Абыройлы офицер

Биыл Қазақстан полициясының құрылғанына 25 жыл толады. Төл мерейтойға орай өзінің өмірлік таңдауы қылып, саналы ғұмырын ішкі істер саласына арнаған ішкі істер органдарының ардагері, ІІМ-нің Семей заң колледжі кадр бөлімінің бұрынғы бастығы, отставкадағы полиция полковнигі Василя Букашева жөнінде сөз қозғамақпыз.
Құқық қорғау саласында еңбек жолын Семей облыстық ІІБ облыстық анықтама бюросында тіркеуші болып бастаған Василя Мұхаметжанқызы 1952 жылдың 14 желтоқсанында Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз қаласында дүниеге келген. Ес білер шағынан бастап Семей топырағында өскен ол 1970 жылы осы қаладағы №31 орта мектепті бітіріп, 1974 жылға дейін Семейдегі аяқ-киім фабрикасында еңбек еткен. Кейін ел тыныштығын қорғау мақсатында милиция саласына жұмысқа орналасады.
Осылайша, ішкі істер органдарындағы қызметін тіркеуші болып бастайды. 1981 жылы Семей облыстық Ішкі істер басқармасы кадр бөлімінің инспекторы лауазымына ауыстырылды. Осы аз уақыттың ішінде өзінің еңбексүйгіштігінің арқасында көзге түседі. 1982 жылы КСРО ІІМ арнайы орта милиция мектебін, 1990 жылы Қарағанды жоғары милиция мектебін бітіріп, заңгер мамандығын алып шығады. Жұмысына адал, ұқыпты қызметкердің еңбегі бағаланды. 1993 жылдың қараша айынан бастап Семей облыстық ІІБ-ның бастапқы даярлық мектебіне аға оқытушы лауазымына тағайындалады. Бір жылдан соң, кадр бөліміне ауыстырылады. Бұл қызметте ішкі істер органдарына жұмысқа қабылдау, үміткерлерді сараптау, зейнетке шығу тәртібі мен полицейлердің қызметтік шендерін, лауазымдарын қадағалау сынды жұмыстарды көп жылдар бойы аса жауапкершілікпен атқарады.
Сонау 90-жылдары еліміздің жаңадан тәуелсіздік алып, жеке отау құрып, басқа елдермен экономикалық байланыстары үзілген тұсында халықтың әлеуметтік жағдайы ауырлағаны рас. Егемендіктің алғашқы жылдары ішкі істер органдары кадрлық, қызметтік, дәстүрлі сабақтастықтан ажырап қалған кез. Міне, осы кезеңде өз істеріне адалдық танытып, Қазақ елінің шаңырағының биіктеуіне үлесін қоса білген нәзік жандардың бірі.
Бүгінде шөбере сүйіп отырған Василя Мұхаметжанқызы 1995-2004 жылдар аралығында ІІМ-нің Семей заң колледжінде кадр бөлімінің бастығы лауазымынан зейнеткерлікке шыққан полиция полковнигі. Семей заң колледжінде жұмыс атқарған уақытта жауапкершілігімен, еңбекқорлығымен өзге әріптестері мен кейінгі буынға үлгі бола білді. Өзімен бірге жұмыс жасаған әріптестері ардагерді кәсіби тұрғыдан білікті, білімді және еңбекқор жан болатын деп еске алады. Бүгінгі күнге дейін қызметкерлерге адамгершілік пен патриотизм бағытында ақыл-кеңес беріп, ІІМ Оқу орталығының (Семей қаласы) көптеген қоғамдық жұмыстарына белсенді араласып келеді.
Ол ішкі істер органдарындағы көп ардагердің бірі емес, айрықша сезімтал, жүйрік интуиция мен мол тәжірибе иесі. «Василя Мұхаметжанқызының іс-қимылы, жүріс-тұрысы, әдемі келбеті сол баяғы қалпында» деп жылы ықыласпен еске алады әріптестері.
Василя Букашева «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін» төсбелгісімен, басқа да медальдармен марапатталған. КСРО ІІМ-нің, ҚР ІІМ-нің Құрмет грамоталарының иегері.
ІІМ Оқу орталығының (Семей қ.) басшылығы мен жеке құрамы ішкі істер органдарының ардагері Василя Мұхаметжанқызының ерен еңбегіне ризашылық білдіре отырып, деніне саулық, әулетіне амандық тілеп, немере, шөбере, шөпшектерінің қызығын көре берсін деп тілейді!

ІІМ-нің Семей қаласындағы Оқу орталығы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*