Басқы бет / «Сақшы» газеті / Өзекті / Тілім неге тілім-тілім?

Тілім неге тілім-тілім?

Қазақ тілінің төрге озуына тікелей себепші болуы тиіс БАҚ өкілдері сөздің мағынасын түсінбей қолдану, тіл тазалығын сақтамау, орыс тілінің орамымен сөйлем құру сияқты қателіктерге бой алдырып жүргені жалған емес. Журналистерден бұрын, телеарнаның төрін бермей жүрген жұлдызсымақтар сөзді орашолақ қолданып, эфирде сөйлеу мәдениетін сақтамайтындарын былай қойғанда, көгілдір экранды сайқымазақтар алаңына айналдырды. Телеарна арқылы халық алдына шығып жүрген олардың мұрнына журналистиканың иісі де бармайтынын айтып жату артық.
Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, терминтанушы Шерубай Құрманбайұлы журналистер жиі ұрынатын қателерді тізбектеп, жетер жеріне жеткізіп айтып жүр. Терминтанушы маман тізіп шыққан баспасөз беттерінде ең жиі кездесетін қателіктердің бірі – сөз мағынасын ажырата білмеу. Екінші – сәтсіз жасалған аударма тіркесті талғамай қолдану. Үшінші – сөйлемді орыстілді сөйлемдер үлгісімен құру. Төртінші – түбірге қосымшаларды дұрыс жалғамау, тұрақты сөз тіркестерін дұрыс қолданбау, сөздердің орын тәртібін сақтамау, жергілікті диалектілерді қолдану және т.б. Тіптен, бұл типтік қателіктердің әрқайсына БАҚ беттерінен толассыз мысалдар келтіруге де болады.
Мәселен, бір журналист «Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков дағдарыс өзінің септігін тигізіп жатқанын айтады» деп жазады. Журналист халықтың қаржылық қиындық көруіне дағдарыстың сеп болғанын сөз еткізгісі келсе керек. Дағдарыс халықты дағдартқанын айтқысы келсе, қазақтың «кесірі» деген сөзін қолданғаны дұрыс емес пе?! Бұл сөздің түп мағынасын дұрыс түсінбей қолданудың бір ғана мысалы. Сорақысы сол, қазақтың сөздерін оңды-солды, түп мағынасын түсінбей қолданып, сөздің қадірін қашырып жүрген көшедегі көк атты емес, қаламды қару еткен журналистер. Олай деуімізге, баспасөз беттерінде өріп жүрген өрескел қателер себеп. Журналистер сөзді бұрмалап, кері мағынада қолдануға аса әуес дегенді айтқан Шерубай Құрманбайұлы: «Мысалы, күні бүгінде «Құлағына алтын сырға» деген тұрақты тіркесті теріс мағынада қолданып жүр, түптеп келгенде, бұл сөз құлақпен тыңда, назар сал деген мағына бермейді. Керісінше, құлағыңды түрме, естімей-ақ қой деген мағына береді», – дейді.
Қазіргі күні жұртшылық ақпаратты көбіне осы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы алады. БАҚ өкілдері таратқан ақпарға ауылдағы ағайын құдайдай сенетіні былай тұрсын, тілдік-құралды шала меңгерген журналистердің аузынан шыққан сөзді саналарына тоқып алады. Әсіресе, телеарнаға телміретін оң-солын танып үлгермеген жас көрерменді қалам ұстаған қауым салиқалы сөзбен, шұрайлы тілмен сусындатудың орнына сауатсыздандырып жатқандай.
Қазақ тілінің мәртебесі артып келе жатыр дегенімізбен, әлі де заң шығару, іс-қағаздар жүргізу, мемлекеттік басқару орыс тілінде жүргізіліп жатқандықтан, ресми тілдің қазақ тіліне ықпалы әлі де зор болып тұрғанын мойындау керек. «Мысалы, телеарнадан сөйлеп тұрған журналист «шыңды бағындырды» дейді. Бағындыру деп отырғаны – сол орыстың «покорять» деген сөзі. Дұрысы – бағындырды емес, шыңғы шықты, шыңғы ту тікті. Себебі, шың бізге еш уақытта бағынбайды, адам шыңға көтерілгеннің өзінде, ол жерден қайтіп түсіп кетеді, қалатын болса – қатып өледі», – дейді Шерубай Құрманбайұлы.
Орыс тілінің орамдарына салып сөйлем құраймыз дегеннен туады. Тіпті, телеарнадан хабар жүргізіп тұрған телемамандардың «Мен ойлаймын» деп сөз бастайтындары да үйреншікті үрдіс болып барады. «Мен ойлаймын» деген сөзді сөйлемнің басына қойып айту – орыстың «Я думаю» деп сөз бастайтыны секілді екені рас. Тағы бірде тікелей репортаж жүргізіп тұрған журналист «Оқтың астына алды» деп сөйлеп тұр. Қазақта «оқтың астына» алмайды, «оқ жаудырады» деп айтады. Осылай десе, аузы қисайып кете ме екен?! Көрші мемлекет тілінің құрсауынан шыға алмай жатқанымыздың көрінісі осы болса керек. Ал орыс тілінің орамымен сөйлейтін, сөйлем құрастыратын журналистер осы тілді де жетік біледі дегенге тағы сену қиын. Екі тілде судай ағылып тұрған журналистер сирек себебі.
Баспасөз беттерінде жіберілген қателіктер журналистің сауатсыздығының, өз ісіне жүрдім-бардым, немқұрайлы қарайтындығының белгісі болса керек. Тіл тазалығын сақтамау өз алдына, түбірге қосымша дұрыс жалғамайтын, шылауларды дұрыс қолданбайтын әріптестеріміз де бар. Айталық, «бүгін жаңбыр жауады деп күтілуде, жүруде, жетуде, өтуде» деп аяқталатын сөздер баспасөз беттерінде жиі кездеседі. Бұл нақ осы шақта, яғни көз алдымызда жүріп жатқан процесс болғандықтан, қазір «жиналыс өтуде» емес, дұрысы – «өтіп жатыр» болады. Сол сияқты шылаулардың дұрыс қолданбауына қатысты мысал келтірсек, кейбір әріптесіміз «әр сенбі сайын» деп қолданып жүр. Бұл жердегі «әр» мен «сайын» бір мағына береді, яғни мағыналас сөздер. Сонда «әр күн сайын» емес, «күн сайын» немесе «әр күні» деген әлдеқайда дұрыс. Сол сияқты, «болады ма», «келеді ме», «кездеседі ме», «жүреді ме» деп жазатындарды да көріп жүрміз. Үшінші жақтағы жіктік жалғау жалғанған сөзден кейін сұраулық шылау тұрса, жіктік жалғау түсіп қалады деген ереже бар. Осы ережелерге бағына отырып сөйлем құрасақ, тілдің тұнығы лайланбайтын ба еді?!
Тілді терең меңгерген, сөз байлығы мол, қазақ тілінің ережесін шырт ұйқыда жатқан жерінен оятып сұрағанда жатқа айтатын аға журналистердің барын жоққа шығармаймыз. Алайда, кәсіптің қыр-сырын енді меңгеріп келе жатқан ізбасар жастардың бәрінің бірдей қаламының қарымы мықты деп кесіп айта алмаймыз. Неліктен? «Мұның себебін айтар болсақ, журналистер кітапты өте аз оқиды, көркем әдебиетті қолға алмайды. Сондықтан, тілдері жұтаң, сөз байлықтары жетіспейді», – деп күйінішін жеткізді терминтанушы. Айтуынша, тілшілер қауымы «тоғытты», «бағындырды», «құрықтады» деген сөздерді түпкі мағынасынан айырып қолданып жүр.
«Мәселен, «Рейд кезінде МАИ қызметкерлері «Тойота» маркалы машинаны айып тұрағына тоғытты» деп жазады. Сондай-ақ, «қылмыскерді темір торға тоғытты» деп те жиі айтып жүр. Ал бұл тоғыту дегеніміз – мал шаруашылығына қатысты қолданылатын сөз, мал көтерем болмау үшін, ауырмау үшін түрлі дәрілердің қоспасынан малға арналған ванна жасайды. Соған бүкіл қой-ешкіні отарымен, үйірімен апарып тоғытады», – деді Шерубай Құрманбайұлы. Сол сияқты телеарнадан сөйлегенде жергілікті диалектілерді қолдану үрдісі белең алғанын да сөз етеді: «Елдің алдына шыққанда, қолымызға микрофон алып сөйлегенде, қазақтың жалпы ұлттық әдеби тілінде сөйлеуге дағдылану керек. Бұл біздің мәдениеттілігіміздің деңгейін көрсетеді. Жергілікті диалектілерді сахнаға алып шығу, телеарнадан сөйлегенде қолдану дұрыс емес. Жаргон, сленг сөздерді қолдану – эфир мәдениетін бұзудың дәлелі».
Шындығы сол, журналистика тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетіп жүр. Қазақ дыбыстарын дұрыс айтпайтын сақау журналистердің санын арттырып отырған да осы өнердегі түкірігі жерге түспей тұрған «жұлдыздар». Телеарнадағы жұмыс олар үшін кәсіп көзі емес, еріккеннің ермегі тәрізді. Ал тіпті, осы телеарнаның тізгінін ұстап жүрген кейбір сылқымдар сән байқауларының жеңімпаздары сияқты. Олай дейтініміз, көгілдір экранға көркін көрсету үшін шығатындай әсер қалдырады. Шындығында, беті жылтырап, түрі келісіп тұрған күннің өзінде көбі телеарнаның басты талаптарына жауап бере алмайды. Әйтпегенде, тілі мен сөйлеу мәнері көркіне сай келіп тұрса, айып тағар ретіміз де жоқ еді…

Жан АЙБЕК

Сондай-ақ, оқыңыз

Түрмедегі теологиялық сауаттандыру: тәжірибе мен нәтиже

Дінді біз ұстараның жүзіндей өткір деп жатамыз. Расында солай. Діннің дұрыс бағытынан жаңылмай, имандылық соқпағынан …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған