Басқы бет / «Сақшы» газеті / Әріптес келбеті / Рухани жаңғыру – ұлт құндылықтарының жаңаруы

Рухани жаңғыру – ұлт құндылықтарының жаңаруы

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы бұрынғы жарияланып жүрген құжаттардан ұстыны мен ой-санаға әсері айрықша бөлектігімен ерекшеленді. «Ұйысаң, айрандай ұйы» деген қазақы болмыстық сөз бар. Бұл ел бірлігін ойлаған бабалардан жеткен жетелі сөз. Мақаламен танысқанда-ақ, осы жетелі сөздің жетегімен бабалар рухына мың мәрте тағзым ете отырып, ел келешегіне парасат көзімен қараған салмағы бүтін сындарлы ойды байқадық. Көп жылдан көрінбей көмескі тартқан келешектің ажарлы бейнесі енді барынша айқындала түскендей. Мәңгілік елдің сұлбасын аңғартатын анық бағдар деп таныдық мұны.
«Шындықты қанша жасырғанмен, тұмшалаған тұмадан тұмсығын көрсетпей қоймайды» дейді дана халық. Қоғамның қай бағыт-саласын болмасын батыстық өлшемдермен қарап, өзімізге өзгенің киімін кигізіп, озығы мен тозығы бар ел кеңістігін түрлі шетелдік құндылықтардың басуына ырықты бергендей едік. Осы жайтты Елбасы былайша саралайды: «ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында. Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу». Біздіңше, сол ұлттық кодтың бір кілті төлтума тіл мен ділде, ұлттық әдет-ғұрып пен салт-дәстүрде, білім мен ғылымда жатыр.
Әсілінде, ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясында қолға алынып жатқан игілікті істердің күрделісі де маңыздысы ─ заңдық пәндердің ұлттық тілде көмкерілуі. Бұл мәселені ортадан ойып алып қарастыруымыздың сыры неде? Әр халықтың даму көшінде, әсіресе, тәуелсіздік алғаннан кейінгі уақытта тіл мен білім мәселесіне ерекше көңіл бөлініп, қашан да басты назар аударылып отырылуы заңды құбылыс. Біз де сөйттік. Бүгінгі күндегі қым-қуыт Академия тірлігіндегі мемлекеттік тілдің жай-күйі, жай-жапсары, заңдық пәндерді оқытқандағы оның орны мен рөлін ерекше бақылауға алдық. Өйткені, бізге туған тамырынан ажырамаған жаңа тұрпаттағы полиция қызметкерлерінің өсіп-өнуі керек. Туған елге деген сүйініш болмаса, қызметтің мәні мен нәрі де болмақ емес. Бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді». Бізге осы – меже.
Екінші бір жайт, тілдік қолданыста ұлттық психология, ұлттық дәстүр, ұлттық мәдениет сияқты ұғымдар әбден қалыптасып үлгерген десек те, ұлттық құқықтық жүйе деген түсініктің де кеңінен қолданысқа енуіне де жол ашылмақ. Қазіргі күні ескіден қалған жұқаналарымыз баршылық емес пе? Медиация дейміз, оның өзі кешегі кесім айтқан билердің бітімгершілігі. Ақсақалдар алқасының жаңа заманға лайықталған сұлбасы – Қоғамдық кеңестеріміз бар. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінiң 3-бабының 4-тармағында: «Азаматтық қатынастар, егер әдеттегi құқықтар, соның iшiнде iскерлiк қызмет өрiсiндегi әдеттегi құқықтар Қазақстан Республикасы аумағында қолданылып жүрген азаматтық заңдарға қайшы келмесе, солармен реттелуi мүмкiн» деген жолдар кездеседі. Ендеше Қоғамдық кеңестерімізбен қатар, Ақсақалдар алқасынның кей өңірлерімізде жеке қоғамдық институт ретінде қалыпты жұмыс істеуі Елбасы сөздеріне дөп келіп тұр: «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет». Дұрыс сөз. Барымызды бағалағанымыз жөн. Қазіргі құқықтық жүйеміз өзіндік ұлттық сипатымен көрінуі Мәңгілік елдің діттеген мұратымен өлшенеді. Өйткені, адам санасы қай ұлттың тілінде сөйлеп, әдетінде тәрбие алып, түбегейлі қалыптасса, адамның өзі де сол ұлттың шашпауын көтеретіні кәдік.
Үшіншіден, «қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек». «2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліп¬биімен басып шығара бастауға тиіспіз. Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек». Біздің де осы көштен ведомстволық оқу орындарының қалыс қалмауын алдын ала ойластыра бастағанымыз жөн-ау деп білемін. Келешектің кілті өз қолымызда тұр.
«Заңы мен дәрігері жұмыс істемейтін елде өмір сүру қауіпті» деген екен бір дана. Заңымыз дұрыс істеуі үшін алдымен білікті мамандарды оқытудан басталуы тиіс. Оқытудың тегі – оқулықтарда жатыр. «Қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын қолға аламыз». Осы бағытта сөз қозғайтын болсақ, профессор ғалымдарымыздың күшімен мамандық классификаторы бойынша оқулықтар жазу ісін бір сүйемге де бәсеңдетпегеніміз жөн. Талай ғасырдан берi әрi қазiрдiң өзiнде де кітап идеологиялық, адами, құқықтық ықпал-әсер ету құралы болып келедi. Сондықтан қазiргi кезде заманауи ой кешу үрдiсiн меңгерген қызметкерлерге үлкен талаптар қойылып отыр. Біз де осы үдеден шықсақ дейміз. «Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүниежүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз. 2018-2019 оқу жылының өзінде студенттерді осы оқулықтармен оқыта бастауға тиіспіз». Жүз оқулықтың ішінде ішкі істер органдарына қатысты заманауи талаптарға жауап беретін оқулықтарды да қаперге алғанымыз жөн.
Елбасының бұл еңбегіндегі ерекше көкейге қонғаны: «Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» дейтін пайымы.
Біздің Академиямызға есімі берілген он екі жыл бойы Қазақ КСР Ішкі істер министрі болған, генерал-лейтенант Шырақбек Қабылбаев (1908-1976 жж.) бүкіл ғұмырын ішкі істер органдарын өркендетуге арнаған елімізге әйгілі тұлға болды. Отан көмбесіне қосқан үлесінің мол екенін айғақтайтын еңбегі жеткілікті азамат. Отанға деген адалдық, достыққа беріктік пен бейілдік, еңбекке ерендік, іске тереңдік – ол кісінің бойынан іздемей-ақ табылған, мінезіне туа біткен, бір сөзбен айтқанда, оның адамдық қасиетіне тән негізгі белгілер десек, артық айтқандық емес. Қарыс жерге сүйем өтірік айтқызбайтын, барынша әділдік жағындағы адам болғандығын ол жайындағы өмір деректері мен естеліктер айғақтайды. «Тау алыстаған сайын биіктей беріп, тұлғалана түседі» деген тұғыры мықты тұжырымды сөз бар. Бұл жай ғана айтыла салған сөз емес, оның түпкі орамында елге танымал, ғұмыры үлгілі болған азаматтар туралы әспетті ой жатыр. Осындай қанатты тіркесті Академиямызға аты берілген азамат тарапына қатысты ауыз толтырып айтуға әбден болады. Кәрісін ордада қалдырмай, обада қалдырған, асылын далада қалдырмай, молада қалдырған кешегі әділетсіз қоғам тұсында да мойыған жоқ, қызметіне беріктігін жоғалтпады. Ш. Қабылбаев ағамыз кеңестік кезде ғұмыр кешті, соның қазанында қайнады, сол додада шынықты. Осыған сәйкес, сол кезде қазақтардың іс-әрекетінен «халық жауын» көргісі келіп тұратын билікпен тіл табысу әсте қиын еді, оған да үлкен білім мен бедел, еп пен талғам керек болды. Ш. Қабылбаев ағамыз сол үдеден шыға білді. Біз, кейінгі өскелең ұрпақ, алдыңғы толқын ағалар өміріне қызығамыз, озығын үлгі етеміз. Олар әсте де шөккен түйеге міне алмайтын нашардан емес еді. Өмірдің ыстығы мен суығына күйіп, от пен суына түскендер-тін.
Шындығына жүгінсек, ұлағаты мол азамат болып, ішкі істер органдары қызметінде ойып орын алып, өз қолтаңбасын қалдырған қалқан төңкергендей шоқтығы биік тұлғалардың құрамы еліміздің тарихында онша көп те емес. Бойына халқымыздың ізгілігі мен іскерлігін, дарқандығы мен кеңдігін, адалдығы мен жайсаң мінезін сіңіріп өскен абзал жанның бірі – Ш. Қабылбаев осы қатардан еді. Көзі тірісінде Ішкі істер министрлігін ұзақ жыл басқарып, соның іргесін қалап, еліміздің білім ошақтарының деңгейі мен абыройын биіктету жолында бар күш-жігерін салған ардақты жан еді. Кеңес кезінде ішкі істер органдарының мамандарын дайындайтын ведомстволық білім беру мектебін, орталықтарын ашып, ол арқылы Қазақcтан, қала берді бүкіл Орталық Азия көлемінде Қазақстанның ішкі істер органдарының абыройын аспандатты. Қазіргі күні әйгілі азаматымызды ұлықтауға көптеген шараны қолға алып жатырмыз.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» еңбегі – ұлттық мұраттарды жаңғыртуымызға мүмкіндік беретін бірден-бір ұлы жолдың бастамасы деп білеміз.

Мирлан ҚЫЗЫЛОВ,
ІІМ Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясының бастығы,
полиция генерал-майоры, профессор

Сондай-ақ, оқыңыз

Жол қозғалысының жаңа талаптары түсіндірілді

3 шілде күні Мемлекет басшысы жол жүру ережелері бойынша заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған «Қазақстан …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған