Басқы бет / «Сақшы» газеті / Аймақ айшығы / Қарт майдангердің ғибратты ғұмыры

Қарт майдангердің ғибратты ғұмыры

Леонид Юзефович Гирш – Отан үшін от кешкен майдангер. Талай боздақтардың тағдырына айналған сұрапыл соғыс жылдары ерліктің отын маздатқан кеңес жауынгерлерінің батырлығы бүгінгі ұрпақ үшін – мақтаныш.
Сол бір «ер етігімен су кешіп, ат ауыздығымен су ішкен» алмағайып жылдарда Отан қорғау сапында тұрған солдат 1941 жылы маусым-қыркүйек айларының аралығында Оңтүстік-Батыс майданындағы ұрыс қимылдарына, Сталинград, Курск шайқастарына қатысады. Днепр бекінісін алуға, Украина, Польша, Чехославакияны жаудан азат етуге де қатысып, Берлинге шабуыл жасаған жауынгер. Сталинград шайқасы мен Курс доғасындағы шайқастың да ортасында болған.
Бүгінде қарт жауынгердің өңіріндегі Ұлы Отан соғысының бірінші, екінші дәрежелі ордендері, «Қызыл Жұлдыз» ордені мен «Ерлігі үшін», «Қаһармандық қызметі үшін» медальдары кеңес жауынгерінің Отанына деген адалдығы мен батырлығының жарқын куәсі. Ол бұдан да басқа 30 медальмен марапатталған. Польша, Чехословакия, Румыния, Украина, Моңғолияның мемлекеттік марапаттарының өзі бір төбе.
Ұлы Отан соғысының ардагері Леонид Юзефовичтің соғыстан кейінгі өмір жолы да әскери қызметпен өрнектелді. 40 жылдан астам уақыт бойы Қарулы Күштер қатарында қызмет еткен Л. Гирш Алматы қаласы және Алматы облысы азаматтық қорғаныс штабының бастығы болды.
Темірдей тәртіпті талап ететін салада қызмет атқарса да, жүрегінен жыр төгілген отставкадағы полковник Л. Гирштың соғыс тақырыбына арнаған өлеңдері өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезімді қалыптастырып, Отанға деген құрметін арттырады. Оның жалындаған жастық шағында қан майданның ортасында атой салған отандастарына арнаған өлеңдерінде Жеңіске санаулы сәт қалғанда мерт болған жауынгерлердің жарқын бейнесі бар. Бірнеше жыр жинағының авторы өзінің «Мәңгі алау алдында» атты өлеңінде соңғы ұрыста мерт болғандардың рухына деген тағзымын айқын айшықтайды.
«Қырық жыл қырғын болса да, ажалды ғана өледі» деген сөзді бағамдасақ, майданнан аман оралғанмен, Леонид Юзефовичтің өмірі де қасіреттен кенде болмапты. Соғыстың алдында әкесінен айырылған оның анасының өлімі тіптен аянышты. Ұлты еврей анасы неміс тұтқынында азапты өліммен өледі. Бүгінде өзінің жасы 93-ке келсе де, жалғыздықтың құшағында жауыздардың қолынан ажал құшқан анасына деген аянышы көкірегін мұңға, көзін жасқа толтырады. Өмірдің сан соқпағынан сүрінбей өтіп, тағдырдың сынақтарын қайыспай көтеріп келе жатқан соғыс ардагерінің өзегін өртеген бұдан да басқа мұңы бар. Ұлының қазасы қабырғасын қайыстырса, алпыс жылдан астам отасқан жарынан айырылу да оңай болмады.
Украинаның Кировоград қаласында туған Леонид Юзефович 1959 жылдан бері Алматы қаласында өмір сүріп келеді. Сондықтан да шығар, оның өлеңдерінде жергілікті халыққа деген құрметі анық сезіледі. «Тақия» деген өлеңінде соғысқа аттанып бара жатқан ұлына «Отаныңды жауға таптатпа» деген ұғыммен қазақтың тақиясын беріп жіберген ана жүрегінің сенімін ақтаған жауынгердің Рейхстагқа тігілген Жеңіс туының астында қойнынан ана аманатындай болған тақияны суырып алып, басына кигенін жырлайды. Қарт солдаттың Жеңіс сағаттарындағы жан тебірентерлік көріністерді өлең құдіретімен көз алдымызға әкелуінің өзінде қаншама сүйіспеншілік жатыр. Леонид Юзефович бала күнінде музыкант немесе ақын болуды армандапты. Асқақ арманының шыңы – бүгінде оқырмандарының жүрегін жаулаған алау жырлары ғана емес, «Сквозь пламя войны» деректі-өмірбаяндық шығармасы да болып табылады.
Аты аңызға айналған қарт жауынгер биыл 93 жасқа толды. Соған қарамастан, ол Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінде өтетін барлық мерекелік іс-шараларға қатысып, естеліктерімен бөліседі және Жеңіс туралы жырларын шабыттана оқып береді.
Ұлы Отан соғысының және Азаматтық қорғаныс жүйесінің ардагері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, отставкадағы полковник Леонид Юзефович Гриштің өмір жолы жас офицерлерге үлгі болар оқиғаларға толы.

Гүлнәр МАҒЗҰМОВА

Сондай-ақ, оқыңыз

Құтқарушылар көрмеге сақадай сай

Жуырда № 16 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған