Мерекенің шырайын келтірген шара

DSC_0108Қазақстан Республикасының Конституциясының қабылданғанына биыл міне, 18 жыл. Тәуелсіздігіміз бен тұстастығымыздың тұтқасы болған Ата заңымыз еліміздің құқықтық және әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындап берді. Заң полиция қызметкерлерін әр іске жауапкершілікпен қарай отырып, тәртіп орнатуда табанды, қайратты болуға бағыт беретін бағдаршам. Конституция күні әрбір азаматтың ел алдындағы жауапкершілігі мен отансүйгіштік қасиеттерін, Ата заңымызға деген құрметті арттыру мақсатында атап өтіліп келеді. Бұл мейрамды дүркіретіп атап өтуді әдетке айналдырған ІІМ қызметкерлері биыл да қол қусырып отырып қалған жоқ. Шығыс Қазақстан облыстық Ішкі істер департаментінің шығармашылық ұжымы мен Министрліктің мәдени орталығының өнерпаздары ІІМ-де конституция күніне арнап мерекелік концерт ұйымдастырды. Айтулы мереке қарсаңында өткізілген мәдени шараны ІІО ардагерлері мен Министрлік құрамы тамашалады. Мерекелік концерттің шымылдығын ішкі әскер комитетінің үрмелі оркестрі еліміздің әнұранын орындаумен ашты. Конституция күні мерекесін тойлау барысында Полицейлер мен өрт сөндірушілердің 15-ші бүкіләлемдік Солтүстік Ирландияның Белфаст қаласында өткен ойындарынан жеңіспен оралған жеңімпаздарды ұлықтады. ІІМ-нің құрамасында өнер көрсеткен майталмандар полиция подполковнигі Серік Нұрғалиев, полиция подполковнингі Асқар Жандаров, полиция майоры Талғат Қожабаев, полиция капитаны Абдусанат Шарафов, полиция аға лейтенанты Асхат Елубаевты сахна төрінде Қазақстан Республикасының ІІМ орынбасары, қаржы полициясы генерал-майоры Ерлік Кененбаев ІІМ-нің құрмет грамотасымен марапаттады. Бұдан соң шара Шығыс Қазақстан облыстық Ішкі істер департаментінің шығармашылық ұжымы мен Министрліктің мәдениет орталығының дайындаған концерттік бағдарламасымен жалғасты. Сахна төрінде мың бұрала билеп, ән салған ІІМ орталығының өнерпаздары мен Шығыс Қазақстан облыстық ІІД-нің ән-би ансамблі жиналған қауымды өнерлерімен тәнті етті. Өскемен қаласының ІІБ-ның аспаптар ансамблі «Ата толғауы» күйін сахна төріне алып шықты. Ұлттық аспаптармен күмбірлете орындалған күйдің күміс үні жүрегімізді тебірентті. ІІМ мәдениет орталығының бишілері мың бұрала қазақша би билеп, «Егемен елім», «Туған жер», «Біз біргеміз» атты тек патриоттық әндер шырқаған олар көрермендің көңілінен шықты. Мерекелік шара соңында Шығыс Қазақстан облыстық ІІД «полицейлер маршын» хормен орындап шықты.

Жадыра  АЙБЕКҚЫЗЫ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*