Басқы бет / «Сақшы» газеті / Өзекті / Наша шегіп, нақұрыстану не теңің?..

Наша шегіп, нақұрыстану не теңің?..

Біз биыл Астанадағы Алматы аудандық ІІБ учаскелік инспекторы, полиция аға лейтенанты Нұрдәулет Қыдырбайұлымен сұхбаттасқанымызда, ол өздеріне қарасты учаскеден нашақорларды ұстайтын сәттер де болып тұратынын жасырмаған еді. Сол сияқты, тәртіп сақшыларының кез келгенінен сұрасаң, қалада наша шегіп, нақұрыстанып жүргендердің біразын жіпке тізгендей етіп көлденең тарта алар…
Өзіміздің тұрғын үйге де бейнекамера орнатылмай тұрғанда, көрші кіреберістегі жұрт дәлізден нашаның иісі шығатындығын айтып, ПИК жұмысшыларына талай шағымданған болатын. Одан қандай нәтиже шыққанын қайдам, әйтеуір, біз де біраз үйдің дәлізінен «шөп шегу» үшін жасалған «құрылғыларды» көріп жүрміз. Олар – кәдімгі пластмассадан жасалған 1,5 және 5 литрлік судың жартылай кесілген ыдыстары мен қыша қорабының жылтыр қағаздары. Енді соның жасалу тәсіліне жарнама жасағандай етіп, қандай «құрылғы» екенін толық тәптіштемей-ақ қоялық.
Бұл ретте бір білеріміз, ел статистикасында есірткімен есіріп жүргендердің саны бар да, наша шегетіндер тіркелмеген. Әгәрәки, әрқайсысын есепке алып отырса, Шудың шөбіне ондайлардың оннан бірі құмар болып шығатын сияқты. Әр үйдің дәлізінен ысталған ыдыстарды жиі көретін біз солай ойладық, әйтеуір.
Бірде бір шағын дүкеннен қыша алып тұрғанымызда, қасымызға келген сатушы саспастан: «Целлофан қалталар керек пе?», – дейді. «Не үшін?», – десек, «Горчицаны анаша шегу үшін алып жатқан жоқсыз ба, не?», – деп қарап тұр сабазың. Сөйтсек, әлгіндей наша шегетін нақұрыстар сол дүкенге жиі баратын көрінеді. Алатындары – кішкентай бір қыша, 1,5 литрлік су және сатушы бізге де бермек болған целлофан қалтаның 2-3 данасы. Өз орталарында сол жиынтықты «аппарат» деп, ал нашаны «балык» және «индюк» деп атайды екен. «Соның бәрін білетініңе қарағанда, сен де шегетін болып тұрсың-ау?», – десек, сатушымыз азарда-безер. Айтуынша, аталған үш затты ғана алушылар сол дүкенде ауысыммен жұмыс істейтін барлық сатушыға көзтаныс болып кеткен. Олардың сауда жасап тұрып күбірлескен өзара әңгімелерінен бұлардың санасында жатталып қалған жаргондар осы екен.
Көшеде көздері қызарып, көңілді күйде жүрген кейбіреуін де көргенбіз. Ауыздарынан ішімдіктің иісі шықпайды. Сонда да сау емес. Әрқайсысы әртүрлі әңгіменің басын шалып келе жатып, сонысын ортақ тақырып деп ойласа керек, өз-өздерінен «олай емес, былай ғой» деп беталды дауласады да, тарқылдап күле береді. Тұстарынан иық тіресіп өтіп кеткеннен кейін досымыздың бірі: «Қане, қазір аналарды тоқтатып, әдейі қитұрқы сұрақтар қойып көрейік!», – деді. Келісе кеттік. Сондағы шағын диалогтан есте қалғаны мыналар: «Жігіттер, не ойлап келе жатырсыңдар?», «Қазір менттар кездесіп қалмаса екен деп келе жатырмыз…», «Жоқ-ей, анау жолдың бойына шығып, такси ұстай салсақ па-а-а деп тұрған ғой…», «Қуасыңдар ма-ей, ол – сендердің жеке ойларың ғой! Бұл жігіттер бәріміздің не ойлап келе жатқанымызды сұрап тұрған жоқ па?! Бәріміз не ойлап келе жатырмыз, давай, соны айтайық та!..». Қысқасы, осылай. Сөздері – әлдің-дәлдүң. Милары істемей тұр. Көздеріне қарасаң, саған өздері емес, іштерінен басқа біреу қарап тұрған сияқты… Құжат сұрасақ, онысының қайда екенін білмей дал. Қалталарының бәрін ақтарып жатыр. «Жалпы, бізге құжат көрсетуге міндетті ме едіңдер?», – десек, «Енді өздерің сұрадыңдар ғой. Сұраған соң, көрсету керек», – дейді «білгіштеу» біреуі. Ал бізге одан әрі ештеңе деместен, полицияға хабарласуға тура келді…
Жалпы, тәртіп сақшылары мен патрульдік сарбаздардың атқарар міндеттері аз емес. Соның бірі ретінде, көпқабатты үйлердегі жетелсатыдан балконға шығар есікке жапсарлас орналасқан жай сатылы дәліздерге кіріп араласа да, тіпті, наша шегетіндерге қарсы арнайы рейдті жиі өткізіп тұрса да, артықтық етпес деп ойлаймыз.

Ғали ТӨЛЕК

Сондай-ақ, оқыңыз

Ұлт құндылығы ұлықталған шара

ІІМ М. Есболатов атындағы Алматы Академиясында тіл мамандарының қатысуымен «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздігіміздің айғағы» атты …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған