Басқы бет / «Сақшы» газеті / Әріптес келбеті / Төзімді тірек қылған тәртіп сақшысы

Төзімді тірек қылған тәртіп сақшысы

Шығыс Қазақстан облысына барған іссапарымда Өскемен қаласындағы «Қыран» экипаж тобының кезекті түнгі рейдінің куәсі болғаным бар еді. Ол туралы біздің басылымның таяудағы бір санында көлемді материал жарияланды. Журналист болған соң, барлығын қамтып кетуге тырысасың ғой. Мен де рейд кезінде құр уақыт жібермейін деп қатардағы полиция қызметкері, аға лейтенант Сергей Кимді әңгімеге тарттым.
Жалпы, Шығыс Қазақстан өңірі әр алуан ұлттар мен ұлыстар көп шоғырланған облыс. Осы ерекшелігіне орай, республикамыз бойынша тұңғыш Достық үйі де осы Өскемен қаласында ашылған болатын.
«Ішкі істер органдарына 2011 жылы желтоқсан айында келдім. 2012 жылдың 14 қаңтарында маған стажер ретінде қызметке алынған бұйрық шықты. Одан соң Полиция мектебіне оқуға кеттім. Оны бітіріп келген соң, аттестациядан өттім де, 14 сәуірден бастап толыққанды тәртіп сақшысы ретінде қызметіме кірістім. Ал бұған дейін 2006-2009 жылдары экономика және қаржы колледжін тәмамдаған болатынмын.
Менің туған-туыстарымның көбі осы ішкі істер саласында қызмет еткен. Туған ағам ішкі істер саласының зейнеткері. Ұлан аудандық бөлімше бастығының тәрбие жөніндегі орынбасары болған. Анам да – полиция қызметкері. Үлбі полиция бөлімінде Жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары, кәмелетке толмағандар ісі бөлімінің бастығы. Сондықтан мені олардың жолын қуған ізбасары десеңіз болады», – дейді аға лейтенант.
Сергей – Талдықорған қаласының тумасы. 1995 жылы әке-шешесі Өскемен қаласына көшіп келген. Осында балабақшаға, мектепке барған. Колледж бітірген. «Сондықтан да өзімді өскемендікпін деп санаймын» деп күледі қазақшаға да, орысшаға судай полиция аға лейтенанты. Талдықорғанда ата-әжелері қалған екен. Жазғы каникулда, еңбек демалысы кездерінде барып тұрады.
«Түріңіз қазақтан аумайды екен. Бір көргенде корей деп ешкім ойламайды. Тұқымдарыңызда қазақ жоқ па? Және корейлер неге балаларына орысша ат қояды?», – деген сұрағымызды қойдық.
«Аталарымыз Қазақстанға 1945 жылы жер аударылып келген екен. Мен білетін жеті атам – корейлер. Бірақ, енді тұқымымызда қазақ бар деп айтуға болады. Менің келіншегім – қазақ қызы. Аты – Әйгерім. 4 жасар ұлым бар. Оған да Тимур деп қазақтың есімін қойдым. Сосын ағамның аты – Руслан. Ол да қазақтың есімі емес пе? Ал корейлердің балаларына неліктен орыстың атын қоятындығын нақты білмедім. Болашағы не болар деп, тағдыр тауқыметімен алыстан қиналып-қажып келгенде паналатып, қол ұшын берген жанашыр жандарға деген құрметі шығар. Ол да болса игі дәстүр деп санаймын», – деп жауап қатты ол.
«Қызметім жөнінде айтар болсам, бұрын оңайырақ болған сияқты көрінеді маған, – дейді Сергей. – Адамдар бүгінгіден гөрі мейірімділеу, мәдениеттілеу, бір-біріне ілтипатты болған секілді. Ал қазір агрессиялық пиғыл басым. Сәл нәрсеге шарт кетуге әзір тұрады. Әсіресе, жастар жағы. Бәлкім, көрген-естігені зұлымдықтың насихаты болғаннан соң шығар. Полицияның жұмысы қиын да ауыр екені рас, бірақ одан жасып, қиналып жүрген біз емес. Төземіз. Еңсереміз.
Он екі сағаттан екі рет күндізгі, екі рет түнгі кезекшілікке түсеміз. Одан соң бір күн оқу сабақтары, бір күн демалыс. Жаяу жасаққа түссек, қарауымызға берілген аймақты жаяу аралаймыз, стационарлы полиция бекеттерінде отырып та кезекшілік атқарамыз және осындай жол-патрульдік қызметте де экипаж құрамында кезекші боламыз. Жұмысымыздың қалай өтіп жатқанын өзіңіз көріп отырсыз. Осындай қимыл үстіндегі, жедел шешімдер мен әрекеттерге құрылған жұмыс өзіме қатты ұнайды. Уақытының көп бөлігі жұмыста өтетін анамды көріп өстім. Айтқан ақылы, берген тәрбиесі бар. Сондықтан да тәртіп сақшысы болу, қоғамдық қауіпсіздікті қадағалау менің жүрек қалауым деп білемін.
– Осы қызмет атқарған кезде қандай оқиғалар есіңізде қалды?
– Өткен жылы қыста кезекшілікте жүргенбіз. Қаланың қоқыс төгетін полигоны жақ бетінде үш-төрт адам топырақ үйіндісі астында қалып қойды деген шақырту түсті. Айтқан жерге жедел жеттік. Барсақ, қоқыс арасынан темір іздеген металл тапсырушылар екен. Көміліп қалған темірлерді аламыз деп жерді қазған. Оған дейін де қазылған үлкен ор жер екен. Шұңқырдың тереңдігі үш-төрт метр. Соны үңгіп қазғанда үстіңгі беттегі топырағы опырылып құлап, өздерін басып қалған. Қар еріп, жердің тоңы жібіп тұрған кезең болатын. Бізден бұрын оқиға орнына екі экипаж жеткен екен. Қолымызда ешбір құрал жоқ. Адамдарды құтқару үшін топырақты қолмен қазуға тура келді. Бір адам өз күшімен шығып үлгерген. Екі адам топырақ астында қайтыс болды. Біреуін қазып алып шығып, құтқарып қалдық. Жедел жәрдем келемін дегенше алғашқы медициналық көмек көрсеттік. Одан кейін құтқарушылар да жетті. Барлығы 5 адам екен. 25-35 жас аралығындағы жас жігіттер. Темір-терсек жинап тапсырып, табыс тауып, бала-шағаларын асырамақ болған. Қайтыс болғандардың артында отбасы қалды. Әуелгіде, тұрғын-жайлары жоқ маскүнемдікке салынған адамдар ма деп ойлағанбыз. Бұл жерде өздерінің абайсыздығынан болған кісі өлімі болғандықтан, ешқандай да қылмыстық іс қозғалған жоқ.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ, Астана-Өскемен-Астана

Сондай-ақ, оқыңыз

Полиция капитаны Балжан ӘЛІПОВА: Құқықтық тәрбиенің маңызы зор

Тәрбие берудің бір көрінісі ретінде қалыптасып келе жатқан мектеп инспекторлары қызметінің бүгінгі қоғамда алатын орны …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған