұнай ұрлығына жол бермеу. Осы орайда, Үкіметтің заңсыз балық аулаушыларға қарсы бағдарламасы бар. Жыл сайын сәуір мен маусым аралығында балықтың уылдырық шашуына байланысты, балық аулауға 2 ай көлемінде тыйым салынады. Осы аралықта дәстүрлі түрде жыл сайын браконьерлердің жолын кесуге бағытталған «Бекіре» балық қорғау акциясы өкізіледі. Осы мақсатта арнайы жедел топтар құрылады.
Сонда да қорғауға алынған су маржандарына қол сұғатындар азаймай отыр. Мәселен, биыл Жайық-Каспий бассейнінде бекіре тұқымдас және басқа да балықтар түрлерін сақтау шараларын күшейтуге бағытталған «Бекіре-2017» кең ауқымды балық қорғау акциясы кезінде браконьерлер мен алыпсатарлардан бас-аяғы 62 тонна 245 келі балық тәркіленді. Оның 2 тонна 516 келісі – Қызыл кітапқа енгізілген балық түрлері, сондай-ақ, бекіре тұқымдас балықтар. Одан бөлек, браконьерлерден бекіре тұқымдас балықтардың 11 келі уылдырығы, 3622 мың балық аулау құралы тәркіленіп, 123 қылмыстық іс қозғалды.
Еліміздің батыс өңірлерінде діни экстремизм мәселесі өткір тұрғаны белгілі. Өңірде жат ағымдардың жетегінде кеткен, өзге діннің құрсауынан шыға алмай жүрген деструктивті діни ағым ұстанушыларымен қандай жұмыстар жүргізіледі?
– Атырау облыстық Ішкі істер департаменті өз құзыреті шеңберінде жүргізген жоспарлы жұмыстары нәтижесінде 41 қылмыстық іс қозғалды. Оның ішінде дәстүрлі емес діни ағымды ұстанушылар тарапынан заңсыз қаруды меншіктеу, балық қорына қол сұғу, ұрлық-қарлық дәйектері анықталды. Жүйелі түрде жүргізілген жұмыстың нәтижесінде, былтыр халықаралық деңгейде өз әрекеттерін жүзеге асырған қылмыстық топ құрықталды. Осы оқиғаға толық тоқталатын болсам, деструктивті діни ағымдағы бұрын сотты болған азамат ұрланған телефондарды Алматыға жібермек болған жерінде ұсталып, оған қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық іс жүргізу кезінде осы іс бойынша екінші күдікті анықталды. Олар қалта ұрыларынан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, қолды қылған телефондарын Алматы арқылы Қырғызстанға жөнелтіп отырған. Бұл қылмыстық топ тамырын тереңге жайған. Олардың Алматы қаласында алыпсатарлықпен айналысқан сыбайластары да ұсталды. Олар 2015 жылдан бері Бішкек қаласына ұрланған телефондарды жіберіп отырған.
Бұл қылмыстық топтың үстінен ҚК-нің 5-бабы бойынша іс қозғалды, топтың 19 мүшесі анықталып, 14-і уақытша ұстау изоляторына жабылды. Олардан 90-нан астам телефон тәркіленіп, оның тең жартысы иелеріне қайтарылды.
Қырғызстан асып кеткен ұялы телефондарды қайтару мақсатында осы жылдың көктем айында Атырау полицейлері Қырғызстанға жұмыс сапарымен барып, ел аумағынан Қырғызстанға өткен 6 телефонды тәркіледі. Осы бойынша Қырғызстанның жедел қызметтеріне тапсырма жүктеліп, олар қазақстандықтардан ұрланған телефондарды тәркілеп, елімізге қайтаратын болды.
Жолдағы жағдайға ауыссақ. Жол ережелері бойынша жауапкершілік қатаңдатылғаннан кейін ахуал бір қалыпқа келген болар?
– Атырау – тоғыз жолдың торабында орналасқан қала. Былтырмен салыстырғанда облыстағы көліктер 2520-ға артып, жалпы саны 153 мыңға жуықтады. Бізде бүгінде 514 жол-патрульдік жасағы қызмет атқаруда. Жұмыстың нәтижелілігі негізгі көрсеткіштердің өзгеруінен аңғарылады. Айталық, биыл жол-көлік оқиғаларының саны 6,4 төмендеп отыр. Сонымен қатар, осындай оқиғалар кезінде жарақат алғандар мен қаза тапқандар саны бойынша көрсеткіш 45 пайызға жақсарды.
Полиция мен халық арасын жақындату өткен жылы құрылған Жергілікті полиция қызметі өзін ақтап жатыр ма?
– Әлбетте, Жергілікті полиция қызметі мамандары өздеріне жүктелген жауапкершілікті сезіне отырып, халықтың сенім үдесінен шығу жолында еңбектеніп келеді. Айтар болсақ, содан бері учаскелік инспекторлардың жұмысы жандана түсті. Мәселен, олардың өзіне жүктелген аумақ тұрғындарымен кездесулері жиі өткізілетін болды. Бұған дейін, тұрғындар учаскелік инспекторларын білмеген болса, Жергілікті полиция қызметі құрылғалы учаскелік инспекторлар үй-үйді аралап, тұрғындармен жақын таныса бастады. Сонымен қатар, өздері туралы мағлұматты және телефон нөмірлерін тұрғындарға таратып, мейлінше халық алдында ашық бола түсті.
Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Жадыра МЫРЗАХМЕТ
Астана-Атырау-Астана

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*