Ел қорғаған еңселі ер

Жуырда Қазақстан полициясының 25 жылдығына орай, Қарағанды қаласы Мемлекеттік күзет қызметі басқармасының қызметкерлері Ұлы Отан соғысының ардагері, ішкі істер органдарында 38 жыл қызмет еткен отставкадағы ішкі қызмет полковнигі Николай Волдыревтың шаңырағында болып қайтты.
Николай Васильевич 1927 жылы Пенза облысының «Красный пахарь» ұжымшарында дүниеге келген. 5 жасынан еңбекке араласқан бозбала 1944 жылы Қызыл әскер қатарына шақырылып, майданда Отан қорғау жолында жаумен айқасқа қатысты. 1945 жылы соғыс іс-қимылдары тоқтатылғаннан кейін қыркүйек айында әскерден босап, Ішкі істер министрлігі әскери тұтқындарға арналған лагерь жүйесіне қызметке жіберілді.
Құмтас өндіру лагерінде Николай Васильевич аға вахтер, жедел уәкіл, инспектор, кадр жұмысының аға инспекторы қызметтерін атқарды. Жалпы алғанда, ол кадр жұмысы бөлімінде 11 жылдан астам уақыт жұмыс істеп, онда жедел уәкілден бөлім бастығына дейінгі кәсіби өрлеуден өтті. Н. Волдырев соңғы 10 жылында ІІБ ведомстводан тыс күзет басқармасы қызметінің бастығы лауазымында еңбек етіп, сол жерден зейнеткерлікке шықты.
Жуырда Николай Васильевич 90 жылдық мерейтойын атап өтті. Қарағанды облысы мамандандырылған күзет қызметі басқармасы басшылары ардагерді мерейтоймен құттықтап, бағалы сыйлықтар табыстады. Басқарма бастығы, полиция полковнигі Бақыт Қарабаев құттықтау сөзінде жастарға тәлім-тәрбие беруде үлес қосқаны үшін ардагерге шексіз алғысын білдіріп, деніне саулық, отбасына амандық тіледі. Николай Васильевич келген қонақтарды жылы ілтипатпен қарсы алып, елдің тыныштығын, қызметте табыс тілеп, көк байрағымыз көкте желбірей берсін деп ақ батасын берді.
Құрметті ардагер 2-дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Мінсіз қызметі үшін», «Еңбек ардагері» медальдары, сонымен қоса, басқа да мемлекеттік марапаттарға ие болған.

М. ӘМІРХАНОВА, Қарағанды қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*