Басқы бет / «Сақшы» газеті / Өзекті / Ұлт құндылығы ұлықталған шара

Ұлт құндылығы ұлықталған шара

ІІМ М. Есболатов атындағы Алматы Академиясында тіл мамандарының қатысуымен «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздігіміздің айғағы» атты дөңгелек үстел өтті.
Шараға Академия бастығының оқу-іс жөніндегі орынбасары, з.ғ.к., полиция полковнигі Талғат Бапанов, Академия бастығының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, з.ғ.д., полиция полковнигі Жанат Ділбарханова, Академияның профессорлық-оқытушы құрамы және орыс тобының 1-курс курсанттары қатысты.
Сонымен бірге, құрметті қонақ ретінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Түрксой кафедрасының профессоры, ф.ғ.д. Ұлбала Алжанбаева, аталған университеттің Шығыстану факультеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының доценті, ф.ғ.д. Бәтіш Атабай, «Нұр-Мүбәрәк» университетінің доценті, т.ғ.к. Досымбек Хатран, т.б. шақырылды.
Полиция полковнигі Т. Бапанов бүгінгі жаһандану заманында жер бетіндегі әрбір ұлттың өз ана тілінде сөйлеп, оны сақтап қалуы оңай еместігіне тоқталды. Тілі де, өзі де жойылып кеткен қаншама ұлт пен ұлыстың тағдырын еске салып өткен полиция полковнигі: «Біздің туған тіліміз – қазақ тілі, мемлекеттік тіл үшін, оның мәртебесін одан ары асыру үшін, еліміздің әрбір азаматы тіл жанашыры бола білуі тиіс. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» демекші, ең алдымен өз тілімізді ешқашан ұмытпайық, дәріптейік», – деді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология және әлем тілдері факультеті деканының орынбасары, ф.ғ.к., доцент Кенжетай Құрманбайұлына Қазақстан Республикасының тіл саясатындағы көптілділік мәселесіне тоқталып, үш тілділікке шолу жасап, оның басым жақтары мен кемшін тұстарын тілге тиек етті. Әлемдік ақпарат таратушы ВВС-дің мәліметтері бойынша, қазіргі таңда Қазақстан халқының ағылшын тілін меңгеру көрсеткіші 28%-ды құрайды. Халқымыз дүниежүзі елдері арасында ағылшын тілін білу жағынан 94-орында тұр. Ал, қазақ тілі әлемдік қолданыстағы көрсеткіші бойынша 73 орында.
«Қоғамдық қарым-қатынастағы ең басты фактор – тіл. Біздің қазақ тілі, яғни ана тілімізді ешқандай басқа тілмен салыстыруға болмайды. Мен ағылшын, орыс тілдерін меңгергенге ешқандай қарсылығым жоқ, бірақ үштілділік деп өз тілімізді ұмытып кетпейік», – деді доцент Кенжетай Күркебаев.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының доценті Бәтіш Атайбекқызы «Мемлекеттік тілдің жарнамалардағы көрінісі» деген тақырыпта ой өрбітіп, қазақ тіліндегі жарнамалардың әлі күнге дейін қате жазылып отырғандығына қынжылысын білдірді. Жарнамалар орыс тілінен тікелей сөзбе-сөз аударылғандықтан, негізгі мағынасын жоғалтып, айтар ойы аяқсыз әрі түсініксіз болып қалады. Сонымен қатар, мемлекеттік тілде қате жазылған жарнамаларды көрсе, міндетті түрде ескерту жасап жүретінін айтқан баяндамашы өзгелерді осылай талап қоя білуге шақырды.
Тарих ғылымдарының кандидаты Д. Хатран жиналғандар назарына «Этнографиялық ұғымдар хақында» атты баяндамысын ұсынды. Қазақ халқының ұмыт бола бастаған этнографиялық ұғымдары жайында тереңнен сөз қозғаған ғалым тыңдармандарды өзінің нақты мысалдарға сүйене отырып келтірген тарихи деректерімен баурап алды. Халқымыздың салт-дәстүрі, сонау замандарда қолданған қару-жарақтары мен тұрмыстық қолданыстағы әрбір құрал-жабдықтарының атауы мен халыққа тигізген пайдасын ғылыми тұрғыдан түсіндірген тнограф ғалым тыңдармандар тарапынан қойылған әрбір сауалға байыппен, тұщымды жауап берді.
Дөңгелек үстелге қатысқан Алматы акдемиясының курсанттары тіл туралы толғаған жиынға өздерінің зор ықыласпен дайындалып келгендерін көрсетті. Бірінен соң бірі тұрып, өз ой-пікірлерімен бөлісті. Сондай-ақ, 1-курс 105-топтың курсанты Бекмұхамет Санжар «Қазақ тілін сақтайық» атты өз өлеңін оқып, жиынға қатысушылардың зор ықыласына бөленді.

А. Иманғазиев, Алматы қаласы

Сондай-ақ, оқыңыз

Көлік кептелісін қалай шешеміз?

Көше толы көлік. Қарбалас шақтағы кептеліс. Азан-қазан. У-шу. Бұл көріністің өміріміздің ажырамас бөлшегіне айналғалы қашан?! …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған