Басқы бет / «Сақшы» газеті / Спорт / Бассейндегі бәсеке

Бассейндегі бәсеке

ІІМ Үкіметтік мекемелерді күзету жөніндегі полиция полкінің жеке құрамы Қазақстан полициясының 25 жылдық мерейтойын жыл басынан бері есте қаларлық шаралармен атап өтіп келеді. Спорттың футбол, волейбол, гір тасын көтеру, дойбы мен шахмат, жеңіл атлетика және самбо тәрізді түрлерінен жарыстар өткізілді. Ал мамыр айының соңғы күндері біздің қызметкерлер Астана қаласының күзет бөліністерінің арасында өткен суға жүзу жарысына қатысып, полктің беделін тағы бір биікке көтеріп тастады.
– Суға жүзу жарысы кез келген мекемеде өте бермейді. Оған жарыс өткізуге лайықты бассейн орындарының болмауы себеп. Ал біздің жеке құрамға спорттың қай түрімен айналысамын десе де жағдай жасалған. Сондықтан, барлық спорт түрінен жарыс өткізуге мүмкіндігіміз бар, – дейді жарысты ұйымдастырған полиция полкі командирінің орынбасары, полиция подполковнигі Бердах Артықов.
«Алатау» спорт кешенінің бассейнінде өткен суға жүзу жарысына аппарат басшылығы мен бөлімшелердің қызметкерлері қатысып, өзара үш топқа бөлінді. Бірінші топ – отыз жасқа дейінгі, екінші топ – отыз бен қырық жас аралығындағы, үшінші топ – қырық жастан жоғары қызметкерлерден құралды. Қырық жастан жоғары топтағы аппарат басшылығының қызметкерлері арасында елу метр қашықтықта алдына жан салмай жеңімпаз атанған ІІМ МКҚБ өкілі, полиция полковнигі Нұрболат Сүйіндіков болды. 2-орын Қуаныш Тұрмахановқа бұйырса, 3-орынға Ержан Баяқпаев көтерілді.
Отыз бен қырық жас аралығындағы жарыста 100 метр қашықтықты ентікпей бағындырған Үкіметтік мекемелерді күзету жөніндегі полиция полкінің өкілі, полиция аға лейтенанты Дәурен Бұхарбаев жеңіс тұғырының ең биігіне көтерілді. 2-орын ІІМ МКҚБ өкілі Мақсат Бекмұханбетовке бұйырса, 3-орын Дипломатиялық өкілдіктерді күзету жөніндегі полиция полкі қызметкерінің қанжығасында кетті.
Отыз жасқа дейінгі қызметкерлер арасында да Үкіметтік мекемелерді күзету жөніндегі полиция полкінің бағы жанды. Аталмыш полктің өкілі, полиция сержанты Әділбек Қуатовтың көсіле сермеген құлашына көрген көз сүйсінерліктей еді. Кәнігі кәсіби суға жүзушінің өнерін тамашалағандай болған көрермен қауым Әділбектің жеңісіне ризашылық сезіммен қол соқты.
Ал бөлімше қызметкерлерінің арасындағы жарыстың қорытындысы бойынша 50 метрге жүзген қырық жастан жоғары қызметкерлер арасында ҮМКжПП 1-полиция батальонының қызметкері, полиция майоры Нұрлан Айдаровтың екпініне ілісер жан болмады. 2-орынды Астана қаласы МКҚБ өкілі иеленсе, 3-орынды Дипломатиялық өкілдіктерді күзету жөніндегі полиция полкінің қызметкері місе тұтты.
Отыз бен қырық жас аралығындағы 100 метрлік жарыста да полктің асығы алшысынан түсті. Бұл сында 1-полиция батальонының қызметкері, полиция аға лейтенанты Сәкен Бурбеков жеңіс тұғырына көтерілсе, 2-орынды да осы полктің қызметкері, полиция аға лейтенанты Бақтыбек Абдуллаев қанжығысына байлады.
Отыз жасқа дейінгі қызметкерлер арасында Астана қаласы МКҚБ өкілі 1-орынды еншілеп, Дипломатиялық өкілдіктерді күзету жөніндегі полиция полкінің қызметкері 2-орынға ие болды. Үкіметтік мекемелерді күзету жөніндегі полиция полкінің өкілі Әділетхан Орынбай 3-орынға жайғасты.
50 метрлік жарыстағы қырық жасқа дейінгі әйел қызметкерлер арасында ІІМ МКҚБ қызметкері Нұргүл Нұртазинаға жан ілеспеді. 2-орынға Астана қаласы МКҚБ аруы Ақнұр Сапарова көтерілсе, 3-орынды жарысты ұйымдастырушы полктің өкілі, полиция аға лейтенанты Әлия Тілесова еншіледі.
Жарысты қорытындылаған жүз метрге жүзудегі командалық эстафетада Үкіметтік мекемелерді күзету жөніндегі полиция полкінің қызметкерлері С. Бурбеков, Ә. Орынбай және Ә. Қуатов «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» бас жүлдеге ие болды. 2-орынға Астана қаласы МКҚБ қызметкерлері көтерілсе, 3-орын Дипломатиялық өкілдіктерді күзету жөніндегі полиция полкінің қызметкерлеріне бұйырды.
– Жарыс өте жоғары деңгейде, аса ұйымшылдықпен өтті. Бұл біздің рухымызды шыңдап, қызметке деген ынтамызды арттырады. Әрбір қызметкердің өз ұжымына деген жауапкершілік сезімін нығайта түскендей. Жарыс жолында қарсылас болғанымызбен, біздің атқарар қызметіміз бен міндетіміз бір, сондықтан осындай жарыстар бір-бірімізге деген достық, әріптестік және сыйластық қасиеттерімізді жетілдіре түсетініне кәміл сенемін, – деді жүрекжарды игі тілегін білдіріп, жарысты қорытындылаған Астана қаласы МКҚБ бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ерболат Нұржігітов.

Ержан АБДРАХМАНОВ, Астана қаласы

Сондай-ақ, оқыңыз

Спорт та – түзеу құралы

  Сотталғандарды түзеу жолында саламатты өмір салтына ынталандыру және моральдық-психологиялық ахуалды қалыптастыру мақсатында Атырау облысы …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған