Үздік тергеуші

Тергеуші мамандығы қашан да сауаттылық пен біліктілікті, төзімділік пен ыждаһаттылықты талап етеді. Бұл мамандықтың иелері қылмыскерлерді құрықтап қана қоймай, бұлтартпайтын айғақтар арқылы оның ақ пен қарасын айырып, Қылмыстық кодекстің баптарына сүйене отырып, тергеу амалдарын жүргізеді. Адам тағдырына деген жауапкершілік үшін ақиқаттың ақ жолынан ауытқымау кез келген адамның қолынан келе бермейді де. Кейбіреулерде білім-тәжірибесі кемдік етсе, кейде әділеттің ақ жолынан саналы түрде тайып жатады. Ал, әр істің артында адам тұр десек, осынау мейлінше ауыр жұмыстың батпан жүгін арқалаған тергеушінің әр сағатының өзі сан түрлі оқиғамен өріліп, оған қаншама күш-қайрат жұмсалатынын елеп-ескеру қиын емес.
Қазақстанда тергеу қызметінің қалыптасу және даму тарихы 1963 жылдан басталады. Тергеу органдарында негізінен өз тағдырын қиыншылығы мен қызығы мол, ауыр әрі мәртебелі мамандықпен байланыстыруды жастайынан мақсат тұтқан азаматтар жұмыс істейді. Осындай жүкті абыроймен арқалап жүрген азаматтардың бірі – Алматы облыстық ІІД Ұйғыр аудандық ІІБ тергеу бөлімінің аға тергеушісі, полиция капитаны Тұраржан Махамет.
Тұраржан Махамет Абай атындағы педагогикалық университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген. Алғашқы еңбек жолын Ұйғыр аудандық ішкі істер бөлімінде 2009 жылы тергеуші болып бастайды. 2011 жылдан бері Ұйғыр аудандық ішкі істер бөлімінде аға тергеуші қызметін атқарып келеді. Осы жылдар ішінде бірнеше қылмыстың ашылып, қылмыскерлердің заңды жазасын алуына ықпал етті. Ол еңбектері елеусіз қалған жоқ. Бірнеше мәрте ІІД-нің грамотасымен, алғыс хатымен марапатталса, облыс, аудан әкімдерінің мадақтауларына бөленген жан.
Қылмыстық істі ашуда тергеуші тиімді жолдарды таңдайды. Жедел-іздестіру және басқа да тиісті орындармен тығыз байланыс орнату арқылы істің ақ-қарасын ажыратады. Осындай кезде әріптестерімен бірлесіп, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарады. «Асыққан – сайтан ісі» демекші, кейде істі тез аяқтау үшін тергеушілер тарапынан олқылықтардың орын алып жататыны бар. Мұны көбіне тәжірибесі аз тергеушілер жіберіп жатады. Тұраржан Махаметтің ұстанымы – уақыт қанша қысып тұрса да, атүсті шешім шығаруға болмайды. Оның әр шешімінің артында адам тағдыры тұр.
Үстіміздегі жылы наурыз айында аудандық басқармаға жергілікті тұрғын хабарласып, 600 мың теңгеге бағалап отырған үш бас ірі қара малының ұрланғандығы туралы шағымданады. Дәл сол күні-ақ Тұраржанның істі алғыр жүргізгені арқасында осы ауданның 1974 жылғы тұрғыны ұсталған болатын.
«Алғаш келгенімде өзімді тергеушімін деп айта алмадым. Шәкірт болып жүрдім. Нағыз тергеушілердің жанында жүріп, олардың тергеу жүргізу әдістері мен тәсілдерін үйрендім. Тергеуші сауатты және кез келген саладан хабары болу керек. Себебі, қылмыс әртүрлі салада, әртүрлі бағытта орын алады. Бұған қоса, ой ұшқырлығы, ішкі түйсіктің жоғары болуы, сезімталдық қасиеттер қажет. Мұндай қасиет қылмыстық іске жүйелі талдау жасап, ақиқатына көз жеткізу үшін керек. Кез келген адаммен тез тіл табыса білу де тергеушінің ісін алға бастырады. Себебі, әртүрлі күдікті адаммен сөйлесуге тура келеді. Оның ішінде әйелдер, кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер бар. Біз ең алдымен адамның жанын әбден біліп алуға міндеттіміз», – дейді полиция капитаны.
«Тергеу ісінің ыстығына күйіп, суығына тоңып, тәжірибе жинақтадым. Алдымнан түрлі санаттағы талай қылмыскер өтті. Олармен тілдескенде бірінші кезекте қаталдық пен әділдікті және талапшылдықты сезінесің. Өйткені, олардың көпшілігі өздері істеген қылмыстарын мойнына алмайды. Қылмысты мойындату үшін нақты айғақтар мен дәлелдер тауып, Қылмыстық іс жүргізу кодексінің талаптарымен тергеуің қажет. Тергеуші тиянақты жұмыс жүргізгенде, әрбір істі терең зерттегенде ғана мақсатына жетіп, істің соңғы нүктесін қояды», – дейді аға тергеуші Тұраржан Махамет.
Облыс бойынша тергеушілердің жұмыстарына жүргізілген талдау нәтижесі бойынша қылмыстық істері кідіртпей сотқа ең көп жолдаған, жоғары көрсеткіштерге ие болған Т. Махаметтің еңбегі лайықты бағаланып, осы жылдың басында Алматы облыстық ІІД бастығы, полиция генерал-майоры М. Ұрұмхановтың бұйрығымен «Үздік тергеуші» атағына ие болды. Еңбектің жемісі деген осы.

А. ЖАНДӘУЛЕТОВА, Алматы облысы

Сондай-ақ, оқыңыз

Қылмыспен күрестегі хас маман

Бүгінгі күні тіркелетін қылмыстардың жартысынан көбін, яғни 75 пайызын ұрлық-қарлық, алаяқтық, бұзақылық, сондай-ақ, өзгенің мүлкіне …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған