Басқы бет / «Сақшы» газеті / Спорт / ҚАЖК кубогына таласқан екі күн

ҚАЖК кубогына таласқан екі күн

Мамыр айының 27-28 күндері Ақмола облысы, Шучье қаласындағы «Жақсы-2» спорт кешенінде Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының 25 жылдығына орай Қылмыстық атқару жүйесі комитеті төрағасының кубогы үшін ерлер және әйелдер арасында қоян-қолтық айқастан Х Халықаралық ашық турнир өтті.
Ішкі істер органдары Ардагерлер кеңесінің, ІІМ Ұлттық ұланының, Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің, Ақмола облыстық ІІД, ҚАЖД басшылығы, Парламент Мәжілісінің депутаттары, «Динамо» денешынықтыру-спорт қоғамдастығының өкілдері турнирдің құрметті қонақтары болды.
Сайысқа ІІМ Ұлттық ұлан, Мемлекеттік күзет қызметінің, Қорғаныс министрлігінің, Прокуратура, ҰҚК, сонымен қатар, Ресей, Беларусь, Қырғызстан елдерінен келген 200-ге жуық (18 команда) құқық қорғау органдарының қатысса, олардың ішінде еңбегі сіңген спорт шеберлері, спорт шеберлігіне үміткерлер, Әлем және Азия чемпиондары да бар.
Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің төрағасы, әділет полковнигі Азамат Базылбеков турнирдің ашылу салтанатында сөз сөйлеп: «Сайыс Отан қорғаушылардың ерлігін, төзімділігін насихаттайды. Ол өз кезегінде Отанға қалтқысыз қызмет етуді, әскери және офицерлік борышқа деген адалдықты көрсетеді. Ерекше қоғамдық, әскери-қолданбалы маңызға ие қоян-қолтық айқас қазақстандық сарбаздар мен офицерлердің ерекше құралы ретінде қызмет етеді», – деді.
Ашық турнирге қатысушыларды Қоян-қолтық айқас федерациясын құрушы, ассоциацияның вице-президенті Рустам Абдалимов, Сидней олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибраимов, т.б. құттықтап, жеңіс жолында табысқа жетулеріне тілектестіктерін білдірді.
– Қоян-қолтық айқас – адамның күшін, шеберлігін, ептілігін сынайтын бәсеке. Ежелгі гректердің олимпиада ойындарының бағдарламасында (күресу, жұдырықтасу), басқа да халықтардың ұлттық ойындарында кездеседі. Жекпе-жек қазіргі спорт жарыстарында (күрестің барлық түрі, бокс) межелі салмақ категориясы бойынша (фехтованиеден басқасы) өткізіледі. Қоян-қолтық айқас – полиция, қауіпсіздік, кеден комитеттері арасында кең тараған әскери спорт түрі. Ол қарусыз және қарумен жекпе-жек өткізу түрлері болып бөлінеді.
Жыл сайын Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері арасында чемпионаттар өтіп тұрады. Бүгінгі Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің ұжымы өткізіп отырған мына турнирдің де маңызы зор. Бұл спорт түрі ішкі істер органдарында қызмет ететін әрбір адамға қажет, – деді Рустам Хәкімұлы.
Жекпе-жек сайыстары екі күн бойы қызықты өтті. Кілем үстіне әртүрлі салмақ дәрежесіндегі спортшылар шығып, өздерінің шеберліктерін көрсете отырып, жүлделі орындарға таласты.
Халықаралық турнирдің қорытындысы бойынша командалық есепте жүлделі 1-орынды ІІМ ҚАЖ комитетінің командасы жеңіп алды. 2-орынға Ресей Федерациясы Жазаларды орындау федералды қызметінің ұжымы ие болды. 3-орынға ІІМ Арнайы күзет қызметінің басқармасы қол жеткізді. Жеңімпаз командалар мен барлық спортшылар медаль, кубок, дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
«Турнирдің ең үздік ойыншысы» номинациясын Кылмыстық атқару жүйесі комитетінің қызметкері Жандос Асқарбекұлы жеңіп алды. «Жеңіске деген жігері үшін» номинациясы қоян-қолтық айқастан 2017 жылғы әлем чемпионы, мәскеулік Надежда Рожковаға табысталды.
Халықаралық төреші Бауыржан Сыздықбаев «Турнирдің үздік төрешісі» атанса, ҚАЖ комитеті командасының аға жаттықтырушысы Әділ Қайырбаев «Үздік жаттықтырушы» номинациясымен марапатталды.
Турнирдің жабылу салтанатынан соң спортшылар мен қонақтар «Қазақстанның інжу-маржандары» курорттық аймағының тарихи жерлерімен танысып, аралап көрді.

Майрагүл МАҒЗҰМОВА

Сондай-ақ, оқыңыз

Бассейндегі бәсеке

ІІМ Үкіметтік мекемелерді күзету жөніндегі полиция полкінің жеке құрамы Қазақстан полициясының 25 жылдық мерейтойын жыл …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған