Басқы бет / «Сақшы» газеті / Спорт / Мереке құрметіне арналды

Мереке құрметіне арналды

Ұлттық ұланның «Құқықтық тәртіп» әскерінің құрылғанына 25 жыл толу құрметіне орай, Қарағанды қаласындағы «Офицерлер үйі» аумағында футболдан жарыс өтті.
Оған «Орталық» өңірлік қолбасшылығының басқарма офицерлері, 6505, 5451, 5516, 52859 әскери бөлімдерінің және Қарағанды гарнизонының әскери прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік коммитетінің әскери қарсы барлау бөлімдерінің командалары қатысты.
Тартысты ойынның бас жүлдесіне Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының кубогы тігілді. 7 команда қатысқан шараның басты мақсаты – әскери қызметшілер арасында саламатты өмір салтын қалыптастыру. Спорт арқылы офицерлер мен келісімшарт бойынша жұмыс істейтін әскери қызметшілердің физикалық дайындығын арттырып, денсаулығын күшейте түсу. Игі бастамаға мұрындық болған «Орталық» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Еркін Ботақанов сайыс басталарда қатысушыларға сәттілік тілеп, әскери қызметкер өміріндегі спорттың маңыздылығы туралы сөз етті.
«Еліміздің ішкі қорғанысы мен қауіпсіздігін, азаматтардың Конституциялық құқықтарын қамтамасыз ететін әскерилердің қай жағдайда болмасын өз борышын атқаруға физикалық, психологиялық тұрғыдан дайын болғандары абзал. Спорт адамның дене бітімін жақсартып қана қоймай, бойындағы рухын да шыңдай түсетіні белгілі. Осы тұрғыдан келсек, белгілі бір тапсырманы орындау барсында қасыңдағы серігіңе деген сенімің де арта түседі. Сөйтіп, үлкен ұжымның бірлігі, өзара түсінушілігі нығаяды», – деді ол.
Сонымен, футболдан өткен жарыста жүлделі 3-орынды 52859 әскери бөлімі алса, екінші болып 5451 әскери бөлімі командасы мінбеге көтерілді. Ал, «Орталық» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының кубогы әскери прокуратура командасының қанжығасында кетті. Барлық орын иелеріне медальдар мен грамоталар табыс етілді.

«Орталық» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Сондай-ақ, оқыңыз

Спорт та – түзеу құралы

  Сотталғандарды түзеу жолында саламатты өмір салтына ынталандыру және моральдық-психологиялық ахуалды қалыптастыру мақсатында Атырау облысы …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған