Басқы бет / «Сақшы» газеті / Аймақ айшығы / Алғысқа бөленген ардагерлер

Алғысқа бөленген ардагерлер

Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД
2 мамыр – соғыс және ішкі істер органдарының ардагері милиция аға сержанты Джура Кобелевтің туған күні.
Джура Кобелев солтүстікқазақстандық полиция қызметкерлері үшін нағыз аңыз адам деп айтуға болады. Ол 1917 жылы Өзбекстанда көп балалы шаруа отбасында дүниеге келген. Мерзімді әскери борышын кавалерист лауазымында өткерген. 1941 жылдың шілде айында майданға шақырылып, Сталинград түбіндегі қанды ұрыстарға қатысыпты.
«Сталинград үшін қантөгіс жүріп жатты. Алайда, ешкім де берілмеді. Немістер шабуылдайды, біз оларды кейін шегіндіреміз. Біраз уақыттан соң олар қайта күшейеді. Ұрыстан соң тірі қалғандарды саусақпен санауға болады. Майданда оққа ұшып, қаза болған жолдастарымызды көргенде көзімізге жас үйірілетін. Ұрыс алдында әр жауынгер кейін қайтып оралмауы мүмкін екенін жақсы білетін. Барлығы бір-бірімен үнсіз қоштасатын. Қанды ұрыстарда біраз достарымнан айырылдым», – дейді ардагер.
Сондай ұрыстардың бірінде Джура ауыр жарақат алған. Емдеу шараларын Қазақстанда жүріп алыпты. Қазақ жерінде жүріп болашақ жары Екатерина Михайловнаны жолықтырып, ұзақ жылдар бойы бақытты отбасы болып, төрт баланы тәрбиелеп өсірді. Соғыстан кейінгі жылдары майдангер ішкі істер органдарына қызметке орналасқан. Милиция қатарында зейнет жасына дейін түрлі лауазымдарда қызмет атқарған.
Ақсақалды мерейтойымен құттықтауға облыстық және қалалық полиция ведомствосының басшылығы мен жеке құрамы ғана емес, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері де келді. Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотов мерейтой иесін қала басшысы атынан құттықтап: «Сіздің өмір жолыңыз жастарға үлгі. Сіздің алдыңызда бас иіп, зор денсаулық пен амандық тілейміз», – деген тілегін білдірді.
Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов жүз жылдық мерейтойын туған ведомствосында қарсы алуға ниет білдірген ақсақалды шын жүректен құттықтады. Балалары мен немерелерінің ортасында отырған ақсақалға жылы тілектер айтылып, сыйлықтар табыс етілді. Берік Біләлов ардагерге мықты денсаулық тілеп, оның омырауына «Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдиновтің» медалін тақты. Кездесуге келген ішкі істер органдарының ардагерлері мен жас қызметкерлері төрт бала, сегіз немере және он бес шөбере тәрбиелеп отырған кавалеристің ақыл-кеңесін ұйып тыңдады.
Ақсақалдың туыстары солтүстікқазақстандық тәртіп сақшыларына осындай қамқорлықтары үшін алғыстарын айтты. Ханты-Мансийск автономды округінен мерейтойға арнайы келген ардагердің ұлы әкесінің өзінен кейінгі әріптестерімен өтетін осындай кездесулер туралы айтып отыратындығын және милиция қатарындағы еңбек жолын мақтан тұтатындығын айтты.

ІІМ Алматы Оқу орталығы
ІІМ-нің Алматы қаласындағы Оқу орталығының «Жалпықұқықтық және әлеуметтік пәндер» циклының оқытушылары Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында еңбек және тыл ардагері Ирина Дронованы құттықтап, сыйлықтар табыс етті.
Бүгінде 97 жасқа келген Ирина Степановнаның Ұлы Жеңіске қосқан үлесі зор. Қаршадайынан еңбекке араласқан ол соғыс жылдарындағы қияметті күрсініп еске алады. Сұрапыл соғыс қаншама адамның тағдырын азап пен қасіретке салды. И. Дронованың тағдыр қосқан қосағы майдан даласынан оралмай, шерменде көңілді шерге толтырды. Қиын кезеңде еңбек жолын хат тасушыдан бастаған ардагер ана осы салада зейнеткерлікке шыққанша қызмет еткен.
«Ысқырып тұрған оқ астында еңбектеп жүріп, жауынгерлерге әрең жеткен күндеріміз көп болды. Басыңды көтерсең, оққа ұшуың мүмкін. Жарылыс дүмпулері саябырлағанша сағаттап жер бауырлап жатқан кездеріміз аз емес. Ал, жауынгерлер елден тағатсыздана хат-хабар күтетінін жақсы білеміз. Сондықтан жанымызды шүберекке түйіп, майдан даласына хат жеткізуге тиіс болдық», – дейді өткен күндерді көз алдынан тізбектей өткізген майдангер ана.
«Соғыстың алғашқы күндерінен бастап «Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін!» деген ұранмен соғысқа аттанған ерлердің орнын әйелдер, қариялар мен балалар алмастырды. Олар соғыс жылдарында барлық ауыртпалықтарды қайыспай көтеріп, ерліктің үлгісін танытты. «Елін жаудан қорғаған батырлардың есімі халық жадында мәңгі сақталады, себебі олар кейінгі ұрпақ бейбіт аспан астында өмір сүрсін деп от пен суға түсіп, кеудесін оққа тосты», – деген кейуана өскелең ұрпаққа үлкен сеніммен қарайды.

Нұргүл ӘЛІМБЕКОВА, Алматы қаласы

Батыс Қазақстан облыстық ІІД
Ерлікке тағзым – ардагерлерге құрмет
7 мамыр – Отан қорғаушы күні және Жеңістің 72 жылдығы қарсаңында Батыс Қазақстан облыстық ІІД бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Бағдар Нұралыұлы мен ІІО және ішкі әскерлер ардагерлері кеңесінің төрағасы Жайлыбай Келдібайұлы Ұлы Отан соғысының және ішкі істер органдарының ардагерлерін құттықтады.
Қан майданда кеудесін оққа тосып, бүгінгі бейбіт күн үшін қасық қаны қалғанша жауға қарсы тұрған аға буынның ерлігі – бүгінгі ұрпаққа үлгі. Бүгінде арамызда жүрген сол зұлмат жылдардың куәгерлері – сол жылдардың шежірелері. Солардың бірі – Серекешев Сағызбай ақсақал. Жасы 90-нан асқан қарт майдангер әлі де тың. Қонақтарды қарсы алуға сақадай сайланған сарбаздың кеудесіндегі орден-медальдар – ол жүріп өткен өмір жолының нышандары. Ел шетіне жау тигенде қолына қару алған көппен бірге ол да жауға қарсы аттанды. Жауды тықсыра қуып, жеңісті жақындатуға ерен үлес қосты. 1944 жылы шайқаста ауыр жарақат алған Сағызбай Есенғалиұлы елге оралады. Сол жылдан 1978 жылы зейнет демалысына шыққанға дейін облыстың ІІО-да еңбек етті.
Меңжан Абдрахманов ақсақал да ел басына күн туғанда атқа қонғандардың бірі. «1943 жылы майданға аттанғанда мен бар болғаны 17 жаста едім. Соғысты жеңіспен аяқтап, елге тек 1950 жылы ғана оралдым. Қиырда жүрсең де туған елің, Отаның адамның әркез жадында болады екен», – деп есіне алады өзі өткен даңқты жолын соғыс және еңбек ардагері. Бұдан соң БҚО-ның бірқатар аудандарында милиция бөлімінде еңбек еткен ол елінің құрметіне бөленді. Құрметті демалысқа шыққанға дейін абыройы мен антына адал болды.
Қос ардагер мен оларды құттықтаушылардың кездесуінде саланың кешегісі мен бүгіні туралы әңгіме айтылды. Қазіргі күні Ұлы Отан соғысының және ішкі істер органдарының ардагерлері Сағызбай Есенғалиұлы мен Меңжан Ғабдолұлы облыс орталығында тұрса, Сүйеу Ығылманұлы Шыңғырлау ауданының байырғы тұрғыны. Сұрапыл соғыстың тірі куәгерлерінің қатары, өкінішке қарай, күн санап сиреп барады. Елді жаудан қорғап, бейбіт күнде халқының тыныштығы үшін қызмет еткен ардагерлерге құрмет көрсету – бүгінгі ұрпақтың міндеті.

Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД
Солтүстікқазақстандық милиция ардагерлерінің қатарында 8 майдангер мен 20-дан астам тыл еңбеккері бар. Жеңістің 72 жылдығы қарсаңында оларға айрықша құрмет көрсетілді.
95 жастағы Григорий Красильниковтың шаңырағына барған Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов ардагерді құттықтап, алғысын айтты. Гвардиялық авиациялық-бомбалаушы полкінің сарбазы сонау сұрапыл жылдардағы естеліктерімен бөлісіп, бүгінгі өмірі туралы да айтып берді.
«Мені ұмыт қалдырмай келіп тұрғандарыңыз қуантады. Медицина қызметкерлері, полицейлер, әлеуметтік қызметкерлер маған жиі бас сұғады. Менің жағдайымды сұрап келгенде көңіл күйім көтеріліп сала береді. Алғысым шексіз», – дейді ардагер.
Жалғызбасты ардагер үйіне келіп, есік тықылдатқан барлық адамға кім екенін сұрамастан есік аша береді екен. Полиция ведомствосының басшысы бұл мәселеге назар аударып, майдангердің қауіпсіздігі үшін оның пәтеріне бейнедомофон орнатуға тапсырма берді.
Облыстық ІІД басшылығы мен ардагерлер кеңесінің өкілдері ардагер Шаяхмет Мырзақановты да құттықтауға барып қайтты. 9 мамырға дейін олар соғыстан кейінгі жылдары құқықтық тәртіп органдарында қызмет еткен барлық майдангерге бас сұғып шықты.
Сондай-ақ, солтүстікқазақстандық полицейлер Жеңіс күні қарсаңында Кеңес Одағының Батыры, отставкадағы милиция подполковнигі Филипп Чижиковқа арналған обелискіге гүл шоқтарын қойды. Бұл ескерткіш тақта майдангердің туған жері – Қызылжар ауданының Березовка селосында екі жыл бұрын орнатылған болатын. Филипп Васильевич соғыстан кейінгі жылдары Солтүстік Қазақстанның милициясында, кейін Түмен облысының ішкі істер органдарында қызмет атқарған. Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД мұражайында ол туралы арнайы экспозиция бар.

Динара Сағындықова

Сондай-ақ, оқыңыз

Құтқарушылар көрмеге сақадай сай

Жуырда № 16 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған