Басқы бет / «Сақшы» газеті / Уақыт тынысы / Жаһандық бастамаға жастардың қолдауы

Жаһандық бастамаға жастардың қолдауы

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун 2005 жылдың 26 қазанында БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында ұйымның аймақтық комиссияларына Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен біріге отырып БҰҰ-ның жаһандық жол қозғалысы қауіпсіздігі апталығын (UN Global Road Safety Week) өткізуге үндеу тастаған болатын. Өткен сенбі күні Астана қаласының оқушылары осы әлемдік бастамаға қолдау білдірді.
8 мамыр күні Астана қалалық ІІД Жергілікті полиция қызметі елордадағы №64, 67, 70, 76, 79 мектеп-гимназияларының «Жас жол инспекторларын» қала әкімдігі алдындағы алаңға жинап, БҰҰ 4-ші жаһандық апталығының басталуына үн қосты. Апталық 14 мамырға дейін жалғаспақ. «Жас жол инспекторлары» алаңда саптық машықтарын паш етіп, команда капитандарының бұйрық беруімен түрлі саптық қимылдарды орындап, Астана қалалық ІІД Жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі А. Айтыбековтың алдынан кезек-кезек қолдарын шекелеріне апарып, қошемет білдіріп жүріп өтті. Одан бөлек, олар жол қозғалысына қатысты өздерінің өлеңдерін орындап берді. Осылайша олар еліміздің барлық азаматтарын жол қауіпсіздігін сақтауға және балалардың жолдағы қауіпсіздігіне көңіл аударуға шақырды. Бұл балалар таяуда өткен қалалық жас инспекторлар слетінде жүлделі орын алған оқушылар.
«Мен №64 орта мектепте 6-сыныпта оқимын. Жас инспекторлар үйірмесіне қатысып жүргеніме екі айдан асты. Мұндағы сабақтар маған өте ұнайды. Біз жол-көлік қозғалысы ережерін біліп қана қоймай, саптық адымдау машықтарын да үйренеміз. Бүгінгі акцияда жүргізушілерді жолда жылдамдықты шектен асырмай жүруге шақырамын. Өйткені, ең бірінші қауіп жылдамдық асыруда екендігі белгілі», – дейді жас инспектор Данияр Сабыров.
Сонымен қатар, «Жас жол инспекторлары» көрнекі құрал ретінде бір параққа басып шығарылған дүниежүзілік декларацияны Жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі А. Айтыбековке табыстады. Бұл декларация әлем елдеріндегі балалардың құрастыруымен дайындалған. Қазір мұндай апталық әлем бойынша өтуде. Осылайша, БҰҰ балаларға жол қауіпсіздігі бойынша өз пікірлерін білдіріп, олардың қатысуымен болатын Жол-көлік оқиғаларына назар аудартуды көздеп отыр. Апталық эстафета Астана қаласынан Ақтау және Орал қалаларына табысталмақ.
«1 мамыр – 1 маусым аралығында елімізде «Балалардың жолдағы қауіпсіздігі» атты кең ауқымды акция өткізілуде. Осы апталық эстафетасын соның аясында қарастырып отырмыз. Мұндағы мақсатымыз – балалар зардап шеккен ЖКО-ның себептері мен салдарын жұртшылыққа жеткізу. Акция барысында Астана қаласының «Жас жол инспекторлары» қала әкімі Ә. Исекешевке өздерінің үндеуін жолдады. Үндеудің мақсаты Астана қаласының тұрғындарын жол-көлік қозғалысы қауіпсіздігін, «Жылдамдық режимін» сақтауға және балалардың өмірін қорғауға назар аударту», – дейді Астана қалалық ІІД Жергілікті полиция қызметі Ювеналды полиция бөлімінің инспекторы, полиция майоры Айымгүл Уәлиева.
Жол-көлік оқиғалары мен көлік апаттары әлемдегі өзекті проблемалардың бірі болып қалып отыр. Жыл сайын дүниежүзінде 1,2 миллион адамның ажалы жол апаттарынан болады екен. Әсіресе, 10 мен 24 жас аралығындағы жас адамдардың өлімінің басты себебі – осы жол-көлік оқиғалары. Сондықтан да астаналық оқушылардың жаһандық бастамаға үн қосқаны құптарлық іс.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ, суреттерді түсірген Қанат КӨЛБАЕВ

Сондай-ақ, оқыңыз

Заң бұзғандарға жаза қатайтылады

ІІМ ҚАЖ комитетінің төрағасы Азамат Базылбеков тәртіп, заңдылық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жай-күйі бойынша …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған