Қан арқылы берген көмек

IMG_0353Республикалық «Мектепке жол» акциясы барысында батысқазақстандық тәртіп сақшылары жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккен балаларға қол ұшын тигізіп, қан тапсыруға қатысты.
Жыл сайын еліміздегі жол үстінде мыңдаған жол-көлік оқиғалары орын алып жатады. Апатты жағдайлардан тек ересек адам емес, сондай-ақ, балалар да зардап шегуде. Кейде адам өмірін тек донорлық қан құю арқылы сақтап қалуға болады. Тамыздың 16 – 17 күндері Батыс Қазақстан облысының Қан орталығында БҚО ІІД қызметкерлері қан тапсырды. Олардың ішінде ішкі істер органдарының ардагерлері, жас мамандар мен тәлімгерлер де болды. Алдымен тиісті құжаттарды толтырып, тексеруден өткен қызметкерлер қан тапсыру рәсіміне кірісті. Олар арнайы қан тапсыру аппаратурасы орнатылған палатаға, яғни, донация бөліміне өткізілді.
Қан тапсыруға келген Жол полициясы басқармасы бастығының міндетін атқарушы Талғат Ахаевтың бастамасымен бір топ, яғни, бір күнде 23 қызметкер қан тапсыруға өз ниеттерін білдіріп жатты.
Кереует үстінде бір сағаттай жатқан қызметкерлер қанның құрамындағы қажетті заттарды берді.
БҚО ІІД ЖПБ инспекторы Батырбек Хаиров: «Бұл менің төртінші рет қан тапсыруым. Маған бұл акцияға қатысуға ұсыныс жасаған кезде мен бірден келістім, себебі балаларға көмек көрсету – үлкен іс. Менің қанымнан аса ауыр науқас адамға тек тромбоциттерді ғана алды және ол шипа болсын дегім келеді», –деді.
– Біздің Орталық арқылы күніне 100-ден аса донор қан тапсырады, яғни, айына донарлар саны 2 мыңға дейін жетеді, – дейді донор кадрларын жабдықтау бөлімшесінің меңгерушісі Ақкүміс Нұржанова. – Мұндай акциялар жиі болып тұрады, донорлар санының артуы аурухана төсегінде жатқан науқастарға көп көмегін тигізеді. Донордың басты шарты – оның денінің сау болуы. Біздің Орталық демалыс күндерінен басқа сағат 9.00-ден бастап 16.00-ге дейін жұмыс жасайды. Қан тапсырудың адам денсаулығына келтірер зияны жоқ. Керісінше адам ағзасындағы қанның тазаруына ықпал етеді. Денедегі 450 мл қан екі айдың ішінде толығып отырады.
Аталған акция тамыздың бірінен басталып, қыркүйек айының 31-не дейін жалғасады. Сондықтан, егер қан тапсырамын деушілер болса, жеке куәліктерімен келіп қан тапсыруларына болатынын қаперлеріңізге саламыз.

Асылай ҒҰБАШЕВА,
Батыс Қазақстан облысы
Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметкері

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*