Басқы бет / «Сақшы» газеті / Тұлға / Тұңғыш ұлдың тағдыры

Тұңғыш ұлдың тағдыры

Ол Асқарбек пен Жәмила Жирентаевтардың тұңғышы еді. Тағдыры бөлек, болмысы ерек арда ұлдың азғантай ғұмыры ерліктің өшпес ізіндей, әділдіктің айшықты бейнесіндей көпшіліктің есінде мәңгі сақталады.
Көк жүзінде қалған арман
– Анашым, анашым! – деп құлдыраңдай жүгірген жеті жасар шамасындағы бала есік алдында күйбеңдеп жүрген анасына жетіп келіп, етегінен тартқылай бастады.
– Анашым, қарашы, аспанға қарашы!
– Құлыным-ау, нені қарайын, түк көріп тұрғаным жоқ…
Жәмила ана көк жүзіне қанша қарағанымен, көзіне ештеңе шалынбады.
– Анау, буалдыр ақ жолақ ше, ғарыш кемесінің жолы емес пе, анашым?!
– Құлыным-ау, мен қайдан білейін, ғарыш кемесінің жолын көрді дейсің бе, мені.
Бала әлдебір құпияның сырын білгісі келгендей, көк аспанның қақ ортасындағы буалдыр жолаққа бар ықыласымен қайтадан ұзақ қарады. Жәмила ана ұлы Жанайдардың «мен өскенде космонавт боламын» деген балаң арманын талай естіген. «Космонавт» мамандығы туралы білетін мәліметі мардымсыз болса да, тар құрсағын кеңітіп шыққан тұңғыш ұлының әйтеуір алдына қойған арманы үлкен екенін сезіп, іштей қуанушы еді. Жанайдардың өскенде көптің бірі емес, жұлдызы жоғары жан болатынын сонда әлбебір түйсігімен сезді. Бірақ, сол жұлдыздың ерте өшетінін ол сол уақытта білмеген еді…
Жанайдар қолы қалт етсе болды, көк жүзіне зер сала қарап, тәтті армандарға жиі беріледі. Өзінің ғарышта ұшып жүрген сәтін, сонау зеңгір аспанның әр жағындағы беймәлім әлемді көзіне ойша елестетіп көреді. Айдың үстін аралап, жұлдыздардың жанынан қиялымен қанша рет өткені есінде жоқ, әйтеуір аспанға қараса, алабөтен күй кешетін. Көк аспанға деген махаббаты оның тазалыққа, әділдікке, биіктікке ұмтылып өсуіне септескені анық еді. Бірақ, бұғанасы қатып, бозбала бола бастаған шағында балалық арманы біртіндеп көк жүзіне сіңіп, алыстай берді…

Ауған жеріндегі айқас
Орта мектептің 8-сыныбын аяқтағанда Жанайдар Жирентаев 16 жасқа толған бозбала жігіт еді. Жастық жігер жанына тағат таптырмағандықтан, ол сабағын өте жақсы оқып жүрсе де, мектеп қабырғасынан тезірек ұзап шығып, өміріне қажет мамандықты ертерек меңгеруге тырысты. Сол себепті, 8-сыныптан соң, бұрынғы Целиноградтағы Автомобиль және транспорт техникумына оқуға түседі. Оның әуелгі мақсаты – темір тұлпарды тезірек тізгіндеп, еңбек майданында тер төгіп жұмыс істеу болатын. Жай ғана жүргізуші емес, механик ретінде темірдің «тілін» білетін маман болуға ұмтылды. Қалай болғанда да, ер жігіттерше еңбек етіп, үлкен істер тындыруға құлшынып тұратын.
Сөйтіп жүргенде әскерге шақырту келіп, Жанайдар Түрікменстанға аттанып кете барады.
– Ол әскерге алынғаннан кейін, бір хат келді де, артынша ешқандай хабар-ошар болмай кетті. Алғашқы үш ай бір хабар болар деген үмітпен өтті. Жамандыққа жорығымыз келмеді. Үш айдан да асып кеткен соң, Жәмила екеуміз іштей уайымдай бастадық. Тұңғыш ұлымыздың тағдыры не болғанын, өлі-тірісін білмей, әрі-сәрі күй кештік. Алты айдан аса бастағанда, амал жоқ, сол кездегі КСРО Қорғаныс министрі Дмитрий Устиновтің өзіне хат жазуға мәжбүр болдық. Арада біраз уақыт өткенде жауап келді. Сөйтсек, ұлымыз әскерге алынғаннан кейін, оны Ауғанстан демократиялық республикасына интернационалдық борышын өтеуге жөнелткен екен. Сол уақытта Кеңес әскері ауған еліне көмекке жіберілген болатын, – деп еске алады әкесі Асқарбек Жирентаев.
Балаларының бір хабарын біліп, көңілдері орныққанымен, ата-ананың алаңдауы бәрібір азаймады. Өйткені, ол елде қырғын соғыс болып жатқанын бұлар ұзын құлақтан еміс-еміс білетін.
Бұл уақытта Жанайдар шынымен де қырғын соғыстың ортасында жүрген болатын. Тау-тасқа жасырынған дұшмандар кеңес әскері орналасқан базаларға күтпеген жерден тұтқиылдан шабуыл жасайды да, ілезде із жасырады, сосын тағы бір тасадан мина, бомба жарып, әскерді үлкен шығынға ұшыратып отырды. Кеңес әскері қару-жарақ, әскери техника жағынан күшті болғанымен, тау-тасы көп жат жерде соның артықшылықтарын толық пайдалануға мүмкіндіктері жетпеді. Дұшмандар ашық майданда кездеспей, ылғи жасырын, тұтқиылдан шабуыл жасап, талай боздақтың ғұмырын қыршыннан қиды.
Бірде сержант Жанайдар Жирентаевқа өз бөлімшесімен қару-жарақ тиелген керуенді кеңес әскері бекінген келесі бір нүктеге күзетпен жеткізу тапсырылады. Таң ата тау шатқалдарының арасымен жол тартқан керуен келесі бір асудан асқанда дұшмандар құрған торға тап болады. Бөлімшедегі жауынгерлер саны онша көп емес еді. Тау-тастың арасына ыңғайлы бекініп алған жау жағы сержант Жанайдар бастаған шағын күзет тобын ә дегеннен-ақ ойсыратып тастайды. Алайда, қасында қалған санаулы солдатты Жанайдар тез бекініске көшіріп, дұшмандардың үлкен олжаға оңай кенелуіне жол бермейді. Аз ғана адаммен үлкен қарсылық көрсетіп, жан-жақтан қоршаған қалың жауды бірнеше сағат бойы ұстап тұрады. Санаулы ғана адаммен осынша ұзақ шайқасамыз деп жау жағы да ойламаса керек. Ақыры олар айлаға көшіп, бір жақтан тоқтаусыз атыс жүргізіп жатқанда, ту сырттарынан жалғыз дұшманды жіберіп, керуеннің қасында жарылыс ұйымдастыруға тырысады. Әйтсе де, бала жасынан зеңгір аспанға көз тігіп, қиядағыны шалып үйренген Жанайдар ту сырттарынан жорғалап келіп қасындағы жолдасын қарауылға алған жауды бірден байқайды. Қағілез сержант тез қимылдап қасындағы жолдасын кеудесімен қалқалай беріп, автоматын бірнеше мәрте атып үлгереді. Жау жантәсілім етті. Бірақ, өзі ауыр жараланады.
Сол кезде көмекке келіп үлгерген кеңес әскерлері Жанайдарды тік ұшақпен, одан әрі ұшақпен жедел елге жөнелтеді. Өйткені, жарақаты өте ауыр болатын. Жолдасын құтқармақ болып қорғасын оққа кеудесін төсеген қайран ер 11 күн бойы ес-түссіз жатады. Сол 11 күн бойы әкесі Асқарбек пен анасы Жәмила қасынан бір елі кетпей, кезек-кезек аузына су тамызумен болады. Он бірінші күн дегенде барып Жанайдардың кірпігі қимылдай бастаған.

«Күндіз отырмадым, түнде ұйықтамадым…»
Әкесі Асқарбектің айтуынша, Жанайдар кішкентайынан әділ, тәртіпті болған және әлсіздерге қамқорлық танытып жүрген екен. Оның бойында бала кезінен қалыптасқан осындай қасиеттері есейгенде ішкі істер органдарына алып келсе керек. Сонау 1984 жылы Ақмола қалалық ІІБ-нің автокөлік шаруашылығына жүргізуші болып жұмысқа кіріскен ол көп өтпей-ақ өзінің жан-жақты қарым-қабілетімен көзге түсе бастайды. Жігерлі жігіттің бойындағы отты рухты, алғырлық пен қырағылықты байқаған басшылар оны Ақмола қалалық ІІБ-нің Қылмыстық іздестіру бөліміне инспектор етіп ауыстырады. Сөйтіп, бұрынғы интернационалист-жауынгер бейбіт өмірде қылмыскерлермен бітіспейтін күрес жолына шығады.
Әйгілі Білге қағанның «Күндіз отырмадым, түнде ұйықтамадым, қара терімді шұбырттым, қызыл қанымды жүгірттім, Түрік халқы үшін» деген сөзі Жанайдар сияқты ішкі істер органдары қызметкерлеріне де бағытталып айтылғандай көрінеді. Туған қаласының тыныштығы үшін тыным таппай еңбек еткен Жанайдар талай қандықол қылмыскердің қолына кісен салған еді.
– Оның түрі қаталдау көрінгенімен, жүрегі сондай мейірімді болатын. Күнде жұмысқа кеткенде, келгенде үнемі екі қызын алдына алып, маңдайынан сүйеді. Әкелік мейірімін төгіп, қыздарын ерекше жақсы көретін, – деп еске алады жан жары Назкен Мүсірепжанқызы.
Қызметіне жан-тәнімен берілген Жанайдардың еңбегі басшылық тарапынан ескерусіз қалған жоқ. Сол 1994 жылдың 7 ақпанында, яғни дүйсенбі күні Ж. Жирентаев арнайы шені де жоғарылап, бөлім басшысы қызметіне кірісуі керек-ті. Алайда…

Бүлікқұмар бесеудің ылаңы
Жасы 27-ден асса да, әлі ақылы толықпаған, оған дейін түрменің дәмін екі рет татып келген Григорий Николаев «ащы суды» өңешінен әрі жіберсе, әкесін ұмытып шыға келетіннің нағыз өзі болатын. Үшінші ақпан күні кешкілік №9 шағын аудандағы бір үйдің ауласында серігі Евгениймен бір «жартылықты» бөліп ішіп алғаннан кейін ұрынарға қара таппай тұр еді. Сол кезде отбасымен келе жатқан Петров жанындағы Евгенийден оттық сұрамасы бар ма?! Николаевқа соның өзі жетіп жатыр, Петровтың салған жерден жағасынан алып, неше түрлі боғауыз сөздерді қарша боратып жібереді. Қасындағы Петровтың ағасы мен анасының ескертпесіне құлақ аспастан, одан сайын екілене түссін. Ағайынды Петровтар маскүнеммен жағаласып абырой таппасын біліп, қастарынан тез кетуге тырысты. Әйтсе де, үйдің бұрышын айнала берген оларды Николаев қайта қуып жетіп, Петровты ашық төбелеске шақырды. Сол кезде Петровтың ағасы маскүнемнің бұзақы әрекетіне тосқауыл қою мақсатында оның бетінен екі рет оңдырмай ұрып жібереді.
Сол күннің кешінде-ақ Николаев басқа бөтелкелес достарын жиып жіберіп, оларға болған жайды айтып береді. Не керек, бүлікқұмар бесеу «Петровтардың сазайын тартқызу керек» деген мәмілені бірден мақұлдап, қолдарына темір шынжыр алып, жорыққа шығады.
Петровтар тұратын пәтердің есігін қаққанда, ішінен ілгекті ағытқан ағасы арақтың буына бой алдырған Николаевты және оның қасындағы төрт досын көріп, есікті қайта жабуға тырысады, бірақ шамасы жетпеді. Қолдарындағы темір шынжырларын да, жұдырықтарын да аямай сілтеген бесеу ішке лап қояды. Олардың бет қаратпас шабуылы қашанға созылары белгісіз еді, Петровтардың бірі қолына үлкен балтаны алып қарсы ұмтылмағанда. Айбалтаның айбатынан сескенген бұзақылар үйді амалсыз босатады.
Қанша жерден бұзақы болса да, біреудің соңына әкесінің құны қалғанша түсетіндер сирек қой. Николаев сол сирек бұзақылардың қатарынан болып шықты. Ертең күні, яғни 1994 жылдың 4 ақпанында, кешкі сағат жетілер шамасында Николаев өзінің Тен, Пан, Шнайдер есімді үш досымен бас қосып, ішімдіктен біраз сілтегеннен кейін оларға да Петровтардың сазайын беру жөнінде ұсыныс тастайды. Кешегі жолдастарының ішінде бұл жолы Шнайдер ғана бар еді. Іштеріне «ащы су» барған соң бүлік іздей бастайтындарға бір ауыз сөз жеткілікті емес пе. Бәрі өре түрегеліп Николаевтың соңынан ереді. «Қол бастаған батырдың» көзіне кешегі балтаның жүзі елестеп кетті ме, кім білсін, досы Теннің шолақ мылтығы мен 4 оғын бірге қолтықтай кетеді.
Петровтардың үйінің жанына келгенде үй иесінің сыртта жүргенін көріп, Николаев оған бірден бас салып, жұдырығын сілтелей бастайды. Бір-екі жұдырығы Петровтың ағасының тура бетіне тисе де, ол бұзақты топтан алыс кетуге тырысады. Сол кезде Шнайдер оның соңынан түсіп, қолындағы шынжыр темірімен бірнеше мәрте ұрып жібереді. Жәбірленушінің әйелі қолындағы баласымен көмекке ұмтылып, бұзақыларды тоқтатуға тырысып еді, алайда екіленіп жүрген топ оның шырылын елең қылмады да. Төбесінде ойнаған темір шынжырдан қашып құтыла алмасын білген Петровтың ағасы қалтасынан жиналмалы бәкісін шығарып, олай-былай сілтеп жасқауға көшеді. Оның бұл әрекеті ішімдіктің қызуына елігіп тұрған Теннің жынын қоздырып жіберсе керек, қолындағы оқтаулы шолақ мылтықты Петровтың ағасына кезеп, атып жібереді. Абырой болғанда оқ оның үстіндегі тонын тесіп өтеді. Жағдайды одан әрі ушықтырмас үшін Петровтың ағасы қолындағы бәкісін жерге тастай салады. Бірақ, Тен оған да қарамастан, екінші мәрте оқ атады. Бұл жолы жәбірленушінің үстіндегі тонының келесі бөлігі оңбай бүлінеді.
Бұдан соң жау түсіргендей болып, өздеріне әбден масаттанған «төрт ноян» Николаевтың үйіне барып, отырыстарын одан әрі жалғастырады. (Бұл бөлімдегі кейіпкерлердің аты-жөні белгілі себептерге байланысты өзгертілді. авт.)

Соңғы кезекшілік
Төртінші ақпан… Қыстың қысқа күні ә дегенше ұясына жетіп, қараңғылық түсе бастаған еді. Жанайдар кешкі шайда жан-жарына болашақ баспанасының жобасы жайлы әдеттегісінен ерекше құлшыныспен әңгімеледі. Содан соң тезірек жұмысына жинала бастады. Бүгін оның соңғы кезекшілігі еді. Келесі аптаның басынан жаңа қызметке кірісуі тиіс.
– Бармай-ақ қоюына да болатын еді, бірақ Жанайдар соңғы кезекшілігін атқарып, жұмысын тиянақтап тапсырып кетуді ойлады. Есіктен шығар кезде маған қимағандай ұзақ қарады, сосын үйдің ішін көзімен бір шолып шықты. Сол сәттегі көз жанары ерекше нұрлы болатын. Қайдан білейін, қоштасып тұрған сәті екен ғой. Мен де одан көз алмай, қимай қарап қалыппын, – деп ауыр күрсіне еске алды жан жары Назкен Мүсірепжанқызы.
Иә, Назкен бұл сәттердің кейін есінде мәңгі-бақи сақталып қалатынын сол кезде қайдан білсін…
Түнгі сағат 23.00 шамасына таяғанда Петровтың ағасы Ақмола қалалық ІІБ-нің Шығыс бөліміне шағым түсіріп, өзін ұрып-соққан, шолақ мылтықтан оқ атып өміріне қауіп төндірген Николаевқа шара қолдануды сұрайды. Оқиға орнына сол бойда қылмыстық іздестірудің жедел уәкілі, лейтенант Ж. Жирентаев, кезекшілік бөлімнің көмекшісі, старшина Ә. Сүлейменов, жүргізуші С. Гончарук жедел жетеді. Олар Петровтың көрсетуі бойынша Лихачев көшесіндегі бір үйдің ауласында Тенді ұстайды. Оның қасында болған Николаев ішкі істер бөлімі қызметкерлерінің ескертпесіне құлақ аспастан, үйінен шолақ мылтығын алып шығып, олардан Тенді босатуын талап етеді.
Жанайдар мен С. Гончарук қылмыскердің қарулы екенін көргеннен кейін, бейбіт тұрғындардан қауіпсіздігін сақтау үшін оның назарын өздеріне аударуға тырысады. Сол мақсатпен қылмыскерге жақын келіп, қақпаның қуысын қалқалайды. Оларды байқап қалған Николаев шолақ мылтығын тура бағыттап шүріппені басып қалды…
Осы жалғыз оқ тұңғыш ұлдың тағдырына нүкте болып қадалды…
Не істегенін сонда барып түсінді ме, әлде старшина Әлихан Сүлейменовтің табелдік қаруымен ескертпе ретінде аспанға бір атып, сосын қылмыскерге қарай екінші рет атқан оғы есін кіргізді ме, белгісіз, Николаев қолындағы қаруын тастап, қарсылықсыз берілді. Бірақ, бәрі кеш еді…

Эпилог орнына

Қапияда көз жұмған қайран ер 1994 жылдың 2 сәуірінде «Ерлігі үшін» медалі мемлекеттік наградасымен марапатталды. Оның есімін ұлықтау, кейінгілерге ерлік ісін насихаттау бағытында жыл сайын түрлі шаралар өткізіліп келеді. Бүгінде Астана қаласындағы орталық көшелердің бірі лейтенант Жанайдар Жирентаевтың есімін иеленеген.
Жанайдар бала кезіндегі ғарышкер болсам деген арманына жете алмады. Алайда, оның көк жүзіне көтерілген рухы бүгінде бүкіл ішкі істер саласының қызметкерлеріне қуат беріп, жігерлендіріп, «жігіттер, шамаң келсе маған ұқса!» деп тұрғандай.

Меңдолла ШАМҰРАТОВ

Сондай-ақ, оқыңыз

Қош бол, қарулас дос!

Миллиондаған тұрғыны бар Алматы шаһарының халқы іскер, жұмысбасты десек те болады. Кептеліспен күрескен жұрттың әр …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған