Басқы бет / «Сақшы» газеті / Спорт / Тілсіз жауды жеңген қос жасақ

Тілсіз жауды жеңген қос жасақ

Өрт қауіпсіздігі айлығы аясында Төтенше жағдайлар бөлімі мен №11 өрт сөндіру бөлімшесі Жамбыл ауданының атқарушы органдарымен бірлесіп, аудан орталығы Пресновка селосының стадионында «Жас құтқарушы» жарысын өткізді.
Оған аудан орта мектептерінің 7-сынып оқушылары арасынан «Динамит» және «Қырандар» атты 2 команда қатысты. Жарыс 6 кезеңнен тұрды. Алдымен ТЖ мамандары іс-шараларды орындау кезіндегі қауіпсіздік техникасымен таныстырып, кейін командалар сәлемдесуде өнер көрсетіп, өрт қауіпсіздігі ережесі бойынша сынақ тапсырды, өрт сөндірушінің жауынгерлік киімін кию бойынша жарысты.
Жанкүйерлердің қолдауымен өткен дүбірлі дода өрт сөндіру құралымен шартты өртті сөндіру бойынша капитандар сайысы да ерекше болды. Өрт сөндіру автокөлігінен су берумен қоса жауынгерлік қанат жаю барлығынан да әсерлі өтті. Бір аптадан көп дайындалған қатысушылар нағыз өрт сөндірушілер секілді ынтамен жұмыс маневрлерін жасады. Соңғы екі кезеңде оқушылар өрт сөндіру эстафетасы және арқан тарту бойынша жарысты.
Қазылар алқасы екі команда да жеңіске лайық деп шешті. «Жарыс жеңімпазы болып қос команда да танылды. Бұл жерде ешкім ешкімнен кем өнер көрсеткен жоқ. Достық жеңді. «Динамит» те, «Қырандар» да тапсырманы жоғары деңгейде орындады. Ең бастысы, олар бірін-бірі емес, тілсіз жауды жеңіп шықты», – деді Жамбыл ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Марал Жолмұханов. Барлық қатысушыларға мақтау қағаздары табысталды.

Думан ДІЛДЕБАЕВ, Солтүстік Қазақстан облысы

Сондай-ақ, оқыңыз

Үздіктер қатарынан табылды

2-3 тамыз күндері Петропавл қаласының «Метро» ойын-сауық мәдени орталығында «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамының спартакиадасы аясында …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған