Басқы бет / «Сақшы» газеті / Уақыт тынысы / Ескерткіш тақта ашылды

Ескерткіш тақта ашылды

5 мамыр күні Луговой стансасы Ішкі істер желілік бөлімі ғимаратының алдында қызмет бабында қаза болған Жеңіс Жанәділовтің ескерткіш тақтасын ашу салтанаты өтті.
Оған Луговой стансасы ІІЖБ-нің жеке құрамы және осы бөлімде бұрын қызмет істеп, зейнетке шыққан қызметкерлер, Ж. Жанәділовтің ата-анасы, отбасы және жақын туыстарымен қоса, Луговой ауылының әкімі және темір жол қызметі мекемелерінің басшылары қатысты.
Ескерткішті ашу салтанатын Луговой стансасы ІІЖБ-нің бастығы, полиция полковнигі Д. Супаев ашты. Осыдан кейін Ж. Жанәділовтің ата-анасы және туыстары, аудан әкімінің орынбасары Әлпейісов Бейсенбек, облыстық мәслихат депутаты Қайрат Әбдікерімұлы және бұрын қызметтес болған ардагерлер сөз сөйлеп, Ж. Жанәділовтің ерен қызметін еске алып, 1 минуттық үнсіздік жарияланды.
Салтанатты шарадан кейін келген қонақтарға арнап Т. Рысқұлов ауданының мәдениет үйінің көркемөнерпаздар ұйымы шағын концерт қойып, артынан жеке құрам арасында шағын футболдан жарыс өткізілді.
Жанәділов Жеңіс Үмбетұлы 1969 жылдың 9 мамырында Жамбыл облысы, Луговой ауданы, Октябрь-шаруа ауылында дүниеге келген. 1976 жылы Октябрь-шаруа орта мектебінің 1-сыныбына барып, 1986 жылы аталған мектепті үлгілі бітіріп шықты.
1986 жылы Жамбыл технологиялық институтының күндізгі оқу бөліміне түсті.
1988-1989 жылдары КСРО Қарулы күштерінің қатарында борышын өтеп, әскерден кейін оқуын жалғастырып, 1995 жылы институтты аяқтап шықты.
1995 жылы Луговой стансасындағы ішкі істер желілік бөлімінің есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімшесінің жедел уәкілі болып қызметке тұрды.
1996 жылдың 16 қыркүйегінде өзінің қызметтік борышын өтеу кезінде қылмыстық топты ұстау барысында қандықол бұзақылардың қолынан полиция лейтенанты Ж. Жанәділов ерлікпен қаза болды. Артында әке-шешесі, жұбайы Жеңіскүл және екі ұлы – Аспандияр мен Дияс қалды.
1996 жылғы 9 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығы бойынша Жеңіс Үмбетұлы «Ерлігі үшін» медалімен наградталды.

Е. БЕКТЕМІСОВ, Жамбыл облысы

Сондай-ақ, оқыңыз

Заң бұзғандарға жаза қатайтылады

ІІМ ҚАЖ комитетінің төрағасы Азамат Базылбеков тәртіп, заңдылық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жай-күйі бойынша …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған