Басқы бет / «Сақшы» газеті / Жаршы / Олар – Отан үшін от кешкендер!

Олар – Отан үшін от кешкендер!

Ішкі істер органдары үшін Ұлы Жеңіс күнінің орны ерекше. Өйткені, қолына қару алып, Отан үшін от кешкен әкелеріміз бен аталарымыздың арасында соғыстан кейінгі өмірін осы саламен байланыстырғандар аз емес. Олардың Жеңіске әрі бейбіт өмірдегі тыныштықты сақтауға қосқан үлестері кейінгі ұрпақ үшін әрдайым үлгі. Сондықтан да ұлы мереке күні соғыс және тыл ардагерлерін құттықтап, құрметтеу жылдағы жақсы дәстүрге айналған.

Алматы облыстық ІІД
Алматы облысының полицейлері орталық саябақтағы «Данқ» ескерткішінің алдында Ұлы Отан соғысының майдангерлеріне тағзым етті.
«Бүгін біз өз өмірлерінің бағасымен еліміздің тыныштығы күзетінде тұрған барлық Отан қоғаушыларға құрмет көрсетудеміз. Бұл күн қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлік істерінің жылнамасы және Отанға қызмет ету дәстүрінің сабақтастығы сияқты. Бабаларымыздың ерліктері Жеңістің даңқ мұрасы ретінде ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса береді», – деді өз сөзінде Алматы облыстық ІІД бастығы, полиция генерал-майоры М. Ұрұмханов.
Жеңіс күні қарсаңында Талдықорған қаласының екі полиция қызметкері, аға лейтенант Серікбек Алпысбеков пен аға сержант Мақсат Әлиев өрттен адамдарды құтқарған ерліктері үшін мемлекеттік награда – «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Ішкі істер министрінің және облыстық ІІД басшылығының бұйрықтарымен 200 полиция қызметкері түрлі арнайы әскери атақтармен, мадақтамалармен, алғыс хаттармен және «Құқық тәртібін қамтамасыз еткені үшін», «Ішкі істер органының үздігі» төсбелгілерімен марапатталды.

Ақтөбе облыстық ІІД
ІІО ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің қатысуымен мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Сұрапыл соғысқа өңірімізден 120 мың жерлесіміз аттанса, оның ішінде екі жарым мыңдайын тәртіп сақшылары құрап, елге тек 440-ы қайта оралған. Қазіргі таңда оның үшеуі ғана қатарымызда. Олар өмір бойы құқық қорғау саласында қызмет етіп, Отан алдындағы борышын адал атқара білген біздің мақтанышымыз. Мерекелік шара барысында Ақтөбе облыстық ІІД бастығы, полиция полковнигі Махамбет Абисатов ардагерлерді құттықтап, грамоталармен марапаттап, ақшалай сыйақы табыс етті.
Сонымен қатар, осы мереке қарсаңында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза болған қызметкерлердің отбасылары мен еңбек майданының ардагерлері де ақшалай сыйақы алды.
Ақтөбе облыстық ІІД-нің 2 қызметкері майор шенін алды. Ішкі істер министрлігінен еңбектегі адал қызметі үшін барлығы 14 полиция қызметкері алғыс хат және грамоталармен және «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен, 2-ші дәрежелі «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгілерімен марапатталды.

ІІМ М. Есболатов атындағы Алматы Академиясы
Салтанатты шараға Академия басшылығы, ішкі істер органдары мен Ұлы Отан соғысының ардагерлері, Академия жеке құрамы мен курсанттар, т.б. қатысты.
ІІМ М. Есболатов атындағы Алматы Академиясы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Шырынхан Себеков құттықтау сөзінде Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күнінің тарихына тоқталып, соғыс зардаптары туралы нақты мәліметтер келтірді. «Құрметті ардагерлер! Сіздерді Академия бастығының атынан және өз атымнан құттықтап, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға амандық, өздеріңізге қажымас қайрат пен мұқалмас мұрат тілеймін!», – деді полиция полковнигі Ш. Себеков.
Академия ардагері, отставкадағы милиция полковнигі Әбді Байғұлұлы салтанатты шараға келген қызметкерлер мен қонақтарды құттықтаған соң, кадр жұмыс бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Б. Құсайынов мерекеге орай Ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың және Академия бастығы Т. Күлібаевтың бұйрықтарымен марапатталған қызметкерлердің есімдерін жариялады. Оларға тиісті марапаттаулар мен сыйлықтарды сахна төріне шыққан полиция полковнигі Ш. Себеков өз қолымен тапсырды.
Жиын соңында қадірлі қонақтарға Академия ұжымы мен курсанттардың ұйымдастыруымен қос мерекеге арналған концерттік бағдарлама қойылды.

Қызылорда облыстық ІІД
Облыстық департаменттің, Ардагерлер кеңесі, Сырдария аудандық Ішкі істер бөлімінің басшылығы мен аудан әкімдігі Ұлы Отан соғысына қатысқан ішкі істер органдары ардагерлерін мерекелерімен құттықтады.
Тәртіп сақшылары Ұлы Отан соғысының ардагерлері Махамбет Бержанов пен Дәуітбай Сақтағановтың және қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан учаскелік полиция инспекторы, ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Талғат Қозыбаевтың шаңырағында болып, сый-құрмет көрсетті.
Ардагер Махамбет Бержанов 1943 жылы Ұлы Отан соғысына шақырылып, 1945 жылы жапон соғысына қатысады. Ішкі істер органдарына 1954 жылы кабылданып, Қармақшы аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы лауазымына дейін көтерілген.
Ардагер Дәуітбай Сақтағанов 1943-1948 жылдары Қызыл әскер қатарында болып, қатардағы жауынгер ретінде Жапониямен соғысқа, Манчжурияны азат етуге қатысқан. Тереңөзек, Қармақшы аудандық милиция бөлімінде бақылаушы, №728 арнайы комендатурасы комендантының көмекшісі, жедел уәкіл, арнайы комендатура коменданты, аға тергеуші қызметтерін атқарған.
Қарулы қылмыскерді тоқтатып, көмек сұрап келген азаматтың өміріне араша түсу кезінде көрсеткен ерлігі үшін учаскелік инспектор, полиция лейтенанты Талғат Қозыбаев Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған.
Қазіргі таңда Сырдария ауданының Мәлібаев ауылының бір көшесі оның есімімен аталады. Бұрын өзі оқыған № 135 орта мектебінің ауласында оған ескерткіш қойылып, сол мектептің бір сыныбына аты берілген.

Астана қаласы МКҚБ
Басқарма ұйымдастырған мерекелік іс-шараға ІІО құрметті ардагерлері, отставкадағы милиция полковниктері Қайыргелді Айтымбетов, Манап Қожахметов және Бегайдар Майқыбаев арнайы шақырылды.
Мерекелік шара барысында ішкі істер органдарына жаңадан қабылданған 15 жас буынның салтанатты түрде ант қабылдау рәсімі өткізілді.
Қызметтік міндеттерін адал атқарып, жұмыста жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгендері үшін және атаулы мерекелерге орай, ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің бұйрығымен полиция майоры С. Қайрамбаев грамотамен, полиция аға сержанты Б. Орманов «Алғыс хатпен» марапатталып, 10 қызметкерге алғыс жарияланды. Сонымен қатар, Астана қаласы МКҚБ бұйрығымен 18 қызметкерге грамоталар мен алғыс хаттар салтанатты түрде табысталды.
Бұдан бөлек ІІО-да қызметте болудың шекті жасына жетулеріне орай, 2-полиция батальонының қызмет инспекторы, полиция майоры Б. Бибәкіровті зейнеткерлікке шығарып салу рәсімі өткізілді.
Іс-шара шеңберінде кадр жұмысы бөлімінің қызметкерлері, ҰОС ардагері марқұм Иван Порфирьевичтің үйіне барып, оның жұбайы, тыл ардагері Мария Филипповнаға гүл шоқтары мен азық-түлік себеттері табыс етілді.

Батыс Қазақстан облысы МКҚБ
Соғыс ардагерлері мен тылда еңбек еткендердің сонау қан майданда жерін жаудан сақтап қалған жанкешті ерліктерін қастерлеуді, кейінгі ұрпаққа жеткізуді азаматтық борышы санаған Батыс Қазақстан облысы Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының қызметкерлері Ұлы Жеңіс мерекесі күні майдангерлердің шаңырақтарына арнайы барып, құттықтап, құрмет көрсетті.
Сақшылар майдангер ағаларға гүл шоқтары мен бағалы сыйлықтар табыс етті. Сонымен қатар, майдангер Ахмет Қапашевтің үйіне барып, ардагер ағаның жесірі Өзипа әжеге сый-сияпат жасады.
Тыл ардагерлері Мақсот Шонаев пен Валентина Новичкованың да шаңырақтарында болып, Ұлы Жеңіс мейрамымен құттықтады.

А. КЕҢЕСОВ

Сондай-ақ, оқыңыз

Жарыс жолындағы жеңімпаздар

Ақмолалық полиция қызметкерлері мен ұстаздар жол қозғалысы жас инспекторларының үздік командасын іріктеді.

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған