Басқы бет / «Сақшы» газеті / Отанына адал / Ең үлкен сенім – Отан қорғаушыларда

Ең үлкен сенім – Отан қорғаушыларда

7 мамыр мерекесінің еліміз үшін үлкен мәні бар. Әр халықтың ең қымбат байлығы – Отаны. Ол жұмыр жердегі сенің тәу етер бөлшегің. Қазақ бақытты халық. Өз елі, өз жері, мәртебесі мұхит асып, жер-жаһан таныған, абыройы асқақ Елбасы бар. Біз, тәубешіл халықпыз, тұғырлы Тәуелсіздігіміз үшін де әрдайым тәубе дейміз. Мәңгілікке бет бұрған мақсатымыз баянды болғай.
Оттан ыстық Отанымыз үшін ең басты міндет – ол қауіпсіздікті сақтау. Береке басы да бірлік болған жерге ұялайды. Баяғыда біреу «Тыныштықтың қадірін тынышсыздық орнаған жерде жүріп білерсің» депті. Шын сөз. Әлемнің әр түкпірінде бір-бірінің жанын алып, шайпау тірлік кешіп жатқан жұрт аз емес. Олардың болашағы, елдік мәселесі бұлыңғыр. Соған қарап, бақыттың мекеніне айналған Қазақ еліндегі ұлтаралық ынтымақ саясатының дұрыстығына және Елбасының көрегендігіне тағы бір мәрте бас изейсің.
Отан – ең әуелгі құндылығымыз десек, Отан қорғаушы – оның күзетшісі, қорғаны әрі айбыны. Ең жоғарғы сенім Отан қорғаушыларға жүктелген. Басқа басқа, Отанды қорғау ол жанмен, бойдағы барыңмен елге, жерге қызмет ету деген сөз. Бүгінгі мақаламызға арқау болып отырған азаматымыз да осы сөздерді жүрегімен терең сезініп, түйсінген жан.
Жасыратыны жоқ, әр адамның маңдайына жазған қысқа ғұмырында өзінің бүкіл жан дүниесімен, болмыс-бітімімен таңдаған сүйікті мамандығы болады. Біздің кейіпкеріміз Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының жедел басқарма бастығының орынбасары, подполковник Батырбек Мүсірепов әскери қызметті жастайынан-ақ жанындай жақсы көріп, қалап алды.
Ол Алматының іргесіндегі Қаскелең ауылында 1980 жылы дүниеге келген. Әкесі Сейсен мен анасы Еренкүлдің отбасында бақыттың бал шекерін ішіп, үйелмелі-сүйелмелі жетілген он баланың сегізіншісі. Марқұм әкесінің: «Біреудің ала жібін аттамаңдар. Адалынан еңбек етіп, елге, жұртқа жақсылық жасаудан тартынбаңдар. Сонда ғана нағыз азамат атанасыңда», – деген тәрбиесін көріп өскен Батырбек әке аманатына сәл қылау түсіріп көрген емес. Оңынан жүріп, шамасы келсе жақсылық жасауға жан ұшырып тұрғаны.
2000 жылы арнайы әскери білім алып, қызмет жолын Ұлттық ұланның Қаракемер кентіндегі оқу орталығында взвод командирі болып бастады. Кейін Петропавлдағы Әскери институтта қызмет атқарды. Осы жерден Астанадағы Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетіне оқуға түсті. Оны үздік бітірген соң, осы бірегей оқу орнының докторантурасын да ойдағыдай тәмамдады. Сол әскери білім ордасында ұстаздық етті.
Әрине, бұның барлығы да бірер сөзді хатқа түсіріп, жазғанға ғана оңай болар. Оның артында Батырбектің ең әуелгі білім мен танымға деген құлаш ашқан құштарлығы жатса, екіншіден еңбекті сүйе білген ынтазарлығы бар екені рас. Бірақ, ол қай әскери құрылымда қызмет атқарып, қандай лауазымының тұтқасын ұстамасын, әскери Антқа адалдығын үнемі ісімен, кәсіби шеберлігімен дәлелдеп келе жатқан азамат. Қарамағындағы қызметкерлерге деген ағалық жанашырлығы мен білгенін үйретуге тырысатын бауырмалдығының арқасында әріптестерінің арасында зор сый-құрметке бөленген. Мінсіз әскери қызметі жолында талай марапат пен мақтауларға ие болды да. Олардың қатарында «Мінсіз қызметі үшін» төсбелгісінің үш бірдей дәрежесін иеленген, «Қарулы Күштерге – 10 жыл», «Армия генералы Сағадат Нұрмағанбетов» атындағы, «Жеңістің 70 жылдығына» арналған медальдармен марапатталған.
«Қару ұстап, ел қорғап жүрген әр азамат үшін ең басты керек қасиет – жеделдігі және жеке басының жауынгерлік даярлығы. Өздеріңіз көріп, біліп жүргендей, әлемнің түкпір-түкпірінде небір қым-қуыт оқиғалар болып жатыр. Тапа-тал түсте қырып-жойып, бір-біріне қару алып шабуылдап, лаңкестіктің ойранын салып жүрген жағдайлар таңсық болмай барады. Сондықтан да біз мұндай оқиғаларға, осылармен ымырасыз күресуге сақадай сай болуға, халқымызға титтей де қауіп-қатер тудыратын жағдайларды болдырмауға жедел тұрғыда дайын болуымыз керек. Бұл кезекте біздің басқарманың жетекшілігімен өңірлік қолбасшылықтың тиісті қызметтері ұдайы дайындықтарын пысықтып отырады», – дейді подполковник Б. Мүсірепов бізбен әңгімесінде.
Асқаралы азаматтың жан-жары Зухра да еріне тіреу болған жан. Екеуі Шахсенем, Бақыт, Сұлтанай есімді қыздарын өнегелі тәрбиелеп, өсіріп отыр. Енді әке жолын қуар ұлдары болса деген армандары да жоқ емес.
Исі қазаққа танымал, санаңа ой салар «Не пайда» атты талғамды әннің мәтінінде: «Бұл өмірден не пайда, халқыңа қызмет етпесең» деген жолдар бар. Иә, шынында да, Отаныңа, халқыңа, туған жеріңе иіле қызмет етпесең, құр сүлдені көтеріп жер басып жүргеннен не пайда?.. Қайтара айтқанда, туған елге қызмет етудің ең асқаралы шыңы, қадірлісі де құрметтісі – оны көз алартқан жаудан қорғау, тыныштығын күзету екені рас.
Ел қауіпсіздігіміздің темірқазығы болып саналатын ішкі тыныштығымыздың сенімді күзетілуіне үлесін қосып жүрген кейіпкерінің еңбегі де парықты һәм абыройлы. Армандарыңа жете бер, алғадай азамат!

Арман ӘУБӘКІРОВ, Алматы қаласы

Сондай-ақ, оқыңыз

Ел аманатын арқалаған азамат

Еліміздің нығайып, дамуы жолында қылмысқа қарсы күрестің қарқынды жүргізілуі – мемлекетіміздегі тұрақтылықты сақтаудың бірден-бір жолы …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған